Accessibility links

Ресейде 69 өзбек мигранты уланып, ауруханаға түсті


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ресейдің Самара облысында Өзбекстанның 69 азаматы астан улану белгісімен ауруханаға түскен. Олардың арасында балалар да бар. Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, олардың үшеуінің жағдайы ауыр.

Самара облыстық денсаулық сақтау министрлігі мигранттардың нақты неден уланғанын әзірге хабарлаған жоқ. Өзбекстандықтар жұмыс істеген компания да ешқандай түсініктеме бермей отыр. Облыстың денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 16 шілдеде жеміс-жидек пен көкөніс шырынын өндіретін "Кошелёвский посад" компаниясының 46 жұмысшысы дәрігердің көмегіне жүгінген. Ресей ​тергеу комитеті зардап шеккендердің барлығы Самара облысына 2019 жылы келген Өзбекстан азаматтары екенін хабарлады.

19 шілдеде ауруханада жатқан мигранттармен Өзбекстанның Қазан қаласындағы бас консулы Фариддин Насриев пен Мәскеудегі сыртқы еңбек миграциясы агенттігінің өкілі Саиднумон Мансуров кездескен. Мигранттар жұмыс істейтін компания зардап шеккендердің ем-домын толығымен мойнына алатынын хабарлаған. Емделіп шыққаннан кейін Өзбекстан азаматтарына осы күнге дейін ала алмай жүрген паспорт пен еңбек кітапшаларын беруге де уәде еткен. Сонымен бірге компания олардың еңбек жағдайын жақсартып, айлығын көбейтуге келіскен.

Самара облысы бойынша тергеу комитеті басқармасы улану оқиғасына байланысты тергеуге дейінгі тексеру амалы басталғанын хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG