Accessibility links

Терроризм айыбымен сотталып шыққандарға "кедергі көп"


Терроризм бойынша сегіз жыл жазасын өтеп шыққан Жасұлан Сүлейменов. Астана, 20 қыркүйек 2018 жыл.

Экстремизм және терроризм айыбымен жазасын өтеп шыққандар банктен есепшот ашарда, жұмысқа орналасарда қиындыққа тап болатындарын айтады.

"Терроризмді насихаттады" деп айыпталып, төрт жылға сотталған ақтаулық 31 жастағы Сюзанна Асадованың жазасын өтеу мерзімі биыл қазанда аяқталған. Асадова 2014 жылы "WhatsАpp арқылы терроризмді насихаттап, Сирияға кетуге үгіттеді" деп түрмеге қамалған. Ол сотта айыбын мойындамаған еді. Түрмедегі жақсы тәртібі мен отбасында кәмелетке толмаған балалары бары ескеріліп, мамырда мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шыққан.

ЕСЕПШОТ АШУ МАШАҚАТЫ

Асадова жазасын өтеп шыққан сотталушыларға бір рет берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін банктен есепшот ашпақ болған. Бірақ банктер Асадоваға есепшот ашудан бас тартыпты. Асадованың мектеп жасындағы екі қызы бар, қазір үшінші балаға жүкті.

​- Бостандыққа шыққан соң берілетін бір мәрте көмекті алу үшін банктен арнайы есепшот ашқым келген. Бұл арнайы шоттан тек ақшаны ала аласың, басқа жаққа ақша аудара алмайсың. "Конституциялық құқығым ғой" десем де, [есепшот] ашпай отыр. Көлігімнің салығын да төлей алмай жүрмін. 42 мың теңге жиналып қалды. Салықты төлемегенім үшін де есепшот ашпайды. Енді жүктілік үшін берілетін ақшаны да қалай аларымды білмеймін. Бізді (сотталып шыққандарды-ред.) қоғамға бейімдеудің орнына қолымызды байлап отыр, - дейді ол.

Банкте кезекте тұрған жұрт.
Банкте кезекте тұрған жұрт.

​Сюзанна Асадова Бас прокуратура мен Қаржы министрлігіне шағымданған. Бас прокуратура шағымды Маңғыстау облыстық прокуратурасына бұрған. Ал облыстық прокуратура Ұлттық банктің Маңғыстау облыстық филиалына жіберген. Ұлттық банк филиалы Асадованың Қаржы министрлігінің сайтындағы "терроризм және экстремизмді қаржыландыруға байланысты тұлғалар мен ұйымдар" тізімінде тұрғанын айтып, есепшот ашудан бас тартқан.

Ұлттық банктің Маңғыстау облыстық филиалының қаржылық қызметтерді пайдаланушылардың құқығын қорғау бөлімінің қызметкері Нұрбек Машанов барлық жауапты Сюзанна Асадоваға жазбаша бергендерін айтты.

Ұлттық банктің Маңғыстау облыстық филиалының Сюзанна Асадоваға берген жазбаша жауабы
Ұлттық банктің Маңғыстау облыстық филиалының Сюзанна Асадоваға берген жазбаша жауабы

Ұлттық банктің Маңғыстау облыстық филиалы жазбаша жауабында "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" заңның 13-бабына сүйенетіні жазылған. Бұл бапқа сай, "терроризм және экстремизммен байланысты ресми органның интернет ресурсына енгізілген ұйымдар мен жеке тұлғаларға сол сәттен бастап банк операциялары тоқтатылады".

Түрмеден кейін түрлі шектеулерге кезігетін Сюзанна сияқты азаматтар көп. "Терроризм" бабымен сотталған 41 жастағы Жасұлан Сүлейменов 1-топтағы мүгедек болғандықтан әлеуметтік көмекті қолына әкеліп береді. Бірақ ол "қара тізімге енгендіктен" үй кезегіне тұра алмай жүр.

Жасұлан Сүлейменов 2009 жылы туысқан інісі Қуат Жоболаевпен бірге "терроризмді насихаттады, террористік топ құрды" деген айыппен 8 жылға сотталған. Олар бір жарым жыл бұрын қамаудан шыққан.

Түрмеден босап шыққан Жасұлан Сүлейменов. Астана, 9 ақпан 2017 жыл
Түрмеден босап шыққан Жасұлан Сүлейменов. Астана, 9 ақпан 2017 жыл

- Бостандыққа шығар алдындағы сот қаулысында маған үш жылға дейін әкімшілік бақылау болатыны ғана айтылған. Жүре алмайтындықтан апта сайын учаскелік полиция келіп тексеріп кетеді. Бірақ қара тізім туралы бостандыққа шыққан соң мүгедектік жәрдемақыны алған кезде білдім. Көп нәрсеге құқығым жоқ. Ол туралы сот қаулысында ештеңе жазылмаған, -дейді ол.

Жасұлан Сүлейменов банктегі есепшот мәселесіне байланысты інісі Қуат Жолболаевтың да тұрақты жұмысқа тұра алмай жүргенін айтады.

- Барлық жерде еңбекақы банк картасына аударылады. Бізде ондай (есепшот ашу – ред.) мүмкіндігі жоқ. Сондықтан [інім] әр жерде бір жалданып, табыс табуға тырысып жүр. Кейбірі сотталмаған туралы анықтама сұрайды, - дейді Сүлейменов.

"ТІЗІМНЕН ШЫҒАРУ ТУРАЛЫ АРЫЗ ЖАЗСЫН"

Қаржы министрлігінің қаржы мониторингі комитетінің қызметкері Заңғар Шыңдалиев "сотталушылардың жазасын өтеу мерзімі толық аяқталса, тізімнен шығару туралы арыз жазып, тиісті құжаттарды өткізуі керек. Біз [есепшот ашуға] көмектесе алмаймыз" деді Азаттыққа.

Ал Еңбек, әлеуметтік даму және көші-қон комитетінің Маңғыстау облысындағы департаментінің басшысы Арман Елдесов жазасын өтеп шыққандардың мәселесіне қатысты министрлікке қайырылатынын айтты.

- Бұл – сирек кездесетін мәселе. Сюзанна Асадова бізге құжаттарын алып келсін. Құжаттармен танысып, заңгерлермен ақылдаса отырып министрлікке хат жазамын,- деді ол.

"Алауыздық қоздыру" бабымен жеті жылға сотталып шығып, түрлі кедергілерге тап болған Қазақстанда экстремистік деп танылған "Алға" партиясының лидері Владимир Козлов әзірше нотариустардың базасындағы шектеуді сотсыз алып тастауға ғана қол жеткізгенін айтады.

"ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТАНДАРТТАР САҚТАЛМАҒАН"

"Қадір-қасиет" құқық қорғау ұйымының жетекшісі Анар Ибраеваның айтуынша, Қазақстанда қабылданған заңдар мен тыйымдар адам құқығына қатысты халықаралық стандарттарды ескеруі керек. Ол жазасын өтеп шыққандарға қатысты Қазақстан заңдары мен шарттары қайта қаралуы тиіс деп санайды.

Анар Ибраева
Анар Ибраева

- Мұндай шектеулер адамдарды басқа құқықтарынан айырмауы керек. Терроризм немесе экстремизм бабымен сотталушылардың үкімі әр түрлі болады. Бірақ мемлекет олардың әлеуметтік, экономикалық, мәдени құқықтарын шектемеуі тиіс. Азаматтарға жағдай жасау – мемлекеттің міндеті, - дейді Анар Ибраева.

Құқық қорғаушының пайымдауынша, "қара тізім айыпталған адамды ғана емес, оның отбасын да, баласын да жазалайды әрі оларды тиісті жәрдемақыдан айырады".

Бұған дейін "Араздықты қоздыру" бабымен сотталып шыққандар тізімнің заңсыздығын сотта дәлелдеуге тырысқан. Қазақстандағы адам құқығын қорғау жөніндегі бюро "араздық қоздыру" бабымен түрмеде отырып шыққан Владимир Козлов, Абылайхан Шалымбаев, Тұрарбек Құсайынов пен Серік Борамбаевтың банк, сақтандыру қызметтерге қол жеткізе алмағандары туралы арыздарын жинап, тізімді жасаған Қаржы министрлігін, Сыртқы істер министрлігін, Бас прокуратура мен Әділет министрлігін, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігін сотқа берген. Олардың адвокаты Инара Масанованың Азаттыққа айтуынша, барлық сот инстанциясы арызды қараудан бас тартқан.

Қаржы министрлігінің сайтындағы "терроризм және экстремизмді қаржыландыруға байланысты тұлғалар мен ұйымдар" тізімінде 1500-ге жуық адам бар. Олардың 200-ден астамы тізімге биыл енген.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG