Accessibility links

ІІМ Заречный түрмесіндегі азаптау видеосын "тексереді"


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстан ішкі істер министрлігі интернетте сотталған азаматтардың соққыға жығылып жатқаны туралы видео тараған соң тексеру бастады.

Видео 25 шілде күні YouTube желісінде жарияланған. Видеода түрме қызметкері мен сотталғандар формаcын киген бірнеше адамның бір азаматты ұрып жатқаны көрінеді. Толис Тахон есімді қолданушы бөліскен видео сипаттамасында «Сотталған азамат түрме әкімшілігінің заңсыз әрекетіне шағынып прокурорға шағым түсірген. Әкімшіліктің оған не істегенін қараңдар» деп жазылған.

Қазақстандық басылымдар сілтеген министрлік хабарламасында «қызметтік тексеру тағайындалғаны» айтылады.

«Желіде Алматы облыстық қылмыстық-атқару жүйесінің ЛА-155/8 мекемесіндегі (Заречный ауылындағы түрме) қызметкерлері мен сол колонияда жазасын өтеп жатқандардың заңсыз әрекеті түсірілген видео жарияланды» деп мәлімдеді ІІМ.

Министрлік хабарлауынша, тексеріс жүргізу үшін облыстық полиция департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасының шұғыл тергеу тобы мекемеге кеткен.

Қазақстандық белсенділер мен құқық қорғаушылар сотталған азаматтардың түрмеде азапталатынын біраздан айтып келеді. Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары да "Қазақстан түрмелеріндегі азаптау тыйылмай тұр" деп, Нұр-Сұлтанды бірнеше рет сынаған. Қазақстан бас прокуратурасы соңғы он жылда ел түрмесінде 500-ге жуық адам азаптауға ұшырағанын мойындаған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG