Accessibility links

"Атажұрт еріктілері" Тоқаевтан Біләшті босатуды талап етті


"Атажұрт еріктілерінің" мүшелері президент әкімшілігі ғимаратының алдында тұр. Нұр-Сұлтан, 12 шілде 2019 жыл.
"Атажұрт еріктілерінің" мүшелері президент әкімшілігі ғимаратының алдында тұр. Нұр-Сұлтан, 12 шілде 2019 жыл.

12 шілдеде Нұр-Сұлтанда "Атажұрт еріктілері" қоғамдық ұйымының мүшелері бірнеше айдан бері үйқамақта отырған Серікжан Біләшті (төлқұжатында – Бияш) босатуды талап етіп, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдады.

Таңертең оннан бастап президент әкімшілігі кеңсесінің алдына жиналғандарға полицейлер бірнеше мәрте келіп, құжат көрсетулерін талап етті.

"Атажұрт еріктілері" белсендісінің бірі Мелетхан Айтқалиұлының айтуынша, мұндай арыздарды олар былтырдан бері бірнеше мәрте Жоғарғы сотқа, Ішкі істер министрлігіне, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жолдағанымен ешқандай жауап алмаған.

- Серікжан Біләш қамауға алынғалы бері Қытайдағы қаншама отбасы қорғаусыз отыр. Серікжанда еш жазық жоқ. Тағылған айыптар негізсіз. Серікжанға бостандық беруді талап етеміз. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның осы хатымызға тездеп жауап беріп, Серікжан Біләшті 10 тамызға дейін бостандыққа шығаруын сұраймыз, - деді хатты тапсыруға келгендердің Мелетхан Айтқалиұлы.

12 шілдеде Алматыда да бір топ белсенді Қазақстан билігінен Серікжан Біләшті қамаудан босатуды талап еткен.

Серікжан Біләшті 2019 жылы 10 наурыз түнде Алматыдағы қонақ үйлердің бірінде жатқан жерінен полиция өкілдері ұстап, Нұр-Сұлтанға алып кеткен. Дәл сол күні "Атажұрт еріктілері" ұйымының Алматыдағы кеңсесін полиция тінтіп, жауып тастап, 2 сәуірде қайта ашылды. Кейін Біләштің үстінен бір адамның "Ұлт араздықты қоздырды" деп арыз жазғанын, сол арыздың негізінде ұсталғаны айтылды. 11 наурыз күні сот Біләшті екі айға үйқамаққа алу туралы шешім шығарды. Кейін оның мерзімі 10 маусымға дейін ұзартылды. Ал 7 маусымда сот Біләштің үйқамақтағы уақытын 10 шілдеге, кейін тағы да 10 тамызға дейін созды.

Оқи отырыңыз: "Астана Шыңжаң мәселесін көтерген белсендіге қарсы шықты"

"Атажұрт еріктілері" ұйымы 2017 жылдың көктемінен бастап белсенді жұмыс істей бастады. Қытай билігінің аз ұлттарға көрсетіп жатқан қысымына қарсы шығып, Алматыда түрлі жиындар мен баспасөз мәслихатын өткізді. Туған-туыстары мен жақындары Шыңжаңда қамауда отырғандардан сұхбат алып, видеоларды Youtube және Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларында үздіксіз жариялап келген.

Этникалық қазақ Серікжан Біләш осы "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі. Ол бұрын Шыңжаңда тұрған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Шыңжаң қазақтарының мәселесімен айналысатын Біләшқа Нұр-Сұлтан қысым көрсетіп отыр деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG