Accessibility links

Президент Тоқаев министр Ермекбаевқа қатаң сөгіс жариялады


Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев.
Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы жарылысқа байланысты Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа бірден қатаң сөгіс жариялады.

15 шілдеде үкіметтің алғашқы кеңейтілген отырысын өткізген президент Тоқаев Арыстағы жарылыстың себебін "жүйелі кемшіліктен және әскери ведомство бақылауының әлсіздігінен" деп танитынын білдірді.

Президент министр Ермекбаевтың тағайындалғанына көп болмағанына қарамастан, болған жағдайға толық жауапты екенін еске салған. "Мен Қорғаныс министрлігіндегі жағдайға қанағаттанбай отырғанымды білдіремін. Сондықтан сізге қатаң сөгіс жариялаймын" деген Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал Ермекбаев үкімет отырысында Арыстағы әскери қойма 2020 жылдың соңына дейін көшірілетінін айтты.

2019 жылдың 24 маусымында Арыс маңындағы қару-жарақ қоймасында болған өрт пен жарылыстан ресми дерек бойынша үш адам қаза тапқан. Оның екеуі - әскери қызметкер, біреуі - бейбіт тұрғын. Билік әуелде Арыста бірнеше күнге созылатын төтенше жағдай жариялаған еді. Алайда 27 маусымда Шымкентте шеруге шыққан жүздеген арыстық соңғы он жыл ішінде төртінші рет жарылыс болған Арыс қаласына бармайтынын айтып, биліктен өздерін басқа жаққа көшіруді талап еткен. Ал 28 маусымда билік Шымкент пен көрші елдімекендерді уақытша паналаған арыстықтардың үйлеріне оралуына рұқсат беруге мәжбүр болды.

3 шілдеде министр Нұрлан Ермекбаев Арыстағы жарылысты "табиғи нәрсе" деп атап, халықтан "кешірім сұраудың ретін көріп тұрған жоқпын" деген. Министрдің бұл айтқанын көпшілік сынаған. 10 шілде күні ол Арыстағы жарылыс бойынша істің тексеріліп жатқанын және өзінің арыстықтардан кешірім сұрап жүргенін білдірген.

Нұрлан Ермекбаев - 2018 жылдың тамызынан бері қорғаныс министрі. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеті тоқтатылардан бір күн бұрын, биылғы 18 наурызда министрге генерал-майор әскери шенін берген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG