Accessibility links

"Орамал таққан" төрт оқушы келесі сыныпқа көшпеді


Оқушы қыздарын ата-аналары сабаққа апара жатыр. Көрнекі сурет.

Ақтөбе облысында біркелкі мектеп киім үлгісі туралы ережемен келіспеген бірнеше ата-ананың баласы келесі сыныпқа көшпей қалды. Осындай 25 оқушының ата-анасына айыппұл салынды.

Шалқар қаласындағы №5 мектеп-лицейдің 7-сыныбының оқушысы Жансая – "мектеп формасын сақтамағандықтан" келесі сыныпқа көшпеген төрт оқушының бірі. Әкесі Сәндібек Индебаевтың айтуынша, Жансаяның оқу үлгерімі жақсы, үйірмелерге де белсене қатысады.

Баламды "орамал тартасың" деп екінші тоқсаннан бастап мектепке кіргізген жоқ. Төртінші тоқсанның соңында мектеп басшылары "басқа мектепке ауыстырыңыз, ақылы мектепте оқытыңыз" деп ақыл айтып кетті. Менің оған шамам жоқ. Орамал мәселесіне қатысты жыл бойы мектепте, білім бөлімі мен әкімдікте мың мәрте жиналыс болды. Әбден қиналып кеттік. Қара басымызды шақырып алып, 10-15 адам жан-жақтан жабылады. Оңашада дөрекі сөйлеседі. Қорқа-қорқа батыр болдық, -дейді ол.

12 МЫҢ ТЕҢГЕ АЙЫППҰЛ

Сәндібек Индебаев – бес баланың әкесі. Жансая – үйдің үлкені. 4-сыныпта оқитын екінші қызы Айша да жақында орамал тарта бастаған.

4-сыныпта оқитын екінші қызым Айша жуырда 9 жасқа толып, орамал тарта бастады. Жаңа оқу жылында ол да проблема болатын шығар...

- Балам білімсіздігінен, надандығынан келесі сыныпқа көшпей қалса, ешкімге де ренжімес едім. Орамал тартқаны үшін ғана келесі сыныпқа көшпей отыр. Біздер (дін ұстанушылар тобы – ред.) қыз бала 9 жасқа толса, басына орамал тарттырамыз ғой. 4-сыныпта оқитын екінші қызым Айша жуырда 9 жасқа толып, орамал тарта бастады. Жаңа оқу жылында ол да проблема болатын шығар... Олай болмайды ғой. Өз елімде жүріп, өз дінімді ұстай алмасам, не болғаны? Бұл мәселе оң шешімін табады деп әлі де үміттенемін, - дейді Шалқар қаласында тұратын Сәндібек Индебаев.

Сәндібек Индебаев вахталық әдіспен слесарь болып жұмыс істейді. Айлық жалақысы – 80 мың теңге. Оның айтуынша, былтыр мектепке кіре алмаған Жансая Ақтөбедегі ИСМА білім орталығында оқыған.

- Қызымның ас-суы мен оқу ақысына, өзге де шығындарына жалақымның жартысын жұмсап отырдым. Биыл оған шамам жоқ, - дейді әкесі.

Сәндібек Индебаев соңғы үш тоқсан бойы мектепке бармаса да, қызы Жансаяның оқу бағдарламасын толық меңгергеніне сенімді. Бірақ облыстық білім басқармасы ИСМА оқу орталығының сертификаты біліктілік талаптарына сәйкес келмейтінін, оқушыны келесі сыныпқа көшіруге жарамсыз екенін айтқан. Қазақстан заңдарына сай, оқу орталығы мектеп санатына жатпайды, ал білім беру орындары лицензия алуы тиіс.

Ақтөбе облысында "мектеп формасын сақтамағандықтан" келесі сыныпқа көшірілмеген оқушының бірі Жансаямен Шалқар қаласындағы №5 мектеп-лицейде оқиды. Тағы бір оқушы Ақтөбе қаласындағы №14-те білім алады. Енді біреуі - №40 мектептің оқушысы.

Ақтөбе облыстық білім саласындағы бақылау департаменті Азаттыққа төрт оқушының ата-анасына әкімшілік шара қолданып, бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салғанын хабарлады. Облыстық білім басқармасы заң бұзушылық бір жыл аралығында тағы да қайталанса, ата-аналардың ісі сотқа жолданатынын ескертеді.

Шалқар аудандық білім бөлімінің басшысы Абзал Базарбайұлының айтуынша, балалары "мектеп формасын сақтамайтын" ата-аналармен түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр. Ол осы қызметке тағайындалған төрт ай ішінде Шалқарда "орамал дауына" қатысты екі жиын өткен. Білім бөлімінің басшысы "бұл жиындарда ата-аналарға дөрекілік көрсетілген жоқ" деп мәлімдеді.

Оқи отырыңыз: Хиджабқа тыйым: кемсіту ме, әлде мәжбүрлі шара ма?

Ал Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменованың сөзінше, 2017-2018 оқу жылының басында облыстағы орта білім беретін мекемелерге 340 оқушы қыз орамал тартып келген. Сүлейменова 340-тан орамалды төрт оқушының қалуын білім басқармасы "үлкен жұмыстың нәтижесі" деп санайды.

- Мектеп формасын сақтамаған оқушыларға мамырдың 25-іне дейін уақыт бердік. Оқу жылының соңында 12 оқушы қалған еді. Ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мектепке келмеген балалар үшін қосымша сабақтар өткіздік. Қосымша сабақтар маусымның 20-сына дейін өтті. Ал төрт оқушының ата-анасы мүлдем көнбей қойды. Бұл жайттан білім министрлігі де хабардар, - дейді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменова.

Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменова.
Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменова.

Ақтөбе облыстық білім басқармасының мәліметінше, өткен оқу жылында баласы мектеп формасын сақтамаған 25 ата-анаға Әкімшілік кодекстің 409-бабы 2-тармағына ("Қазақстанның білім беру, дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамасын бұзу") сәйкес бес айлық есептік көрсеткіш (шамамен - 12 мың теңге) көлемінде айыппұл салынған. Оның ішінде баласы келесі сыныпқа көшпей қалған төрт ата-ана да бар. Оның біреуі айыппұлды толық өтеген. Ал сот шешімін орындамаған шалқарлықтарға айыппұлды мәжбүрлі түрде төлету туралы қаулы қабылданған.

- Егер бір жыл ішінде ата-аналар тарапынан осы құқық бұзушылық тағы да қайталанатын болса, білім саласындағы бақылау департаменті ол ата-анаға қатысты материалдарды жинақтап, ісін сотқа береді. Одан кейін не істейтінін соттың өзі шешеді, - дейді Гүлназ Сүлейменова.

"КЕЛЕСІ СЫНЫПҚА КӨШІРМЕУ – КОНСТИТУЦИЯҒА ҚАЙШЫ"

Сотта орамал тағатын оқушылардың құқығын қорғап жүрген адвокат Ағысбек Төлегенов "ата-аналарға айыппұл салу, қыздарды келесі сыныпқа көшірмеу - конституцияға қайшы" деп санайды.

- Облыс мектептерінде орамал тарататын оқушылар саны азайған да болар. Мен ол жағын нақты білмеймін. "Орамал дауын" оңтайлы шешкендер мақталатын, қызметі жоғарылайтын да болар. Бірақ олар сол марапатқа адам құқығына бұзу арқылы қол жеткізгендерін білгені жөн. Қаншама отбасы облыстан үдере көшіп, Шымкентке, Алматыға кетті. Ата-ана баласы үшін тұрғылықты жерінен қоныс аударуға мәжбүр болды. Балалар үйренген ортасынан қол үзді. Осының бәрі заңгер ретінде қарным ашады. Бірақ біз қол қусырып отырмаймыз. Апелляциялық алқа мектептердің ұстанымын қолдаған қалалық соттың шешімін өзгеріссіз қалдырған еді. Енді қандағаштық төрт, шалқарлық төрт ата-ана Жоғарғы сотқа шағымданбақ, - деді адвокат.

Адвокат Ағысбек Төлегенов "орамал дауына" қатысты сот отырыстарында. Ақтөбе, 22 мамыр 2018 жыл.
Адвокат Ағысбек Төлегенов "орамал дауына" қатысты сот отырыстарында. Ақтөбе, 22 мамыр 2018 жыл.

Ақтөбе облыстық дін істері департаментінің басшысы Жолдас Қалмағамбетовтың пайымдауынша, балалардың болашағы үшін мектеп пен ата-ана келісімге келуі тиіс.

Қазір жағдай тұрақталып келеді. Сонда да түсіндіру жұмыстары тоқтаған жоқ. Облыста о бастағы 340 баладан төрт бала қалды.

- Мектеп формасын сақтамаған оқушыға білім берілген жоқ. Осыдан кейін орамал тартатын бала саны азайып, балалар қайтадан мектепке келе бастады. Орамал мәселесі сенімнен туып отыр. Көбінесе ата-ананың діни сенімінен туындап отырған мәселе. Қазір жағдай тұрақталып келеді. Сонда да түсіндіру жұмыстары тоқтаған жоқ. Облыста о бастағы 340 баладан төрт бала қалды. Бірақ өз басым мұны керемет жеңіс деп санамаймын. Бұл –тараптардың бала қамын ойлағандығының көрінісі. Ата-ана мен мектеп бірін-бірі түсініп, бала, ең алдымен, білім алуы тиіс деп шешті, - дейді ол.

Соңғы жылдары Қазақстан билігі діни радикализмнің тарауынан сақтану шаралары ретінде "дәстүрлі діни құндылықтарды" белсенді түрде насихаттай бастады. Кейбір билік өкілдері оқушы қыздардың хиджаб тағуын "жат діни ағымдардың әсері" деп қауіптенеді.

Оқи отырыңыз: Орамал таққан қыздар "жақсы оқиды", бірақ оларды мектепке кіргізбейді

Оқушылардың "дәстүрлі емес түрдегі" әрі Білім және ғылым министрлігі бекіткен бірыңғай мектеп киім үлгісі туралы ережесімен сәйкеспейтін киім кигені үшін ата-аналарына айыппұл салған оқиға басқа аймақтарда да болған.

Тамыздың 6-сы күні Шымкентте мектепке діни киіммен барған 22 оқушының ата-анасына айыппұл салынды. Шымкент қалалық білім басқармасының бас маманы Жанар Алтаеваның сөзінше, 2017-2018 оқу жылында 148 оқушы мектепке діни киіммен келген.

Түркістан облысы білім саласындағы бақылау департаменті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабына ("Қазақстан Республикасының білім беру, дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамасын бұзу") сай 22 ата-анаға айыппұл салып, жеті ата-анаға ескерту берген. Алтаеваның сөзінше, осы 29 баланың төртеуінің ата-анасы баласының орамалын шешуге келіскен.

Шымкент қалалық білім басқармасының дерегінше, қазір 148 оқушының ішінде 89 оқушының ата-анасы балаларының орамалын шешуге әлі қарсы болып отыр.

Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы қаңтарда шығарған бірыңғай мектеп формасы ережесі туралы №26 бұйрығы өткен жылы күзде Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы кей мектеп әкімшіліктері мен ата-аналар арасындағы «орамал дауына» себепші болған. Аталған аймақтарда мектеп әкімшілігі сабаққа кіргізбей қойған ондаған оқушының ата-анасы сотқа арыз берген. Тұрғындар шағымын қараған соттар Білім және ғылым министрлігі мен мектептің ұстанымын қолдаған.

  • 16x9 Image

    Жаңагүл ЖҮРСІН

    Жаңагүл Жүрсін - Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевидениесінен бастап, әр жылдары осы өңірдегі түрлі БАҚ-та тілші, редактор, бас редактор қызметін атқарған. Азаттықпен 2011 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG