Accessibility links

"Түрмеде түбіне жетті". Үйіне оралмаған тұтқын жайлы хикая


Тікенек сым тартылған түрме қоршауы. Көрнекі сурет.
Тікенек сым тартылған түрме қоршауы. Көрнекі сурет.

Семей түрмесінің ауруханасында жас тұтқын көз жұмды. Ол қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшысының арызы бойынша құқық қорғаушыға қарсы қозғалған қылмыстық іске куәгер болып қатысқан. Түрме басшылығы ол дерттен қайтыс болды дейді. Тұтқынның жесірі мен құқық қорғаушы оған медициналық көмек дер кезінде көрсетілмеген деп санайды.

"РУСЛАННЫҢ ӨЛІМІНЕ СОЛАР ЖАУАПТЫ"

Руслан Шахгиреев отыз жасқа толуына бір ай қалғанда, сәуірдің 20-сы күні Семей қаласындағы ОВ-156/15 колониясында (санитарлық қалашық деп те аталады) қайтыс болған. Марқұмның Нұр-Сұлтан қаласында тұратын әйелі Милана (төлқұжат бойынша аты – Наталья) Шахгиреева түрмедегі күйеуін соңғы рет оның ажалынан бір күн бұрын көргенін айтады.

- Оны зембілге сап әкеліп, дәл солай әкетті. Түрі адам шошитындай еді: іші шар секілді ісіп кеткен, бет-әлпеті өлі адамға ұқсап жатты. Жамылғыш астынан әзер шығарған қолының сүйегі теріге жабысып қалғанын көрдім. Ол қолымды ұстап, ақырын дауысымен: "Періштелер жерге соншама жақын ұшатынын білмеппін. Сені ұстап алғаным содан шығар. Өзіңді өмірімнен артық жақсы көремін" деді. Бір аяғы көрде екенін ұқтым. Өзімді ұстауға бар күшімді салдым, - дейді Милана Шахгиреева.

Үш баласымен жесір қалған Милана Азаттық тілшісіне түрме әкімшілігі өзіне күйеуінің бақилық болғаны туралы бірден хабар бермегенін айтты. Ол науқас болса да тірі жүрген күйеуін өлі қайтарған түрме әкімшілігіне наразы. Наурыз айының басында Милана үш баласымен бірге (кенжесі үш жарым жаста – ред.) отағасымен телефон арқылы сөйлескен.

- Ол кезде Руслан өзі жүретін, телефонмен тәп-тәуір сөйлесті. Ол бұрыннан ауыратын. Мекемеде дер кезінде білікті медициналық көмек көрсетілмегендіктен ауруы біртіндеп асқынған деп көрсетті. Соңғы екі-үш жылда денсаулығы күрт нашарлап кетті. Менде барлық анықтамалары сақтаулы. Диагнозы қойылса да ешкім емдемеген. Жүре алмай қалғанша ешкім оған ешқандай көмек көрсетпеген. Руслан қатерлі екі ауруға шалдыққан еді. Одан басқа дерті де жетерлік. Осы аурулары дендеп, денсаулығы нашарлай берді, - дейді Милана Шахгиреева.

Руслан Шахгиреевтің әйелі Милана (Наталья) Шахгиреевамен бірге 2011 жылы түскен суреті.
Руслан Шахгиреевтің әйелі Милана (Наталья) Шахгиреевамен бірге 2011 жылы түскен суреті.

Наурыздың соңғы он күнінде Шахгиреевтің хал-жағдайы мүлде нашарлаған. Бұл туралы ол колониядағы таксофоннан әйеліне хабарласқан кезде айтқан.

- Күйеуім "жағдайым нашар" деді. Құдды бір ескі төсек орнынан арылғылары келгендей одан құтылуға асық болған сияқты. Сәуірдің 12-сі күні олар шұғыл комиссия шақырып, ол комиссия лезде барлық құжатқа қол қойып берген. Сәуірдің 18-і күні күйеуімді үйге қайтару туралы сот өткізген. Сот шешімі мамырдың 3-і күні күшіне енуі тиіс еді. Өздеріне керек болғанда олар бүкіл қағазды бір күнде дайындап, ал керек емес кезде айлап сандалтып қояды. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне күйеуімді сырқатына байланысты босатуды өтініп, бірнеше рет өтініш жаздым. Олар "босатуға негізі жоқ" деп тапты. Бұл процесс жылдар бойы жалғасты ғой. Енді келіп барлығын маған аудару үшін тездетіп бітірді. Бірақ күйеуім сол мекемеде жатып өлді. Русланның қазасына солар жауапты, - дейді Милана Шахгиреева.

Сот үкіміне сәйкес, Руслан Шахгиреевтің жаза мерзімі 2013 жылы маусымның 8-і күні басталған. Ол дәл сол күні ұсталған. Сот Руслан Шахгиреевті қарақшылық жасағаны үшін айыпты деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айырған және жазасын өтеуге қатаң режимдегі колонияға жіберген. Милана күйеуі ұсталған кезде қатты соққыға жығылып, жарақатына бола оны тіпті Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторы қабылдағысы келмегенін айтады. Оның сөзінше, тұтқын Ақмола облысы Аршалы (бұрынғы атауы – Вишневка) ауданындағы колонияға жеткізілгеннен кейін қатаң жағдайда ұсталып, "қысымға ұшыраған". "Ол жақтан Русланды әртүрлі түрме ауруханаларына жиі алып кетіп отырды. Өйткені ол түрмеге 12 түрлі созылмалы аурумен түскен болатын" дейді Милана. Оның айтуынша, мұның алдында күйеуі Семейдегі санитарлық қалашықта өткен жылы қазанның ортасынан желтоқсанға дейін болған. Руслан өзіне тиісті медициналық көмек көрсетілмегеніне наразы болып асылып өлуге әрекет жасаған. Бірақ камерадағы басқа тұтқындар құтқарып қалған. Русланның прокуратураға жазған шағымы еш нәтиже бермеген. "Соңғы рет оны Семейдегі санитарлық қалашыққа биыл ақпанда апарған, сол күйі сонда қалып қойды" дейді Руслан Шахгиреевтің жесірі.

ТҮРМЕ БАСШЫЛЫҒЫНЫҢ ЖАУАБЫ

Түрме басшысы қызметін атқарушы подполковник Арслан Мұхамеджанов Азаттық тілшісіне түрме басшылығы мен тұтқын Руслан Шахгиреевтің бір-біріне ешқандай шағымы болмағанын айтты.

- Ол бізге бірінші рет емделуге келгенде, бәрі көңілінен шықты. Бірнеше айдан соң тұтқын қатерлі ісікке шалдығып, қайта түсті. Біз оған ешқандай көмек көрсете алмадық. Ол тәртіп бойынша барлық міндеттемелерін қарсылықсыз орындайтын. Сондықтан оған қарсы уәжіміз жоқ. Оның бізге қарсы да шағымы жоқ болатын, - дейді подполковник Мұхамеджанов.

Мұхамеджановтың айтуынша, "мекеме қызметкерлері науқас тұтқындарды емдеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Тұтқынның сырқаты асқынып кетсе, ол сот шешімімен бостандыққа шығады. Өкінішке орай, Шахгиреевті босатып үлгермеген".

- Қатерлі ісік диагнозы қойылған кезде оған жедел көмек көрсеттік. Онкологияға апарып, томография және басқа да процедуралардан өткіздік. Ағза әбден әлсіреп кеткен. Қатерлі ісік аз уақытта ағзасын "жеп қойды". Біз комиссия құрып, босату үшін сот өткіздік. Бірақ соттан екі-үш күн өткен соң көз жұмды. Ешкімге шағым айтқан жоқ. Ауыр жағдайын түсініп, әйелімен аз уақытқа кездесуге рұқсат бердік. Тұтқын қайтыс болғанда, мәйітхана жұмысын жылдам ұйымдастыруға тырыстық. Мәйітті тез тексеріп, жақындарына тапсыруға көмектестік, - дейді түрме өкілі.

Подполковник Мұхамеджанов "мекеме тарапынан Руслан Шахгиреев пен оның жесіріне көрсетілген көмек екінің біріне бұйыра бермейтінін" айтады.

КУӘГЕР

Руслан Шахгиреев өткен жылы тұтқындардың құқығын қорғау арқылы танылған Елена Семеноваға қарсы қозғалған қылмыстық іске куәгер болып қатысқан. Елена Семенованың үстінен Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшысы арызданған. Істі Қарағанды облысының полициясы жүргізген. Арыз иесі Семенованың Еуропа парламенті депутаттарының алдында жасаған Қарағанды облысындағы түрмеде тұтқындардың жаппай өз-өзіне зақым келтіргені туралы баяндамасын "жала жабу" деп есептейді.

Қоғамдық бақылау комиссиясының Павлодар облысындағы төрайымы Елена Семенованың айтуынша, Руслан Шахгиреев қатаң режимдегі колонияда (ЕЦ-166/5 мекемесі) отырған кезден бері түрмедегі азаптаулар туралы шағым жаза бастаған. Нәтижесінде қылмыстық іс қозғалып, тұтқын 2018 жылы маусымның 19-ы күні Қарағанды облысындағы тергеу изоляторына тергеуге жіберілген. Семенованың сөзінше, Шахгиреевпен бірге түрмеде азаптауға ұшырадым деп шағымданған Торғанбаев деген тұтқын да тергеу изоляторына жіберілген.

Семенованың мәлімдеуінше, Қарағандыдағы тергеу изоляторында Шахгиреев пен Торғанбаев соққыға жығылған. Бұған наразылық білдірген бірнеше тұтқын (олардың қатарында Шахгиреев те бар – ред. ) өз-өздеріне зақым келтірген.

Бұл туралы Семенова өткен жылдың жазында Страсбургте өткен Еуропа парламенті мүшелерімен кездесуде айтқан.

- Еуропа парламенті мүшелерінің алдында тұтқындардың өз-өзіне зақым келтіргені туралы баяндама жасағанымды арыз иесі “жала жабу” деп бағалаған. 2018 жылы маусымда маған қарсы қылмыстық іс қозғалған кезде Шахгиреев пен Торғанбаев [Қарағандыдағы тергеу изоляторында] қамауда болған, - дейді Елена Семёнова.

Кейінірек бұл қылмыстық іс Семенованың әрекетінен қылмыс құрамы табылмады деп жабылды. Бірақ Қазақстан билігінің құқық қорғаушыны қудалау әрекеті АҚШ назарынан тыс қалған жоқ. АҚШ мемлекеттік департаменті адам құқықтары туралы баяндамасында Еуропада тұтқындарды азаптау туралы айтқан Семеноваға қарсы Қазақстан билігі қылмыстық іс қозғағанына арнайы тоқталған.

"МЫҢ БІР ТҮРЛІ АМАЛ"

Елена Семенованың пайымдауынша, түрме басшылығы "тұтқын Шахгиреев ауыр дерттен қайтыс болды" деп көрсеткен, "бірақ шын мәнінде оған тиісті медициналық көмек көрсетілмеді".

- Ол Ақмола облысындағы Аршалы колониясында және Қарағандыдағы түрмеде болған кезде өте көп шағым жазды. Қарағандыда оған нашар қараған, тиісті медициналық көмек көрсетпеген. Бірақ оның шағымдары тиісті орынға жетпеген. Семейдегі "санитарлық қалашықта" Шахгиреевті дұрыс емдемеген. Қазақстан түрмелерінде науқас тұтқындарға есептен оңай шығарып тастауға болатын зат сияқты қарайды. Науқас тұтқын өз құқығын қорғағысы келсе, түрме жүйесі оны өлімге жеткізетін мың бір түрлі амал қолданады. Бірақ сырттай қарағанда тұтқынды қатаң жағдайда ұстаудан басталған шараның бәрі қалыпты тәртіп сияқты көрінеді. Тұтқынды өлімге жеткізудің бір түрі – оған қажетті медициналық көмекті уақытылы көрсетпеу, - дейді Семенова.

Елена Семенованы және Руслан Шахгиреевтің оқиғасын білетін Алматы тұрғыны Марина Кузьмина түрмедегі науқас ағасы Василий Кузьминнің жағдайына алаңдайды. Кузьминаның айтуынша, Алматы облысы Заречный ауылындағы колонияда отырған Василий Кузьминнің қазіргі халі Руслан Шахгиреевтің басынан өткен жағдайға ұқсас.

- Ағамның инсульттан бастап, басқа да созылмалы аурулары көп. Бірақ оны ауруына байланысты түрмеден босатуға рұқсат бермей отыр. Сөйте тұра, ағама тиісті емдеу шарасы көрсетілмейді. Мен апарған қымбат дәрілерді колонияға кіргізбейді, ағама бермейді. Ағамның шағымын "тәртіп бұзушылық" деп тіркеп, оны қатаң жағдайда ұстауға көшірген. Қазір ағамның денсаулығынан бейхабармын. Оның шағымдары тиісті жерге жетпейді. Ағамның түрмедегі жағдайы күннен-күнге нашарлап барады. Ол түрмеге түскенде аяғында ойық жара жоқ еді. Бір аяғында ісік пайда болды, кейін ол жазылмайтын жараға айналып, қазір диаметрі бес сантиметр ойықтан сүйегі көрініп тұр. Жарасы қатты ауырып, маза бермегендіктен, ағам ұйықтай алмайды. Байқағанымдай, науқас адам түрмеге түссе, денсаулығы күрт нашарлайды. Жағдайды айтып, шағымдана бастаса, қысымға ұшырайды. Кейінірек қатаң жағдайда ұстайды. Ары қарай табыт мен өлім, - дейді Марина Кузьмина.

Руслан Шахгиреевтің жесірі күйеуі отырған түрмеде емдеу шарасы жүргізілмейтіні, бұл мәселені көтерген тұтқын қысымға ұшырайтыны туралы өте көп шағым жазғанын, тек "хат қабылданды" деген жауап алғанын айтады. Ақпан айында Азаттыққа жағдайын айтқан Марина Кузьмина да шағымдары қаралмайтынын жеткізген. Наурыз айының басында Азаттық ішкі істер министрлігіне тұтқын Василий Кузьминнің жағдайын сұрап, хат жолдады. Министрлік қызметтік тексеріс жүріп жатқанын ғана айтып, жауап берді. Одан бері бір жарым ай өтсе де, ішкі істер министрлігі Азаттыққа тексеріс нәтижесі туралы хабарлаған жоқ.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG