Accessibility links

Қоғамдық қызметке тыйым салу жазалау амалына айналды


Президентті қолдайтын "Нұр Отан" партиясы кеңсесінде құқық пен сот-әділет жүйесіне наразылық білдіріп тұрған белсенділер. Алматы, 31 қазан 2016 жыл.

Қазақстанда сот азаматтық белсенділер мен оппозиция жетекшілеріне үкім шығарғанда көбіне негізгі мерзімге қосымша жаза ретінде қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салады. Сот өкілдері мұндай шара заңға сәйкес қолданылатынын айтады. Құқық қорғаушылар бұл халықаралық құқыққа қайшы деп санайды.

Қаңтардың 9-ында Алматының Әуезов аудандық соты азаматтық белсенді Дильнар Инсенованың бас бостандығын екі жылға шектеу және сондай мерзімге қоғамдық қызметпен айналысуына тыйым салу туралы үкім шығарды. Сот қорытындысы бойынша, Тұрғындарды дәрігерлік-әлеуметтік қорғау орталығын басқарған тұста Инсенова тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуге бюджеттен бөлінген екі миллион теңгеге жуық қаржыны жымқырған. Инсенова үкім шығарылғанға дейін ақшаны мемлекетке қайтарған. Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.

Белсенді Дильнар Инсенова (оң жақта) мен адвокаты Сәбит Исабеков сотта отыр. Алматы, 9 қаңтар 2019 жыл.
Белсенді Дильнар Инсенова (оң жақта) мен адвокаты Сәбит Исабеков сотта отыр. Алматы, 9 қаңтар 2019 жыл.

Бұрынғы банк қызметкері Дильнар Инсенова билікті, банк басшылығын сынап, борышкерлер, үлескерлер мен ипотека алушылардың құқығын қорғаған. Алматы мен Астанада бірнеше рет рұқсат етілмеген наразылық акцияларын ұйымдастырып, өзі де қатысқан. Ол соңғы бірнеше жылда қоғамдық ұйымды тіркеуге тырысқан.

Белсенді қоғамдық қызметпен айналысуына тыйым салған сот шешіміне таңданбайды. "Бәрі осы үшін істелді ғой" деді Инсенова үкім туралы Азаттыққа білдірген пікірінде. Ол үкімге қарсы шағымданатын ойы барын айтты.

Азаттық Әуезов аудандық сотының судьясы Ерхан Тотыбайдан Инсеноваға шығарған үкімі жөнінде және белсендіге қоғамдық қызметпен айналысуына не себепті тыйым салғанын түсіндіріп беруді сұрады.

- Ұрлық жасауын жалғастыруға мүмкіндік бермеу үшін. Ол қоғамдық қорды басқарып, мүгедектерден ұрлаған, сондықтан заң бойынша тыйым салынды. Қылмыстық кодексте осындай жағдайда "Белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру" бабы бойынша жаза қолдануға болатыны қарастырылған. Егер ол мемлекеттік қызметкер болса, онда мемлекеттік лауазымды қызмет атқаруына тыйым салынар еді, - деді судья телефонмен берген жауабында.

ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІНЕ ТЫЙЫМ САЛЫНҒАНДАР

2016 жылдың жазында Украинаға кетіп қалған қазақстандық азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев сол елден саяси баспана алған. Қазақстанда саяси және қоғамдық іс-әрекеті үшін оған бірнеше рет түрме жазасы тағайындалған, рұқсат етілмеген акциялар өткізгені үшін әкімшілік қамауға алынып, "қоғамдық бірлестіктер қызметіне қатысуына" тыйым салынған.

- Дильнар Инсеноваға шығарылған үкімде заңдық казус бар. Егер оны экономикалық қылмысы үшін соттаса, қоғамдық қызметіне неге тыйым салады? Әдетте қосымша жаза қылмыстық іске тікелей қатысты болады, - дейді белсенді.

Азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев сот залында. Алматы, 20 қаңтар 2016 жыл.
Азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев сот залында. Алматы, 20 қаңтар 2016 жыл.

Бард-әнші Жанат Есентаев билікті сынайтын әндерімен танымал. 2000 жылдан бері ол оппозициялық митингілерге қатысты, 2011 жылы Жаңаөзен мен Ақтаудағы мұнайшылар наразылығында да болды. 2016 жылы жазда Есентаевтың Ресей президенті Владимир Путиннің сыртқы саясаты мен Қазақстан үкіметі ұсынған, шетелдіктерге жерді ұзақ мерзімге жалға беруге рұқсат ететін жер реформасын сынаған постынан кейін Орал соты оны Facebook әлеуметтік желісінде "ұлтаралық алауыздықты қоздырды" деп айыптап, бас бостандығын екі жарым жылға шектеу туралы үкім шығарған.

Сот үкімі бойынша белсендіге наразылық акциялары, митингілер мен флешмобтар, шерулер мен ереуілдерге, халықаралық ұйымдар қатысатын семинарлар мен тренингтерге қатысуға, концерт өткізуге, қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экологиялық тақырыптарға посттар жариялауға тыйым салынған.

Бард-әнші әрі белсенді Жанат Есентаев Батыс Қазақстан облыстық соты ғимараты алдында тұр. Орал, 5 сәуір 2018 жыл.
Бард-әнші әрі белсенді Жанат Есентаев Батыс Қазақстан облыстық соты ғимараты алдында тұр. Орал, 5 сәуір 2018 жыл.

- Осы тізімдегі талаптардың ешбірін бұзған жоқпын. Бірақ елде болып жатқан жағдайларға қатысты белсенді азаматтық ұстанымы бар адам сондай ұстаныммен қалатынына сенімдімін, - дейді Жанат Есентаев.

2016 жылы қаңтарда желіге "Кремльге қарсы" видео салғаны үшін "ұлттық алауыздықты қоздыру" бабы бойынша сот үкімімен үш жылға бостандығы шектелген астаналық құқық қорғаушы әрі белсенді Болатбек Біләловке де жазасын өтеу кезінде қоғамдық қызметпен айналысуына тыйым салынған.

- Адам көп жиналатын қоғамдық орындарға бара алмадым. Кешкі сағат оннан кейін дүкендерге, кафе, кинотеатрларға балалармен бірге баруыма, кез келген көпшілік шараларға қатысуыма тыйым салынды, - дейді Біләлов.

Оның айтуынша, кешкі сағат оннан таңғы алтыға дейін үйден шықпауға тиіс болған. Пробация қызметі оны үнемі тексерген. Режимді бұзған жағдайда шараны күшейтеді немесе жаза мерзімін ұлғайтады.

- Қоғамдық қызметке тыйым салу қосымша жаза деп түсіндірілгенімен негізгі жаза орнына жүреді. Мені сонымен ұстады. Қазір де азаматтық бастама көтерген кез келген адамға сондай тыйым салатынын көріп жүрмін, - дейді Болатбек Біләлов.

Оның пікірінше, азаматтық белсенділер мен қоғамдық жетекшілер - әлеуметтің көңіл-күйін жеткізетін адамдар және дер кезінде олардың үні естілмей қалса, "аяқ астынан туындаған кез келген әлеуметтік шиеленістің соңы күтпеген оқиғаларға ұласуы мүмкін". Белсенді бұған мысал ретінде жақында Қарағандыда жаппай төбелесте адам қаза болғаннан кейін өрбіген оқиғаны келтіреді.

- Егер мемлекет осындай репрессиялық саясат жүргізбесе, Қарағандыдағы жағдай ашық, түсінікті және оны дұрыс реттеуге мүмкіндік болар еді. Жұрттың полициямен қалай сөйлескенін көрдіңіз бе? Іштегіні шығаруға мүмкіндік бермеген кезде халық наразылығы ырыққа көнбейтін іс-әрекетке ұласады, - дейді белсенді.

2016 жылы үкіметтің жер реформасына қарсылық білдіріп, Атырауда рұқсат етілмеген шеруге қатысқаннан кейін "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деген айыптар тағылған азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды сот бес жылға бас бостандығынан айырып, қосымша жаза ретінде қоғамдық қызметпен айналысуына тыйым салған. Дәл сондай тыйым 2017 жылы Маңғыстау облысында жұмысшылардың аштық акциясы кезінде ұсталып, кейін түрме жазасына кесілген мұнайшылар тәуелсіз кәсіподақ ұйымының жетекшісі Әмин Елеусінов пен кәсіподақтың еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаевқа да салынған.

"ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖҮГЕНСІЗДІК"

Қазақстанның Қылмыстық кодексінде мұндай жазалау түрі 50-бапта көрсетілген ("Белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру"). Онда "белгілі бір қызметпен" айналысуға тыйым салу туралы жазылғанымен нақты қандай қоғамдық қызмет екені айтылмаған.

Құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев. Алматы, 14 қаңтар 2014 жыл.
Құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев. Алматы, 14 қаңтар 2014 жыл.

"Халықаралық құқықтық бастама" қоғамдық қорының жобалар директоры Амангелді Шорманбаевтың айтуынша, халықаралық стандарттарға сай қылмыстық құқықта екіұштылық болмауы керек, қылмыс пен тағайындалатын жаза нақты көрсетілуі тиіс.

- Қылмыстық кодексте тыйым салынатын іс-әрекет түрлері анық көрсетіліп жазылуы керек. Ал қазір судьялар жазаны ойлап табады. Ондайды қайдан көрдіңіз? - дейді Шорманбаев.

Амангелді Шорманбаев соңғы Қылмыстық кодекс жобасын әзірлеуге қатысқан кезде ондағы бірнеше қайшылықты көрсеткенін айтады.

- Оларға кодексті бұл қалпында қабылдауға болмайды деп мың рет айттық. Екі тілде жазылған Қылмыстық кодекстегі кейбір терминдер бір-біріне сай келмейді. Қазіргі кодексті қалай қолданатындығына мұқият талдау жасасаңыз, барып тұрған заңсыздық пен жазаның қылмысқа сай келмейтіндігіне көз жеткізесіз, – дейді Амангелді Шорманбаев.

Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтистің сөзінше, 2014 жылы жаңа Қылмыстық кодекс күшіне енген соң қоғамдық қызметке тыйым салу жазалау шарасы ретінде қолданыла бастаған.

Басында "діндарлар мен діни қайраткерлерге" қосымша жаза ретінде тағайындалып, оларға діни қызметпен айналысуға тыйым салынған.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.

- Бұл тіпті әу бастан абсурд болатын, себебі діни қызметке бәрі, соның ішінде адамның ғибадат жасауы да кіреді. Сол кезде қоғамдық бірлестік қызметіне араласуға тыйым салу, яғни құқықтық жүгенсіздік басталды, - дейді ол.

Жовтис мұндай тыйым халықаралық қылмыстық құқықтың негізгі принциптерінің бірі – заңдық нақтылық пен алдын ала болжам жасауды өрескел бұзады дегенге келіседі. Ол бойынша адам қылмысы үшін қандай жаза кесілетінін нақты білуі керек.

- Соттың қоғамдық қызмет түсінігін өз қалауынша түсіндіруге құқығы жоқ, себебі ол Қылмыстық кодексте заңдық тұрғыда анықталмаған. Демек, судья қоғамдық қызметті өзі қалай түсінсе, соған лайықтап кез келген тыйымды сала береді, - дейді құқық қорғаушы.

Жовтистің пікірінше, мұндай тыйым адамды азаматтық құқығынан айырады.

- Мысалы, азаматқа белгілі бір тақырыпқа әлеуметтік желіде пікір жазуға тыйым салынса, оны сөйлеу, өз пікірін білдіру құқығынан айырады. Қоғамдық орынға бармау керек десе, жиын еркіндігі құқығынан айырады. Қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салса, бірігу құқығынан айырады, - дейді Жовтис.

Евгений Жовтистің айтуынша, мұндай тәжірибе постсоветтік елдердің бірқатарында бар. Қазақстан осы шараны белсенді қолданатын Ресейден алған. Оның пікірінше, мұндай тыйым саяси оппозиция мен азаматтық белсенділікке қарсы күрес мақсатында қолданылады.

Қазақстанда азаматтық белсенділік тұншықтырылып отыр деген құқық қорғаушылардың сөзімен билік келіспейді. Бұған дейін Азаттық тілшісімен әңгімеде Адам құқығы жөніндегі ұлттық орталықтың сараптамалық жұмыс басқармасының жетекшісі Динара Оспанова Қазақстанда "бәсекеге қабілетті азаматтық қоғамды" дамыту ісінде оң өзгерістер болып жатыр деп мәлімдеген. Қазақстанның билік өкілдері, соның ішінде президент Нұрсұлтан Назарбаев та елде азаматтарды саяси себептер бойынша қудаламайды деп сендіреді.


  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Шымкентте "Шал, кет" деп айғайлағандарды әкетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:57 0:00
XS
SM
MD
LG