Accessibility links

Прокурор ағайынды Рысқалиевтерді ұзақ мерзімге соттауды сұрады


Ағайынды Рысқалиевтер мен сегіз айыпталушының ісі бойынша сот процесі. Атырау, 15 қаңтар 2019 жыл
Ағайынды Рысқалиевтер мен сегіз айыпталушының ісі бойынша сот процесі. Атырау, 15 қаңтар 2019 жыл

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында облыстың бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев пен оның інісі, мәжілістің экс-депутаты Аманжан Рысқали және тағы сегіз адамның үстінен қозғалған іс бойынша жарыссөз өтті. Айыпталушылардың ешбірі сот процесіне қатысқан жоқ.

Ағайынды Рысқалиевтер мен тағы сегіз адамға Қылмыстық кодекстің "ұрлық", "алаяқтық", "сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иелену", "жалған кәсіпкерлікпен айналысу", "қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру", "ұйымдасқан қылмыстық топ құру", "қызмет өкiлетін асыра пайдалану", "пара алу" және "жалған құжат жасау" баптары бойынша айыптар тағылған. Айыптау актісінде "Бергей Рысқалиев мемлекетке 72 миллиард теңге зиян келтірген" деп көрсетілген.

Олардың құқықтарын сотта адвокаттар Саян Жүнісбаев, Ғалиби Назарбек, Асан Есбосын және А.Қосымбаев қорғап жатыр.

Қазан айында басталған сот процесіне он айыпталушының ешқайсысы да қатыспаған. Олардың қайда екенін ешкім білмейді.

Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев
Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев

СУДЬЯНЫ АУЫСТЫРУ ТУРАЛЫ ӨТІНІШ

15 қаңтарда өткен жарыссөзде адвокат Саян Жүнісбаев қылмыстық істегі белгісіз куәнің видеожазбасын жабық отырыста қарауды, қылмыстық іспен танысу үшін қосымша уақыт беруді және қосымша сот тергеуін тағайындауды сұрады. Оның сөзінше, прокурордың өзі айыптау актісін екі аптадан астам уақыт оқыған. Ал оған 754 томнан тұратын қылмыстық іспен танысуға бар болғаны 15 күн уақыт берген.

Ал прокурор Досбол Бақытжанов адвокаттың өтінішін қанағаттандыруға қарсы екенін айтып, "куәнің жеке бас қауіпсіздігіне байланысты құпия жазбаны көру мүмкін емес" екенін айтты.

Екі тараптың пікірін тыңдаған судья Тыныштық Нұримова адвокаттың өтінішін қанағаттандырмады. Бұған наразылық білдірген адвокат судьяға сенімсіздік білдіріп, оны ауыстыруды талап етті.

- Бұл менің төртінші өтінішім. 754 томнан тұратын істі екі ай ішінде сот тергеуінде қарап шығу мүмкін емес. Куәнің видеожазбасын сот зерттеді ме, жоқ па, білмейміз. Бұл соттың істі бір жақты қарап отырғанын және айыпталушылары тезірек соттауға мүдделі екенін көрсетеді, - деді ол сотта.

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты

Үзілістен кейін адвокаттың сотты ауыстыру туралы өтінішін қараған судья Хамидуллина "істі жүргізіп отырған судьяны ауыстыруға негіз жоқ" болғандықтан соттың бұрынғы құрамда жалғасатынын айтты.

Сот отырысының келесі бөлігінде прокурор Досбол Бақытжанов судьядан Бергей Рысқалиевке - 17 жыл, Аманжан Рысқалиев пен Рүстем Әлбақасовқа - 16 жыл, Мұрат Желдібаевқа - 8 жыл, Нұрлан Жұлмағамбетовке - 9 жыл, ал Ерболат Ізбасар, Айбат Сүлейменов және Артем Данаевичке 10 жыл түрме жазасын тағайындауды және сотталушылардың мүліктерін тәркілеп, он жылға дейін мемлекеттік қызмет атқаруына тыйым салуды сұрады.

Ал адвокаттар жағы өздері қорғап жатқан адамдарды ешқашан көрмегенін, олардың тағылған айыптар жайлы пікірлерін білмейтінін айтып, "адвокат ретінде тағайындаған соң жарыссөзге қатысуға мәжбүр" екендерін жеткізді. Адвокат Саян Жүнісбаев айыпталушыларсыз өткен бұл процесті "гуманды, демократиялық деп санауға болмайды" деді.

- Бұл өте ерекше және қиын мәжіліс. Сотталушылар өздерінің сотталып жатқандарын білмейді. Олар тірі ме, жоқ па, ол да белгісіз. Оларға өздерін қорғауға, соңғы сөз айтуға мүмкіндік бермеген бұл сотты конституциялық құқықтары сақталмаған жазалау соты деп айтуға болады, - деді Саян Жүнісбаев.

Ол сотталушылардың туыстарының жеке мүліктерін тәркілемеуді, оларды арестен шығаруды өтінді.

Ал айыптау тарабы мұнымен келіспейтінін мәлімдеп, Рысқалиевтердің мүліктерін "заңсыз, қылмыстық жолмен жинағаны дәлелденгенін" айтты.

Судья Тыныштық Нұримова "бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында сот пікірталасының болатыны жайлы хабарланғанына қарамастан сотталушылардың соңғы сөз айтуға келмегенін" алға тартып, "жарыссөз өтті деп саналатынын" хабарлады.

Сот үкімі қашан шығатыны әзірге белгісіз.

Бұған дейінгі сот процестерінің бірінде судья Тыныштық Нұримова айыпталушылардың жарыссөзге келіп қатысуы үшін қаңтардың 14-іне дейін уақыт берілгенін айтқан.

Бергей Рысқалиев Атырау облысын 2006-2012 жылдар аралығында басқарған. Сол жылы жазда қызметінен босатылған. 2012 жылы күзде Бергей Рысқалиевтің інісі, парламент мәжілісінің депутаты Аманжан Рысқали "өз өтінішімен" депутаттық мандатынан бас тартқан. Біраз уақыттан соң ағайынды Рысқалиевтерге іздеу жарияланған, бірақ олардың қайда екені әлі күнге белгісіз.

Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы бұған дейін "күдіктілер Қазақстан аумағынан тыс жерде және тергеуден жалтарып жүр" деп, оларды бірнеше рет Астанаға тергеуге шақырған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG