Accessibility links

ІІМ: "Охотзоопром" қорықшысының өліміне қатысты күдікті ұсталды


Қазақстан ішкі істер министрлігі "Охотзоопром" инспекторы Қаныш Нұртазиновтің өліміне қатысты күдіктінің ұсталғанын хабарлады.

Министрліктің мәлімдеуінше, күдікті – Арқалық қаласының тұрғыны. Бұдан бөлек, оқиға болған жерден 20 шақырым қашықтықтан "Нива" көлігі мен қару табылғаны хабарланды.

"Қазір тергеу жүріп жатыр. Бірнеше сараптама тағайындалып, қылмысқа басқа адамдардың қатысы бары тексеріліп жатыр" деп мәлімдеді министрліктің баспасөз қызметі.

23 шілдеде "Охотзоопром" инспекторы 43 жастағы Қаныш Нұртазинов браконьерлер қолынан қаза тапқан. Тағы бір қорықшы Самат Оспановқа Джерзинск қаласындағы ауруханада операция жасалды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегінше, 23 шілдеде шамамен түскі 11-де қорықшылар Ақмола облысы Жарқайың ауданы аумағында киіктерді атып жүрген браконьерлерді байқап қалып, ұстамақ болған. Кейін «Нива» көлігінде отырғандар қорықшыларға оқ атқан.

Қаза тапқан Қаныш Нұртазинов Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Қоскөл ауылында тұрған. Артында әйелі мен төрт баласы қалды.

Бұған дейін, 13 қаңтарда қорықшы Ерлан Нұрғалиев браконьерлер қолынан мерт болған. Toyota Land Cruiser көлігіндегі браконьерлер екі қорықшы Петр Ницык пен Ерлан Нұрғалиевке қарсылық танытып, шабуылдаған. Ауылшаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша, көліктен түскен "шымыр денелі қарулы" адамдар инспекторларды ұрып, із жасырған. Ауыр жараланған екі инспекторды кейін өзге әріптестері тауып алған. Ерлан Нұрғалиевті 14 қаңтарда туыстары Астанадағы №1 қалалық емханаға жеткізген. Бір тәуліктен артық ес-түссіз жатқан Нұрғалиев 15 қаңтарда қайтыс болған.

Оқи отырыңыз: "Жазадан құтылғандар бізге күліп кетеді"

21 қаңтарда ішкі істер министрлігі қорықшы өліміне қатысы бар деген күдікке ілінген үш адамның Қызылордада ұсталғанын хабарлаған. Қазір бұл іс бойынша тергеу жүріп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG