Accessibility links

Астана күні қарсаңында ұсталған екі азамат қамаудан босап шықты


Арнайы жасақ өкілдерінің наразылық шарасында адамдарды ұстап жатқан сәті. Нұр-Сұлтан, 6 шілде 2019 жыл.
Арнайы жасақ өкілдерінің наразылық шарасында адамдарды ұстап жатқан сәті. Нұр-Сұлтан, 6 шілде 2019 жыл.

Шілденің 13-і күні кешкі сағат 20.00 шамасында Нұр-Сұлтандағы уақытша қамау изоляторынан астаналық белсенді Ербол Есхожин және Иван Горохов бостандыққа шықты. Азаттыққа берген сұхбатында Есхожин өзін полицияның 3 шілде күні ұстап, аудандық бөлімшеге апарғанын, 9 маусым күнгі митингі үшін хаттама толтырып, сотқа жеткізгенін айтты.

- Сот кешкі 21.40-та аяқталды. Он тәулік берді. Арасына 24 күн салып, әкімшілік іс қозғап отыр ғой. Меніңше, 6 шілде күні неғұрлым аз адам шықсын деп белсенділердің санын азайту мақсатында жасалған амал-әрекет сияқты, - деді ол. Оның ісін судья Бектұрғанова қараған.

Ербол Есхожиннің айтуынша, астана күні қарсаңында ұсталған Әсел Онланбекқызы да көрші камерада отырған, ол полицияның өзін қалай ұстағанын айтып берген.

- Ол 2 шілде күні тікелей эфирге шығып "11-қабатта тұрмын, полиция есігімді қағып тұр, сындырып кіргісі келеді, кірсе өз-өзіме қол жұмсаймын" деп айтқан. Есігін сындыра алмаған, оны автовышкамен балконнан түсіріп алыпты. Соты түнгі екіге дейін болған. Сол түні камераға әкелген. Мен бірінші ұсталған адам шығармын деп ойлағам, сүйтсем менен де ерте ұсталғандар бар болып шықты. Оны 3 шілдеде түнгі сағат үштерде изоляторға әкелген, - деді Ербол Есхожин Азаттық тілшісіне.

Ол кейінірек алматылық белсенді Санавар Закированың да изоляторға қамалғанын, келе салысымен аштық жариялағанын айтты. Есхожин кетер кезінде Закированың денсаулығына байланысты шағымданғанын, жедел жәрдем көлігі шақырылғанын да айтты.

Есхожиннің айтуынша, "полиция қызметкеріне бағынбады" деп айыпталып, бес тәулікке қамалған Алексей Какардин есімді азамат "қарсылық ретінде қасық жұтып қойған. Ол сот шешімінің күшін жоюды талап етіп, өзіне операция жасатудан да бас тартқан".

- Ол да көрші камерада отырды. Егер қателеспесем, 10-ы күні түскен. Айтуынша, әйелімен жұмыстан қайтып бара жатқан кезде алдынан азаматтық киім киген үш полиция қызметкері шығып "бізбен бірге жүріңіз" деген. Ол келіспей, сол жерде "шағын кикілжің" болып қалған. "Полиция қызметкеріне бағынбады" деп бірден іс қозғап, бес тәулікке қамаған. Ол сот шешіміне наразылық ретінде қасым жұтып қойды, - дейді ол.

Азаттық тілшісі 14 шілдеде түстен кейін Нұр-Сұлтандағы қамау изоляторына хабарласып көрді. Өзін Александр деп таныстырған кезекші бөлімде отырған қызметкер Алексей Какардин есімді азаматтың изоляторда отырғанын растады.

"Оның қарсылық ретінде қасық жұтып қойғаны рас па?" деген сұраққа ол "Ол өтірік айтқан. Кешенің арғы күні рентгенге түсірілді. Қасық жұтпағаны анықталды. Ол осылайша осы жерден құтылып кетпекші болған" дейді қызметкер.

5 шілдеде Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы полиция департаменті астана күні "митингіге шақырған" оннан астам адамға қатысты "шара қолданғанын" хабарлаған еді.

6 шілде – елде Астана күні. Бұл мереке елді 30 жыл басқарып, президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келеді. ІІМ дерегінше, осы күні Нұр-Сұлтан мен Алматыда наразылық шарасы кезінде полиция "жүзден астам адамды" ұстаған. Бірақ құқық қорғаушылар бұл күні полиция кем дегенде 600-ден астам адамды әкеткенін айтады.

Қарай отырыңыз: Астана күні полиция азаматтарды қалай ұстады? (6 шілде 2019 жыл).

Алматыда полиция жүзге жуық адамды ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:21 0:00

Қазақстанда жыл басынан бері наразылық шарасы көбейген. 1 мамыр және 9 маусымдағы билікке және сайлауға қарсы наразылықты да Қазақстан билігі "заңсыз және арандатушылардың әрекеті" деп сынаған. Полиция наразылық белгіленген жерге келген мыңдаған адамды күштеп ұстаған.

Наразылық шарасында полицияның адамдарды күштеп ұстауын PEN International, БҰҰ адам құқығы жөніндегі кеңсесі, Human Rights Watch және ЕҚЫҰ да сынаған. Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін азаматтардың ойын еркін айтуға рұқсат беріп, қысым жасамауға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG