Accessibility links

Апелляциялық сот Венсан Прадоға қатысты шешімді өзгертті


Венсан Прадо Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты алдында тұр. Маңғыстау облысы, 27 қыркүйек 2018 жыл.
Венсан Прадо Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты алдында тұр. Маңғыстау облысы, 27 қыркүйек 2018 жыл.

Маңғыстау облыстық азаматтық істер жөніндегі сот алқасы "Қазақстан аумағында рұқсатсыз жұмыс істеді" деп жауапқа тартылған франциялық режиссер Венсан Прадоға шыққан сот шешімінің күшін жойды. Ол Маңғыстау аумағында Жаңаөзен оқиғасы туралы фильм түсірмек болған еді.

Маңғыстау облыстық азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Айжан Молбаева франциялық режиссер Венсан Прадоның шағымын қазанның 25-і күні қараған. Молбаева әкімшілік құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан істі тоқтату туралы қаулы шығарған. Бұл туралы Азаттыққа Прадоның өзі хабарлады.

- Біріншіден, жоспарланған фильм аяқталмай қалды. Фильм түсіруді тоқтатып, Францияға ертерек қайтуға мәжбүр болдым. Осының салдарынан продюсер көп шығынға ұшырады. Себебі фильмнің бір бөлігі түсірілмей қалды. Екіншіден, Қазақстан сыртқы істер министрлігі мен Ақтау полициясы ресми түрде менен кешірім сұрауын талап етемін. Сыртқы істер министрлігінен қайта аккредитация алғым келеді. Үшіншіден, Ақтау сотынан 61 мың теңгемді қайтарып беруін сұраймын. Ол қаржыны Қазақстанда журналистерге көмектесіп жүрген үкіметтік емес ұйымдардың біріне беремін, - деді Прадо Азаттыққа.

Қыркүйектің 27-інде Ақтау қалалық әкімшілік соты Прадоны "Қазақстанның көші-қон заңын бұзып, ел аумағында рұқсатсыз жұмыс істеді" деп айыптап, 61 мың теңге (шамамен 165 АҚШ доллары) айыппұл салған.

Сот шешімімен келіспеген Ligne de Front студиясының режиссері Венсан Прадо қазанның басында апелляциялық шағым түсіргенін айтады.

Апелляциялық соттың қаулысына сай, Қазақстан сыртқы істер министрлігі Прадоға деректі фильм түсіру үшін маусымның 27-сі мен қыркүйектің 27-сі аралығында уақытша рұқсат берген.

"Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистерді аккредитациялау туралы сыртқы істер министрлігінің 18 мамырда шығарған № 11-1/2/192 бұйрығына сәйкес Франция азаматы Венсан Прадо Қазақстанның бүкіл территориясында жұмыс істеуге құқылы болған. Бұл жағдайда соттың бірінші инстанциясының Венсан Прадо Қазақстанның көші- қон заңын бұзды деген қорытындысы – негізсіз" деп жазылған сот қаулысында.

Апелляциялық шағымды қараған судья Молбаеваның хатшысы Прадоның шағымы тіркелгенін хабарлаған. Бірақ сот қаулысында апелляциялық шағымды Ақтау қалалық прокуратурасы түсіргені көрсетілген. Отырысқа келген прокурор Едіге Дүйсенбаев іске тек прокурор ретінде қатысып отырғанын, апелляциялық шағымды Ақтау қалалық прокуратурасы түсіргендіктен, ештеңе айта алмайтынын мәлімдеді.

Қыркүйектің 27-і күні Ligne de Front студиясының режиссері және журналист Венсан Прадо Ақтауда Жаңаөзен оқиғасына қатысты фильм түсіріп жүргенде ұсталған. Сол күні режиссерге қатысты әкімшілік сот өтіп, судья Гүлмира Сүйеуова оған 60 мың теңге көлемінде айыппұл салған. Прадо айыппұлын қыркүйектің 28-і күні төлеген.

Қыркүйектің 29-ы күні Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Азаттыққа "Прадо алған уақытша аккредитация Қазақстанның барлық аймағында түсірілім жасауға мүмкіндік береді" деп мәлімдеген.

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық журналистер құқығын қорғау ұйымы Прадоға қатысты шаққан сот шешіміне алаңдаушылық білдірген.

Француз режиссері Венсан Прадоның ұсталуы
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:34 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG