Accessibility links

"Түрмелер азайғанымен азаптау көбейді"


Павлодар түрмесінің алдында тұрған полиция қызметкері және арнайы жасақ өкілдері.

Қазақстан билігі түрме жүйесін реформалау қажеттігін айтып, құқық қорғаушыларды «диалогқа» шақырды. «Халықаралық түрме реформасы» ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігінің директоры Азамат Шамбилов пенитенциарлық жүйеде түбегейлі өзгерістер болу үшін ең алдымен саяси шешім қабылдануы керек екенін айтады.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетін қадағалайтын ішкі істер министрлігі өткен аптада ел астанасында құқық қорғаушылардың қатысуымен «Ашық диалог— пенитенциарлық жүйені реформалау құралы» атты форум өткізді. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев түрмеде отырғандар саны азайғанын (көрсеткіш соңғы сегіз жылда елу пайызға кеміген, бұл Қазақстанға әлемдік рейтингте үшінші орыннан 95-орынға жылжуға мүмкіндік берді) және түрме саны қысқарғанын (сегізі жабылған, тағы төрт түрмені жабу жоспарда бар) хабарлады.

«Ашық диалог - пенитенциарлық жүйені реформалау құралы» форумына қатысып отырған ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев (сол жақтан үшінші) және құқық қорғаушы Азамат Шамбилов (оң жақтан бірінші). 29 мамыр 2019 жыл.
«Ашық диалог - пенитенциарлық жүйені реформалау құралы» форумына қатысып отырған ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев (сол жақтан үшінші) және құқық қорғаушы Азамат Шамбилов (оң жақтан бірінші). 29 мамыр 2019 жыл.

Құқық қорғаушылар қылмыстық-атқару жүйесін "ізгілендіру" (гуманизация), түрме мен сотталушылар санының қысқарғанына қарамастан, Қазақстан түрмелерінде азаптау мен өз-өзіне зақым келтіру фактілері көбейгенін айтады. Осы жағдайды талқылап, билік құқық қорғаушыларды не үшін диалогқа шақырып отырғанын білу үшін Азаттық Нұр-Сұлтанда өткен форумды ұйымдастырушылардың бірі— «Халықаралық түрме реформасы» (PRI) ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігінің директоры Азамат Шамбиловпен сөйлесті.

Азаттық: Ішкі істер министрі Қазақстанда түрмелер мен онда отырған тұтқындар саны азайғанын мәлімдеді.Тұтқындарға қарым-қатынас өзгерді ме?

Азамат Шамбилов: Ресми статистика бойынша, 2016-2018 жылдар аралығында тұтқындарға қысым көрсетіп, азаптағаны үшін құқық қорғау органдарының 53 қызметкері жазаланған. Жауапқа тартылғандардың негізгі дені - полиция қызметкерлері, 13-і ғана қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің қызметкерлері. Бірақ бұл ресми дерек екенін тағы да еске саламын. Шын мәнінде соңғы екі жылда азаптау фактілері күрт көбейді. Мұны құқық қорғау органдарының мониторингі мен әлеуметтік желілерден байқауға болады: тұтқындардың көбі түрмеден түсірілген видеолар сала бастады. Түрмедегі азаматтар да қоғамның бір мүшесі екенін естен шығармау керек. Сотталушылардың туыстары азаптаудың көбейгеніне алаңдап отыр.

Азамат Шамбилов.
Азамат Шамбилов.

Азаттық: Әдетте түрмедегі жағдай туралы мәселені де солар көтереді. Сәуір айында Алматы облысы Заречный ауылындағы түрмеде отырған азаматтардың туыстары колонияға әскер кіргенін хабарлап, дабыл қақты.

Азамат Шамбилов: Иә, бізге тұтқындардың туыстары хабарласты. Мен қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасымен, колония басшылығымен жеке сөйлестім. Олар әскер кіргенін растады. Ол жақта тыйым салынған заттарды тексеру бойынша жоспарлы шара өткен. Бірақ тұтқындар қарсылық білдірген. Саны нақты есімде жоқ, — шамамен тоғыз адам өз отряды, орны мен жеке заттарын көрсеткісі келмеген. Менің білуім бойынша, үш адам режимге бағынбағаны үшін тәртіптік изоляторға қамалған.

Арнаулы құрылғылар қолданып, әскер кіргізу тәртіп орнату үшін қажет механизм екенін түсінемін. Алдын алу шараларының да маңызын жоққа шығармаймын. Бірақ мұның бәрі шектен шықпауы керек. Түрмелерді толық тексеруден өткізу ережесін және әскерді қашан, қалай кіргізу керегін көрсететін халықаралық стандартқа сай механизм бар. Ешкім режимді жұмсартуды сұрап отырған жоқ, қауіпті және аса қауіпті қылмыскерлер бар, олардың түрмеден қашқанын біз де қаламаймыз. Бірақ жазасын өтеп жүрген азаматтарға күш көрсетіп, азаптап, оларды екінші рет жазалауға болмайды.

«ЖҮЙЕ АДАМҒА ЖҰМЫС ІСТЕУІ КЕРЕК»

Азаттық: Форумда әріптестеріңіз тұтқындарды азаптау фактілері тіркелмейтінін, ал қылмыстық-атқару жүйесі комитеті тек «хатқа жауап берумен» ғана айналысатынын айтып, шағымданды. Форумда ведомство басшысы не деді? Сіз не айттыңыз?

Азамат Шамбилов: Мұндай шағымдарды тіркеу қиын. Қазір шағымдар жазбаша жіберіледі, цензурадан өтеді. Шағымдану жүйесінің өзі қауіпсіз деп айта алмаймыз. Шағым берудің балама жолдарын құру керек. Мұны ІІМ де, бас прокуратура да түсініп отыр. Біз 2016 жылы электронды шағым берудің автоматтандырылған жүйесін құруды ұсындық. Бұл бағытта аз болса да, ілгерілеушілік байқалады. Қазір жазалау орындарында бас прокуратура, сот органдары, қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне шағымды сканерлеу арқылы тікелей жіберуге мүмкіндік беретін терминалдар қою жобасы қарастырылып жатыр. Колонияға еш қатысы жоқ тәуелсіз қызметкерлер жауап беретін шұғыл телефон желісін құру туралы да ой бар.

«Семей колониясындағы сотталушыларға қысым көрсетіліп жатқаны» туралы видеодан алынған скриншот.
«Семей колониясындағы сотталушыларға қысым көрсетіліп жатқаны» туралы видеодан алынған скриншот.

Азаттық: Форумда құқық қорғаушылар қылмыстық-атқару жүйесі комитетін жеке құрылым ретінде қайта құру, оны азаматтық секторға беру туралы ұсыныс айтты.

Азамат Шамбилов: Бұл тұста он жыл бұрын қылмыстық-атқару жүйесін жеке құрылым етіп жасақтап, елеулі өзгерістерге қол жеткізе алмаған көрші Қырғызстан тәжірибесін мысалға келтіруге болады. Ондағы режим Қазақстандағы жүйеге ұқсамайды. Ал режимді сақтау өте маңызды, әйтпесе түрмені дәл сол қылмыскерлердің өзі басқарып кетуі мүмкін. Бұл олардың радикалдануына жол ашады. Колонияларда ұйымдасқан қылмыстық топ құрған, экстремистік және террористік ұйымдарға мүше болған азаматтар да отырғанын ұмытпау керек. Демек ұлттық қауіпсіздік мәселесіне келгенде, тұтқындарды жекелеген ведомство басқара алмайды.

Барлық еуропалық елдерде бұл ведомство ішкі істер министрлігі, әділет министрлігі сияқты орталық органдардың қарамағына берілген, бірақ жүйе ішінде тәуелсіз жұмыс істейді. Қазақстанда қылмыстық-атқару жүйесі комитетін әділет министрлігіне беру мәселені шешкен жоқ, тек азаматтық басқарудың көрінісі ғана қалыптасты. 2010–11 жылдары Балқаш пен Маңғыстау облысында тұтқындардың түрмеден жаппай қашуымен байланысты болған қанды оқиғалар сөзіме дәлел бола алады. Бір ведомстводан басқасына ауыстыру - су құйылған ыдысты асүйден қонақ бөлмесіне апарып, дәл сол көлемін бұзбай орнына қайта әкелумен тең. Менің ойымша, ішкі істер министрлігінің ішінде қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің автономды жұмыс істеуіне мүмкіндік беру керек. Бұл да алдағы реформалардың бір кезеңі.

Шымкенттегі әйелдер колониясы.
Шымкенттегі әйелдер колониясы.

Азаттық: Форумда пенитенциарлық жүйені реформалау туралы айтылды. Реформаның мәні неде?

Азамат Шамбилов: Бірінші кезекте жүйеде адамдардың яғни, тұтқындар мен түрме қызметкерлерінің мүддесі ескерілгенін қалаймыз. Яғни, түрме қызметкерлері тұтқындарды «қылмыскер» көрмей, жаза өтеу жүйесінің тең құқылы қатысушылары ретінде көруі керек. Ол үшін қызметкерлердің санасын өзгерту қажет. Әрбір түрме қызметкері абақтыға түсетін адамдар туралы түсінігін, оларға қарым-қатынасын өзгерту қажет. Бұл кішкентай қадамдардан басталады. Мәселен, тексеріс кезінде қазіргідей тұтқынның киімін толық шешуді талап етпей (бұл адамның ар-ұжданын қорлайтын қылық), БҰҰ стандарттарына сай киімнің жоғарғы бөлігін, не төменгі бөлігін кезекпен шешуді сұраған дұрыс. Дәл осындай қатынас тамақ ішуден бастап, киім үлгісі, кездесу ұзақтығы мен тәртіпке шақыру амалдарына дейін түрмедегі өмірдің барлық кезеңінде сақталғаны жөн.

Азаттық: Қызметкерлердің санасын өзгертуге бола ма?

Азамат Шамбилов: Сананы өзгертуге болады, бірақ оған уақыт керек. Біз қызметкерлер санасын өзгертетін іс-әрекеттер жоспарын жасаймыз деп айта алмаймын. Жоқ. Әрине, біз түрлі қиындықтарға кездесеміз. Кей қызметкерлер келіспей, жұмыстан кетуі де мүмкін. Қалған қызметкерлер мен жаңадан келгендер ішкі істер министрлігі бекіткен ішкі тәртіпермен ғана емес, БҰҰ стандарттарына да сай жұмыс істейтін болады.

Реформалаудың басқа жолдары да бар. Қылмыстық-атқару кодексіне тергеу изоляторындағыларды ұстау жағдайын жақсарту және жеңілдету бойынша өзгерістер енгізу жоспарланған. Мәселен, тергеу изоляторында өткен бір күн қылмыс пен оған кесілген жазаның ауырлығына байланысты колониядағы бір жарым не екі күнге теңестіріліп, есептелуі керек.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ТҮРМЕЛЕРІ – ЕСКІ ЖҮЙЕНІҢ ҚАЛДЫҒЫ

Азаттық: Орталық Азиядағы өзге елдерде тұтқындардың құқығы мен оларды колонияларда ұстау бойынша қандай жағдай қалыптасқан?

Барлық қызметкерлер - ескі советтік жүйеде тәрбиеленген адамдар. Ол жүйенің мақсаты тұтқындарды түзету емес, жазалау болған. Орталық Азия түрмелерін коррекциялық мекемелер деп аталатын еуропалық түрмелермен салыстыруға келмейді.

Азамат Шамбилов: Мен Орталық Азияның барлық елін аралап шықтым. Тек Түркіменстанда ғана болмадым. Аса үлкен айырмашылық жоқ. Бұл елдер бұрын Совет Одағы мүшелері болғандықтан түрмелері де ұқсас: барак үлгісіндегі ескі ғимараттар, түрмелерде тұтқындарды камераларға бөліп ұстау қарастырылмаған. Қазақстанда мұндай жағдай қарастырылған тоғыз жаңа түрме бар: әр камерада үштен алтыға дейін адам отырады. Тұтқындарға қарым-қатынасқа келсек, мұнда да үлкен айырмашылық жоқ. Өйткені барлық қызметкерлер ескі советтік жүйеде тәрбиеленген адамдар. Ол жүйенің мақсаты тұтқындарды түзету емес, жазалау болған. Орталық Азия түрмелерін коррекциялық мекемелер деп аталатын еуропалық түрмелермен салыстыруға келмейді. Бір ауызбен қорытқанда – осылай.

Азаттық: Мүмкін тұтқындардың қарсылық пен тәртіпбұзушылықтарды жиі жасауы олардың түрмедегі жағдайымен байланысты шығар? Мысалы, жақында тәжік колониясында болған жағдайды еске алсақ…

Азамат Шамбилов: Мен ол колонияларда бірнеше рет болғанмын. Тәртіпсіздікке дейін де, одан кейін де. Мені Худжанд колониясында наразылық болғаны таңғалдырды. Ол жақта тұтқындар жұмыс істеп, жалақы алады. Колонияда екі қабаттан тұратын, шайханасы мен жеке бөлмелері бар хостел сияқты салынған кездесу орындары пайдалануға берілген. Ол елдегі ең үлкен түрме саналады, онда бір жарым мыңға жуық тұтқын отыр. Осынша көп адамның бір жерде шоғырлануы тәртіпсіздікке әкеп соғуы мүмкін. Бір жерде 40–50 адам тұратын барак жүйесі тұтқындарды тиімді басқаруға мүмкіндік бермейді. Бірақ бұл жалғыз фактор деп ойламаймын. Түрмеге сырт жақтан әртүрлі қылмыстық және террористік топтар әсер еткен. Қазақстанда да Маңғыстау мен Балқаштағы қарулы қақтығыс кезінде осындай жағдай болған. Сценарийлер ұқсайды. Тәжікстан билігі бұл жағдайдан сабақ алып, жаңа түрмелер салуы керек. Камералық ұстау енгізіліп, кім қайда кіммен отыратыны нақты бөлінуі қажет.

Худжанд түрмесі.
Худжанд түрмесі.

«ӨЗГЕРІС КҮТУДЕН ШАРШАДЫҚ»

Азаттық: Құқық қорғаушы ретінде мамыр айының басында болған рұқсат етілмеген наразылыққа қатысушылардың ұсталуы және кейбіреулерінің уақытша ұстау орындары мен изоляторларға қамалуы туралы не ойлайсыз?

Азамат Шамбилов: Мен бейбіт жиын және митингілер мәселесімен айналыспаймын. Бұл менің тақырыбым болмағандықтан, пікір қоса алмаймын. Менімен салыстырғанда бұл тақырыпты әлдеқайда жақсы білетін сарапшылар бар деп ойлаймын. Бірақ ұсталғандарға қолданылған жаза ауыр болды деп санаймын. Ескерту жасауға, айыппұл салуға болар еді. Бірақ абақтыға жабу ең соңғы шара болуы керек.

Қарай отырыңыз: 1 мамыр күнгі митингке қатысқандар бостандыққа шықты (Мамыр айы, 2019 жыл).

10 тәулікке қамалғандар бостандыққа шықты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:29 0:00

Азаттық: Жақында Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні өтті. Қазақстан түрмелерінде саяси тұтқындар бар деп ойлайсыз ба?

Азамат Шамбилов: Біздің ұйым жекелеген азаматтар ісін қарап, белгілі бір тұтқындарға ғана бағытталған құқықтық көмек көрсетумен айналыспайды. Бізде саяси тұтқындар бар деп нақты айта алмаймын, бірақ ерекше жағдайдағы тұтқындар кездеседі. Олардың қатарында саяси себеп бойынша қамалғандар мен ауыр науқас адамдар, шетелдіктер мен мүмкіндігі шектеулі жандар бар…

Азаттық: Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев, Макс Боқаевтың есімдері көпшілікке жақсы таныс. Құқық қорғаушылар оларды саяси тұтқындарға жатқызады, оларды қолдаушылар тұтқындарға түрме әкімшілігі тарапынан қысым жасалатынын, азаптауға ұшырайтынын және тиісті медициналық көмек көрсетілмейтінін айтады.

Азамат Шамбилов: Менің ойымша, біз саяси тұтқындарды басқалардан бөліп қарамауымыз керек. Кім болмасын, бәрі бірдей медициналық қызметке қол жеткізуі керек. Олар білім, денсаулық сақтау, психолог көмегі сияқты қызметтерді тең пайдалану құқығына ие.

Азаттық: Сіз олармен кездесіп, түрмедегі жағдайларын білуге талпынып көрген жоқсыз ба?

Азамат Шамбилов: Білесіз бе, сол аймақтарда бола тұрып, бармаған екенмін. Барып қайту керек екен деп ойлап отырмын. Неге сөйтпеске? Оларға қоғамдық бақылау комиссияларындағы әріптестерім барғанын білемін.

Азаттық: Түрме реформасы тақырыбына оралсақ, сіз ішкі істер министрлігі пенитенциарлық жүйеге түбегейлі өзгерістер енгізеді деп ойлайсыз ба?

Азамат Шамбилов: Бірінші кезекте президент, ішкі істер министрі мен бас прокурор деңгейінде саяси шешім қабылдануы керек. Сіздің сұрағыңызды түсініп отырмын. Иә, біз өзгерістер күтуден шаршадық, мен де шаршадым. Бірақ әлі де байқап көру керек. Бұл салада жұмыс жасау үшін үміт артып, сене білуіміз керек. Үмітсіз реформа жүргізе алмаймыз. Белсенді әрі энтузиаст ретінде осыған сенуім керек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG