Accessibility links

«Рысқалиев тобы» ісінің жарыссөзі басталды


"Бергей Рысқалиев құрған топ" делінетін адамдардың соты өтетін залдың монитордағы көрінісі. Атырау қаласы, 17 қазан 2014 жыл.
"Бергей Рысқалиев құрған топ" делінетін адамдардың соты өтетін залдың монитордағы көрінісі. Атырау қаласы, 17 қазан 2014 жыл.

Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевке қатысты сотқа тартылған азаматтар тағылған айыпты мойындамайтындарын айтады.

Қазан айының 17-сі күні Атырауда «облыстың бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев құрды» деп сипатталған 22 адамдық «қылмыстық топқа» қатысты соттың жарыссөзі кезеңі өтті. Облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотының судьясы Гүлмира Дәулетованың қарауымен өтіп жатқан сот отырысын монитор арқылы бақылайтын залға Азаттық тілшісінен өзге ақпарат құралдары өкілдері келген жоқ.

АДВОКАТТЫҢ ШАҒЫМЫ МЕН АЙЫПТАЛУШЫНЫҢ УӘЖІ

Бүгінгі жарыссөзде «СнабОйлСтрой» компаниясының «2005-2009 жылдары кіріс пен шығыс туралы жалған ақпарат беріп, бюджетке 160 миллион теңге салық төлеуден жалтарған» деп айыпталған лауазымды өкілдерінің адвокаты Мырзахан Төлегенов сөйледі.

Адвокат Мырзахан Төлегенов «сотқа дейінгі тергеуде қорғауындағы азаматтарға қысым жасалғанын», «бұл қылмыстық істің қозғалуына не себеп болғаны анық емесін» айтты.

Азаттық тілшісі сот отырысы кезінде қамаудағы айыпталушылардың бірімен – Атырау қаласының бұрынғы әкімі Асқар Керімовпен кабинада отырған жерінде тілдесті. Оған «мешіт құрылысына бизнесмендерден қайырымдылық көмек жинау үшін құрылған «Бизнес-Көмек» қорынан 202 миллион теңге қаржыны жымқырды» деген айып тағылған еді. Асқар Керімов өзіне «Атырау қаласында құлаған көпір құрылысына жұмсалуға тиісті қаржыны жымқырған» деген айып та тағылғанын айтады. Ол тағылған айыптарды мойындамайды.

– Басқа қалаларда осыған ұқсас көпірлерді салу құны 15 миллиард теңгеге дейін жетеді. Ал біз небәрі 6 миллиард теңгеге салдық, – дейді Атырау қаласының бұрынғы әкімі Асқар Керімов.

«САЯСИ АСТАРЫ БАР ІС»

Жарыссөзде үзіліс жарияланған кезде Азаттық тілшісі сот ғимаратынан осы іс бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған 22 адамның кейбірін – ешқайда кетпеу туралы қолхат беріп бостандықта жүрген бұрынғы лауазымды қызметкерлерді көрді. Солардың бірі – Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Болат Дәукенов өзіне тағылған «мемлекет ақшасын жымқырды» деген айыпты мойындамайды.

"Бергей Рысқалиев құрған топ" делінетін адамдардың соты өтіп жатқан ғимарат. Атырау қаласы, 17 қазан 2014 жыл.
"Бергей Рысқалиев құрған топ" делінетін адамдардың соты өтіп жатқан ғимарат. Атырау қаласы, 17 қазан 2014 жыл.

– Маған тағылған айып қылмыстық іске тіркелген үш қаулыға қол қойғанымда болып отыр. Бірақ ол қаулы бойынша көзделген шаралардың барлығы қазір жүзеге асып, орындалып жатыр. Менің [сотқа келмей] қашып кетуге мүмкіндігім болды, бірақ айыбым болмаса не үшін қашамын, – дейді ол.

Болат Дәукенов «Бергей Рысқалиев тобының ісінде саяси астар бар» деп біледі.

– Маған «Рысқалиевтің Жаңаөзен оқиғасына қатысы бар ма?», «Атыраудағы террорлық актілерді Рысқалиев ұйымдастырды ма?» дейтін сұрақтар қойды, – дейді облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары.

«Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев құрды» деп сипатталған 22 адамдық «қылмыстық топқа» қатысты іс бойынша алдын-ала тыңдау 2013 жылы желтоқсанда өткен еді. 22 күдіктінің арасында Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасарлары Болат Дәукеев пен Асқар Әбдіров, Атырау қаласының бұрынғы әкімі Асқар Керімов тәрізді экс-шенеуніктер де бар. Бұл іске байланысты сот 2014 жылы қаңтарда басталған.

Бергей Рысқалиев.
Бергей Рысқалиев.

Қазақстан қаржы полициясы «Рысқалиев пен ол ұйымдастырған топ өкілдері жасаған ауыр және аса ауыр коррупциялық, экономикалық қылмыстардан мемлекетке 71 миллиард теңгеден астам зардап тигенін» хабарлаған.

РЫСҚАЛИЕВТЕРДІҢ «22 АДАМДЫҚ ТОБЫ» МЕН «9 СЕРІГІ»

«Рысқалиевтің 22 адамдық тобына» байланысты іс Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев қызметінен кеткен соң қозғалды. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы жазда Атырау қаласына барған сапарында Рысқалиевті «5 жыл 9 ай Атырау облысын басқарған кезде президент тапсырмаларының барлығын орындағаны үшін» алғыс айта отырып жұмысынан босатқан.

Сол жылы күзде Бергей Рысқалиевтің інісі, парламент мәжілісінің депутаты Аманжан Рысқали депутаттық мандатын тапсырып, «Ақжол» партиясынан кеткен.

Аманжан Рысқали.
Аманжан Рысқали.

Көп ұзамай Бергей Рысқалиевке «бюджет қаржысын жымқырды», «қызмет бабын теріс пайдаланды», Аманжан Рысқалиға «алаяқтық жасады» деген айыптар тағылған. Бергей Рысқалиевпен бірге қызмет еткен бір топ лауазымды қызметкерлер мен туыстарының үстінен де қылмыстық іс қозғала бастағаны мәлім болған.

Кейінірек ағайынды Рысқалиевтердің ел аумағынан шығып кеткені туралы хабар тараған. Қазақстан қаржы полициясы 2013 жылы қаңтарда ағайынды Рысқалиевтерге және олардың тоғыз серігіне халықаралық іздеу жарияланған. Полиция «Швейцарияның федералдық прокуратурасы Бергей Рысқалиев пен оның інісі Аманжан Рысқалиға қатысты «қаржы жымқырды» деген күдік бойынша тергеу жүргізіп жатқанын», олардың есепшоттары бұғатталғанын да хабарлаған. Рысқалиевтер пен олардың тоғыз серігіне қатысты жеке соттың қашан болатыны белгісіз.

Мақаланы жазуға Асылхан Мамашұлы қатысты.

XS
SM
MD
LG