Accessibility links

"ЛА-155/4 түрмесінен хабарласып тұрмын..."


Алматы облысындағы әйелдер колониясы. Көрнекі сурет

Алматы облысы Жауғашты ауылындағы колонияда отырған үш әйел Азаттықтың редакциясына хабарласып, құқықтарының бұзылып жатқанын айтты. Түрмедегі жағдайды адам төзгісіз деп сипаттаған олар журналистермен сөйлескені үшін мекеме басшылығының қысымына ұшырауы мүмкін екендерін хабарлады. Түрме басшылығы қамаудағылардың бұлай уайымдауы «негізсіз» дейді.

Ирина Геондова, Дина Ысқақова және Жанна Өмірова Азаттық тілшісіне қаңтардың 9-ы күні түрме таксофонынан қоңырау шалды. «ЛА-155/4 түрмесінен хабарласып тұрмын...» деп сөзін бастаған сотталушылардың әрқайсысы өз басындағы жағдайды қысқа уақыттың ішінде айтып түсіндіруге тырысты. Қоңырау шалғандардың бірі үшін бұл оқиға «хэппи-ендпен» аяқталды (түрмедегілерге мұндай теңеуді айтуға болатын болса). Ол бостандыққа шықты, бірақ оған әлі ұзақ емделу керек.

Әйелдер колониясы. Көрнекі сурет
Әйелдер колониясы. Көрнекі сурет

«ӨЛІМ ЖАЗАСЫНА КЕСІЛГЕН ЖОҚПЫН»

Қаңтардың 23-і күні медициналық комиссияның сотталушыны бұдан әрі түрмеде ұстау мүмкін еместігі туралы актісі негізінде Алматы облысы Іле аудандық соты 38 жастағы Ирина Геондованы босату туралы шешім шығарды. Қант диабетінің ауыр түріне шалдығып, бала күнінен мүгедек болған Геондова осыдан екі апта бұрын ғана жуық арада бостандыққа шығатынына мүлдем сенбейтін.

- Өлім жазасына кесілмегенмін, бірақ осында өлемін. Ауру тән азабын шектіріп жатыр, бірақ жазаның мақсаты маған физикалық азап шеккізу емес қой. Мені ауруханаға жатқызудан бас тартты. Басқа кез келген адам сияқты менің де өмір сүргім келеді. Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің пікірінше, менің жағдайым тұрақты, сондықтан мені шығаруға негіз жоқ, - деген еді Ирина Геондова қаңтардың 9-ы күні телефон арқылы сұхбатында.

Геондованың айтуынша, уақытында медициналық көмек алмағандықтан, өткен күзде оның бүйрегі жұмыс істемей қалған, сондықтан оған гемодиализ процедурасы, арнайы тексеру, емдеу, диета және операция керек, ал түрмеде мұның бәрін жүзеге асыру мүмкін емес. Өзі «қолдан жасалған» деп санайтын есірткі саудасы ісіне байланысты ол 2015 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылған.

Денсаулығына байланысты түрмеден босап шыққан Ирина Геондова анасымен бірге. Алматы облысы, Жауғашты ауылы, 23 қаңтар 2019 жыл
Денсаулығына байланысты түрмеден босап шыққан Ирина Геондова анасымен бірге. Алматы облысы, Жауғашты ауылы, 23 қаңтар 2019 жыл

Геондова медициналық санитарлық бөлімде ауыр науқастарды емдеуге қажетті жағдай жоқ екенін, ғимараттың суықтығын айтып шағымданған. Оның сөзінше, қамау орнында «ыстық су да, дәрі-дәрмек те жоқ, әжетхана – сыртта, тамағы – құнарсыз». Қамаудағы әйел 2018 жылғы қазанда медициналық комиссия өзін босатуға негіз жоқ деп танып, жабық мекемеде жазасын өтеуді жалғастыра бергенін баяндаған.

Телефон қоңырауынан соң жағдай өзгерген. Геондованы облыстық ауруханаға жатқызған. Қаңтардың 21-інде оны босатып, күзетпен колонияға алып келген, бірақ тексеру-өткізу пунктіне келгенде көлікті кері қайтарып, сотталушыны қайтадан емханаға жөнелткен. Мекеме басшысының орынбасары Болат Аманов мұндай оқиғаның болғанын растады, оның айтуынша, Ирина Геондованың науқасының ауырлығы сондай, түрмеде ұстау оның денсаулығына қауіпті.

Қаңтардың 23-інде сот ЛА-155/4 мекемесі әкімшілігінің Геондованы босату туралы өтініш хатын қанағаттандырды. Себебі кезекті мәжілісінде медициналық комиссия оны түрмеде ұстау мүмкін емес деген қорытынды жасаған. Тиісті құжаттарды рәсімдеген соң Ирина сол күні кеште бостандыққа шығып, Қарағандыдан келген анасымен бірге Алматыдағы ауруханаға гемодиализге кетті. Иринаның анасы Наталья Геондова тиісті медициналық шаралардан соң қызын үйіне алып кететінін айтты.

Қылмыстық атқару жүйесі департаменті Азаттықтың сауалына қаңтардың 23-інде берген жауабында Ирина Геондованың бір басында көп дерттің бар екенін растады және оның қанды бүйректен тыс тазалау процедурасынан өтіп жатқанын хабарлады. Сонымен бірге қылмыстық атқару жүйесі департаменті әйелдер колониясының тиісті медициналық құралдармен жабдықталғанын, қажет болған жағдайда науқастарды «азаматтық денсаулық сақтау нысандарына жеткізетінін», тұрмыстық жағдай, соның ішінде температура режимі тиісті нормаларға сай екенін, «санитарлық бөлмелердің» ішінара ғимаратта, ал кей отрядтарда сыртта орналасқанын айтты.

«ҰҚК-ДАН ДА, БАСҚАСЫНАН ДА ҚЫСЫМ БАР»

Азаттыққа хабарласқан қалған екі әйел әлі колонияда жатыр.

Солардың бірі – «терроризмді насихатты» деп айыпталып, бес жылға бостандығынан айырылған (өзі бұл айыпты негізсіз деп санайды) Жанна Өмірова редакцияға бірнеше рет телефон соққан. Желтоқсанның 24-інде ол өзі «қоштасу хаты» деп атаған мәтінді оқып берді. Хатта ол өз өлімі үшін ұлттық қауіпсіздік комитетінің және қылмыстық атқару жүйесі комитетінің бірнеше қызметкерін кінәлі деп тануды сұрады. Әйелдің айтуынша, оның бостандыққа шығуына кедергі келтіріп жүрген – осы адамдар.

«Шексіз былықтан, баласыз өмірден және заңсыздықтан шаршағанын» жеткізген Өмірова күйеуінің де ұзақ мерзімге түрме жазасына кесілгенін, ал олардың балаларын денсаулығы нашар әжелері бағып жатқанын айтты.

Тұтқын Жанна Өмірова (сол жақта) мен оның адвокаты Айман Омарова. Өтеген батыр кенті, Іле ауданы, Алматы облысы. 21 желтоқсан 2018 жыл.
Тұтқын Жанна Өмірова (сол жақта) мен оның адвокаты Айман Омарова. Өтеген батыр кенті, Іле ауданы, Алматы облысы. 21 желтоқсан 2018 жыл.

Қоңырау шалардан аз уақыт бұрын сот Өмірованың жазаның қалған бөлігін бостандығын шектеу жазасымен алмастыру туралы өтінішін қанағаттандырмай тастаған. Себебі ол түрмеде бір де бір мадақ алмаған, керісінше 11 рет сөгіс алған (бірақ кейін олардың күші жойылған).

Қаңтардың 9-ында Азаттық тілшісімен телефон арқылы болған сұхбатта Жанна Өмірова «өзін өлтіру үшін көп дәрі жұтқанын», бірақ мекеме әкімшілігі «тиісті медициналық көмек берместен, суицид әрекетін жасырып қалғанын» айтты.

Азаттықтың сауалына берген жауабында қылмыстық атқару жүйесі комитеті «мекемеде суицид әрекеті тіркелмеген» деп жазады. Хатқа сәйкес, Өмірованың «100 дана дәрі іштім» деген сөзі бойынша тексеру жүргізілген, бірақ дәрігер қараған кезде «улану белгілері байқалмаған», ал асқазанын тазалатып, ауруханаға жатудан Өмірованың өзі бас тартқан. Ресми жауап бойынша, қамау орны желтоқсанның 29-ында Өмірованы медициналық-санитарлық бөлімге жатқызған.

Қаңтардың 21-і күні Азаттық тілшісімен телефон арқылы болған сұхбатта Жанна Өмірова өзін және тағы бір сотталушы Дина Ысқақованы «медициналық-санитарлық бөлімнен шығарып тастағанын» айтқан.

- Оларды ешкім «шығарып тастаған жоқ, - деді сол күні кешке Азаттық тілшісіне берген сұхбатында майор Болат Аманов. Оның айтуынша, денсаулық жағдайының қалыпты болуына байланысты олар медициналық-санитарлық бөлімнен өз отрядтарына қайтарылған.

Телефон арқылы сұхбатында Өмірова арнайы қызмет органдарының түрме әкімшілігі арқылы өзіне қысым көрсететінін айтты. Жазасын өтеуші Алматы облысы бойынша ҰҚК-нің өзіне объективті түрде қарайтынына сенуден қалған, сондықтан ол комитет төрағасы Кәрім Мәсімовпен кездесуді сұраған. Өмірова жазған арыз-шағымдары мемлекеттік органдарға жетпейді деп налиды.

«КАБИНЕТІНЕ ШАЙ, КОФЕ ТАСЫТАДЫ»

Тағы бір сотталушы, 32 жастағы Дина Ысқақова қаңтардың 9-ында телефон арқылы айтқан арызында «өкілетін асыра пайдаланатын» түрме қызметкерін жауапқа тартуды сұрағанын жеткізді. Оның айтуынша, қамау орнының қызметкері Сымбат Табылдина сотталушыларды «кабинетке шай, кофе тасып, өзіне макияж жасатқызып, қағаз жұмыстарын істеткізіп қояды». Ысқақова бұрын бұл проблеманы қылмыстық атқару жүйесі комитеті басшылығына хабарлағанын айтады.

Телефон арқылы болған сұхбаттың соңында ол журналистермен сөйлескені үшін жазаға ұшыраймын деп қорқатынын мәлімдеді.

Әйелдер колониясындағы сотталушылар. Көрнекі сурет
Әйелдер колониясындағы сотталушылар. Көрнекі сурет

Қаңтардың 18-і күні Азаттық тілшісіне қайта қоңырау соққан Ысқақова себебін түсіндірместен өзін «жұмыстан қысқартқанын» хабарлады. Ол «абаттандыру бойынша» жұмысшы ретінде тіркелгенімен, «бүкіл қағаз жұмысты» істеп келген». Ысқақованың айтуынша, енді ол айына 14 мың теңге жалақыдан да қағылып отыр, оның бір бөлігі сот шешімі бойынша қарызын өтеуге жұмсалып жүрген. Ысқақованың жұмыстан қысқартылғаны туралы ақпараттың ақ-қарасын анықтау әлі мүмкін болмады.

- Шындықтың бағасы қымбат. Менің жағдайымда оның құны – менің бостандығым. Бірақ айтпай тағы жүре алмайсың, себебі егер бәріміз үнсіз қалсақ, біздің мәселемізді кім шешіп береді? Мұны кім біледі? - деді Ысқақова.

Оның айтуынша, алаяқтық ісі бойынша жаза өтеудің қазіргі кезеңінде жазаны жеңілдету не шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш те бере алады.

Арызданушы әйел сотталушылардың шағымынан соң оларды «тегіс тұншықтыра бастайды», сөйтіп олар заң бұзушы, жұмыссыз болып қалады, не әрі қарай үндемей отыратын болады деп қауіптенеді.

ТҮРМЕДЕН ШАҒЫМ ЖЕТПЕЙ МЕ?

Редакцияға хабарласқан сотталушы әйелдердің барлығы осы шағымдары үшін оларды жазалауы мүмкін екенін айтты. Азаттыққа берген жазбаша жауабында қылмыстық атқару жүйесі департаменті бұлайша алаңдауға «негіз жоқ» деді.

Азаттыққа берген жауабында Жауғаштыдағы әйелдер колониясының кейбір қызметкерлерінің үстінен айтылған шағымға байланысты қылмыстық атқару жүйесі департаменті ЛА-155/4 мекемесінің қызметкерлері Болат Аманов пен Сымбат Табылдинаның «үстінен шағым түскенін және материалдың ішкі қауіпсіздік тобында тексеруде жатқанын» хабарлады.

«Халықаралық түрме реформасының» (PRI) Орталық Азиядағы аймақтық директоры Азамат Шамбиловтің Азаттыққа айтуынша, сотталған әйелдердің редакцияға хабарласуы – қамаудағылардың мемлекеттік және адам құқықтарын қоғау ұйымдарына шағым жіберу мәселесі тиісті деңгейде шешілмей жатқанын айғақтайды.

Азамат Шамбилов
Азамат Шамбилов

- Қазір Қазақстанда сотталушылардың бас прокуратураға, омбудсменге, ұлттық превентивті механизмге, қоғамдық бақылау комиссиясына, құқық қорғайтын үкіметтік емес ұйымдарға, бұқаралық ақпарат құралдарына шағымдану жүйесіне жол ашатын тәуелсіз шағым беру механизмі жоқ, себебі үлкен цензура бар, - деді Азамат Шамбилов.

Шамбиловтің айтуынша, түрлі форумдарда билік өкілдері бас бостандығынан айыру мекемелерінен жөнелтілетін шағымдарға ешқандай цензура жоқ екенін айтып келеді. Ол шынайы жағдай мүлде басқа деп санайды.

Азаттық Жауғаштыдағы мекеме қызметкерлерінің үстінен былтыр қанша шағым түскенін, олардың қаншасы негізді деп танылғанын сұрап, қылмыстық атқару жүйесі департаментіне сауал жіберген. Департамент бұл сұрақтарды жауапсыз қалдырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG