Accessibility links

Сотталған кәсіпкердің жақтастары сотта шу шығарды


"Қаржы пирамидасы" сотындағы шу
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:42 0:00

"Қаржы пирамидасы" сотындағы шу

Appport атты мобильдік қосымша арқылы Ақтөбеде тауар мен қызмет түрлерін жарнамалау жобасын құрып, жүздеген салымшы тартқан кәсіпкер Қуаныш Жақсыбаев алты жарым жылға сотталды. Оның жақтастары бұған қатты наразы болды. Шу-шұрқанды видеоға түсірген Азаттық тілшісін полиция ұстап әкетіп, кейін босатты.

Қаңтардың 3-інде Ақтөбе қалалық соты "аса ірі көлемде алаяқтық жасады" деп айыпталған "UNNNITY corporation" серіктестігінің жетекшісі Қуаныш Жақсыбаевқа үкім шығарды. Алайда судья Ербол Әбдіхалықов үкімін соңына дейін оқи алмады. Сотталушыға кесілген жазаны естіген сәтте оның жақтастары сот залындағы жиhаздарды қиратып, судья мен прокурорды "әділ емессіңдер" деп тілдеді. Жақсыбаевтың жақтастары басу айтқан сот приставтарына да бой бермей, наразы күйі залдан шығып кетті.

Бизнесмен Қуаныш Жақсыбаевтың соты өзгеше боларын полиция алдын ала білгендей еді. Бейсенбі күні үкім оқылардан бұрын Ақтөбе қалалық сотының ғимаратын арнайы жасақ қоршап тұрды. Полиция қызметкерлері сот ғимараты маңындағы көлік тұрағын босатып, ол жерге екі автобусқа тиелген арнайы жасақты қойды. Сот залында да күштік құрылымдардың өкілдері әдеттегіден көп болды.

"UNNNITY corporation" серіктестігінің жетекшісі Қуаныш Жақсыбаевқа тергеу Қылмыстық кодекстің 217-бап ("қаржы пирамидасын құру") 3-бөлімі 2-тармағы бойынша айып таққан. Яғни, айыптаушылар серіктестікке тиесілі Appport мобильдік қосымшасы арқылы Қуаныш Жақсыбаев 2016-2017 жылдары 621 жәбірленушінің 167 466 000 теңгесін заңсыз иемденген деп санайды.

Кәсіпкер Қуаныш Жақсыбаев
Кәсіпкер Қуаныш Жақсыбаев

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Жақсыбаев салымшыларды "юникредит" аталып кеткен үлес пакеттерін сатып алып, әріптес болуға және ортақ жобадан пайда түсіруге шақырған. Кейін кейбір салымшы ешқандай пайда көрмей, ақшалары зая кеткенін айтып шағымданған.

Appport – тауарлар мен қызмет түрлері туралы ақпарат топтастырылған каталог. Оның қызметін пайдаланушылар өздерін "салымшылармыз" деп атайды. "Қаржы пирамидасын құрды" деп айыпталған Жақсыбаевты қолдау үшін қаңтардың 3-інде сот залына 40 шақты салымшы жиналды.

- Жақсыбаев жасап шығарған әмбебап мобильдік қосымшаның көмегімен ел аумағындағы 40 мыңға жуық кәсіпкер бизнесін жарнамалады. Жұрт Appport арқылы келісімді бағаға сантехник пен электрик тауып, кәсіпкерлер тұтынушыларға қызметтерін ұсынатын. Ондағы алты айлық жарнама құны 35 мың, бір жылдық жарнама құны 70 мың теңге болатын. Жақсыбаевтың әрекетінен ешкім де зардап шеккен жоқ. Тергеу жәбірленушілерді қолдан жасап отыр, - деді өзін "Ақтамақпын" деп таныстырған "UNNNITY corporation" салымшыларының бірі.

Сотқа келген жақтастары Қуаныш Жақсыбаевты "кінәсіз" деп санайды. Үкім шыққанша үйқамақта болған бизнесмен сот залына жеткізілгенде қолдаушылары оны қол шапалақтап, қошеметпен қарсы алды. Ал судья Ербол Әбдіхалықов үкімді оқи бастағаннан-ақ олар тұс-тұстан наразылықтарын білдіріп, "Сот мырза, сіз обьективті емессіз" деп айқайлады. Енді біреулері үкім оқылып жатқанына қарамастан түрегеліп тұрудан бас тартып, орындықтарына жайғасып алып, бастарын шайқап, қолдарын сілтеп отырды.

Сотқа қатысушылар "қаржы пирамидасы" ісі бойынша үкімді күтіп отыр. Ақтөбе, 3 қаңтар 2019 жыл
Сотқа қатысушылар "қаржы пирамидасы" ісі бойынша үкімді күтіп отыр. Ақтөбе, 3 қаңтар 2019 жыл

Судья Әбдіхалықов "қаржы пирамидасын құрған" Қуаныш Жақсыбаевқа 6 жыл алты айлық түрме жазасы кесілетінін айтқан сәтте сот залындағы наразылық ұлғая түсті. Жақсыбаевтың жақтастары тәртіпке шақырмақ болған сот приставтарын жағаларынан алып, сот залындағы жиhаздарды сындырды. "Қазақстанда әділ сот жоқ!" деп айқайлап, үкімді соңына дейін оқытпай қойды. Залдағы агрессия ұлғая бастаған кезде судья сөзін аяқтамастан дәлізге шығып кетті.

Сот залында тұрған полиция өкілі. Ақтөбе, 3 қаңтар 2019 жыл
Сот залында тұрған полиция өкілі. Ақтөбе, 3 қаңтар 2019 жыл

Қуаныш Жақсыбаевтың адвокаты Нұрлан Сұлтановтың айтуынша, тергеу "жәбірленуші" деп таныған азаматтардың көпшілігі сот алдында Жақсыбаевпен әріптес екенін айтқан. Яғни, жәбірленуші болудан бас тартқан. Осыдан кейін әу баста 167 466 000 теңге деп көрсетілген материалдық шығын мөлшері 97 млн теңгеге дейін азайған.

- Жақсыбаев соңғы сөзін желтоқсанның 28-і күні айтты. Сол күні үкімнің ертеңінде сағат 9-да оқылатыны хабарланды. "Алты ай қаралған істің үкімі бір түнде қалай жазылады?" деп таң қалғанбыз. Желтоқсанның 29-ы күні үкімнің қаңтардың 4-іне қалғаны айтылды. Алаңсыз отырғанбыз. Қаңтардың 3-і күні түс ауа "үкім бүгін шығады" деген хабар жетті. Мұның не ойын екенін түсінбедім. Желтоқсанның 29-ы күні де сотты полиция қоршап тұрды. Демек бұлар сот үкімінің қандай болатынын алдын ала біліп отырды. Күштік құрылымдардың әрекетіне қарағанда, кеңесу бөлмесінің құпиясы бұзылған. Полициясы бар, басқасы бар қандай үкім шығатынын алдын ала білді, – дейді адвокат Нұрлан Сұлтанов.

Орта білімді 29 жастағы Қуаныш Жақсыбаев бұрын сотталған. 2018 жылғы сәуірдің 4-інен бері үйқамақта отырған кәсіпкердің қолына қаңтардың 3-і күні сот залында кісен салынды. Сот үкімі күшіне енсе, Жақсыбаев 7 жыл бойы басшылық және коммерциялық қызметпен айналыса алмайды.

Ақтөбе облыстық сотының мәлімдеуінше, жарыссөз кезінде прокуратура Қуаныш Жақсыбаевқа 8 жылдық түрме жазасын сұраған. Үкімнен соң Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі "Сот жаза тағайындау барысында сотталушының жасы мен жәбірленушілердің пікірін ескеріп, 6 жыл алты айлық жаза кесті" деп түсініктеме берді.

Сотталушының жақтастары үкімнен соң да тарап кетпей, сот дәлізі мен сот ғимаратының алдында шу шығарды. Қазақстанның сот жүйесін тілдеп, ашуға булыққан Жақсыбаевтың жақтастарын бірнеше адам видеоға түсіріп жүрді. Сот ғимаратын қоршап тұрған полиция қызметкерлері белсенділерді автобусқа тиеп жатты. Бұл қас қарайып қалған шақ болатын.

Сот үкіміне наразылық білдірген адамдар. Ақтөбе. 3 қаңтар 2019 жыл
Сот үкіміне наразылық білдірген адамдар. Ақтөбе. 3 қаңтар 2019 жыл

Азаттық тілшісі болған оқиғаны видеоға түсіре бастаған еді. Тілшіге бірінен соң бірі келген полиция қызметкерлері видео түсіруге тыйым салмақ болды. Азаттық тілшісі қызмет куәлігін көрсетіп, журналистің кәсіби қызметіне кедергі жасамауды өтінген. Соған қарамастан полиция қызметкерлері тілшінің қолын қайырып, автобусқа салып алып кетті.

"Қаржы пирамидасы" соты болған зал. Ақтөбе. 3 қаңтар 2019 жыл.
"Қаржы пирамидасы" соты болған зал. Ақтөбе. 3 қаңтар 2019 жыл.

​Азаттық журналисі Зауыт полиция бөлімшесіне барған соң ішкі істер департаментіне, облыстық прокуратураға хабарласты. Кейін Зауыт полиция бөліміндегі прокуатура өкілі Азаттық тілшісін қателесіп ұстағандарын айтып, босатты. Ал полиция ұстап әкеткен сот отырысына қатысушылар мен белсенділер туралы әзірше ешқандай ақпарат жоқ.

P.S. Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Анар Айтжанова бәрі басылған соң судья Ербол Әбдіхалықовтың сот залына қайта келіп, сот үкімін аяғына дейін оқығанын айтты. Оған айыптау тарабы қатысқан, сотталушы Қуаныш Жақсыбаевты залға қайта алып келген. Ауди-видео жазба қосылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG