Accessibility links

"Жамағатшылар" сотының шешімі асығыс шықты


"Таблиғи жамағат" ұйымы "мүшелерінің" қылмыстық ісі қаралған Қарағандының Октябрь аудандық соты. Қарағанды қаласы.

Қазақстанда тыйым салынған "Таблиғи жамағат" ұйымы жұмысына қатысты деп айыпталған Қарағанды облысының үш тұрғыны да үш жылға сотталды. Сотталушылар мен туыстары тағылған айыппен келіспейді.

"Таблиғи жамағат" ұйымы "мүшелерінің" қылмыстық ісі Қарағандының Октябрь аудандық сотында қаралды. Айыпталғандар қамауға алынғаннан кейін бес ай ішінде бірнеше отырыс өтіп, сот тез аяқталды. Үкім сәуірдің 6-сы күні кешқұрым шықты. Тараптар жарыссөзі де сол күні өтті.

ЖАРЫССӨЗДЕГІ ІЛІ-ШАЛА ҮКІМ

Сот 39 жастағы Қазбек Л, 37 жастағы Марат К. және 36 жастағы Тасқали Н. үшеуін "Қоғамдық немесе дiни бiрлестiктiң не ұйымның экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты олардың қызметiне соттың тыйым салуы немесе таратуы туралы шешiмiне қарамастан қызметiн ұйымдастыру" бабы бойынша айыпты деп тапты. Прокурордың сөзінше, "Таблиғи жамағат" ұйымының идеологиясы "уахабизммен үндес".

Судьяның "Тағылған айыптарды мойындайсыздар ма?" деген сұрағына сотталушылар ішінара, яғни "пәтерде жиналып, намаз, кітап оқыған және талқылап, шай ішкен деген айыпты ғана мойындайтындарын" мәлімдеді.

Тергеу мен айыптаушылардың болжамынша, сотталушы Қазбек, Марат және Тасқали үшеуі танысқан кезде "Таблиғи жамағат" ұйымының қызметіне Қазақстанда әлі тыйым салынбаған. Бірақ 2013 жылы Қазақстан соты ұйымды "экстремистік қозғалыс" деп танып, қызметіне тыйым салғанына қарамастан, үшеуі "оған мүше болып қалған, идеологиясынан бас тартпаған әрі ұйым қатарына жаңа адамдарды тартуды жалғастыра берген".

Прокурор соттан "жамағатшылардың" әрқайсысын үш жарым жылға соттауды сұрады. Судья әрқайсысына үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Негізі, Қылмыстық кодекстің бұл бабы бойынша алты мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу я бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сотталушылардың үшеуі де үйлі-баранды азаматтар, әрқайсысының екі-үштен кішкентай баласы бар. Туыстары Азаттық тілшісінен тым болмаса үкім күшіне енгенге дейін мақалада сотталғандардың аты-жөнін толық көрсетпеуді сұрады. Олар "үкімге қатысты апелляциялық шағым түсіреміз бе, жоқ па әлі білмейміз" дейді.

Оқи отырыңыз: "Жамағатшылар" сотында куәгерлер сөзі хаттамаға қайшы шықты

Сотталғандардың жақындары "мықты адвокат жалдауға ақшамыз жоқ" деп қынжылып, айыпталушыларға жаза мерзіміне үстеме қосып бере ме деп қауіптенеді.

Биліктің елді қауіп-қатерден қорғау ниетін қолдаймын, бірақ баламды қылмыскер деп санамаймын. Оның қылмыскер екенін дәлелдейтін айғақ жоқ.

- Әлдебір деректер болмаса, ешқандай дәлел жоқ. Олар құр жиналып, намаз оқыған, бірақ ешкімді ешқандай әрекетке шақырған жоқ. Әйтеуір, өз балам бұл ұйымның идеологиясын қолдамайды. Мемлекет ауқымында алғанда бұл кәдімгі істердің бірі шығар. Ал біз сияқты қарапайым азаматтар үшін ауыр тиетін іс. Биліктің елді қауіп-қатерден қорғау ниетін қолдаймын, бірақ баламды қылмыскер деп санамаймын. Оның қылмыскер екенін дәлелдейтін айғақ жоқ. Ал апелляция жайын әзірше ойланамыз, - дейді сотталушы Қазыбек Л-ның әкесі Азаттық тілшісіне

ТЕРГЕУДЕ БЕРГЕН ТҮСІНІКТЕРІНЕН БАС ТАРТТЫ

Сотта ертеректе үшеуіне ескерту қағазы берілгені айтылды. Судья мен прокурор сотталушылардан "Арнайы қызметтің ескертуін ала тұра, мұның ықтимал салдары жайлы неге ойлап, пәтерде жиналуды неге тоқтатпадыңдар? " деп сұрады. Сотталушылар өз істерін "тыйым салынған әрекеттер" деп санамағандарын айтты.

Сот кезінде сотталушы Қазыбек "жамағат" идеологиясынан хабары болмағанын, бірақ кейінірек қылмыстық іс материалдарынан аңғарғанын айтты. Тыйым салынған ұйым екенін мешітте ілулі тұрған Қазақстанда ұйымдардың тізімінен білген. Бірақ өзін "Таблиғи жамағат" мүшесі деп санамайды, ұйым жұмысына ешқашан қатысы жоғын мәлімдейді. Ол "достарымен жиналып, кітап оқып, Алланың ұлылығы туралы әңгімелескенін" ғана мойындайды. Сотта ол "конституциялық құрылымды құлатып, халифат құру" идеясын уағыздамағанын әрі қолдамағанын айтты.

Екінші сотталушы Тасқали Н. ұсталған сәтте және тергеу кезінде "тышқанға құрылған қақпанға түскендей сезінген". Оның сөзінше, тергеу кезінде "Таблиғи жамағат" мүшесімін деп шарасыздан айтуға тура келген. Сот кезінде мұны терістеуге тырысып, бұл "ұйымның мүшесі де, басшысы да емеспін" деді. Кінәсін "жиналып, қатыстық" деп ішінара ғана мойындады.

Өзін "мешітке барып жүрген қарапайым мұсылманмын" деп атаған үшінші сотталушы Марат К. жауабын білгісі келетін жаңа сұрақтар көбейген соң кітаптарды зейін салып оқи бастағанын айтты. Сотта ол өзін "Таблиғи жамағат" ұйымының мүшесі деп санамайтынын, Құран мен хадистер оқуды қылмыс көрмейтінін айтты.

Сотталушылардың сөзінше, олар "Таблиғи жамағат" деген ұйым жайлы естіген, бірақ оның немен айналысатынын анықтап білуге тырыспаған. Бұл ұйымның сипаты жайлы "тек тергеу кезінде білген".


Үшеуі де өздерін "Таблиғи жамағат" мүшелері деп санамайды. Бірақ судья сотталушылардың тергеу кезінде айтқан тыйым салынған ұйымның мүшесі екенін, оның жұмысына қатысып, жалға алған пәтерде жиналып, кездесу ұйымдастырғандарын мойындаған түсініктерін бірнеше мәрте оқып берді. Сотталушылар бұл қайшылықты "Таблиғи жамағат" ұйымына қатысымыз жоқтығына тергеушілерді иландыра алмадық. Сондықтан бұл айыптарды сот барысында жоққа шығаруға тырыстық" деп түсіндірді.

Жергілікті баспасөз бұл процеске онша көңіл аударған жоқ. Кейінгі кезде Қарағанды аймағында мұндай сипаттағы соттар жиіледі. Сотталғандардың туыстары да "Қазақстанда билік терроризм мен экстремизмнің белгілері бар деп тауып, қызметіне тыйым салған ұйымдарға байланысты қозғалған істер туралы қазір жиі еститін болдық" дейді.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

XS
SM
MD
LG