Accessibility links

Азаттық тілшісі өзін әлдекімдердің аңдып, үйіне кірмек болғанын хабарлады


Азаттық тілшісі Елена Вебердің үйінің маңында жүрген белгісіз азаматтар. Теміртау, 30 шілде 2019 жыл.
Азаттық тілшісі Елена Вебердің үйінің маңында жүрген белгісіз азаматтар. Теміртау, 30 шілде 2019 жыл.

Қарағанды облысынан хабар тарататын Азаттық тілшісі Елена Вебердің сөзінше, 30 шілде күні журналистің Теміртаудағы үйіне өзін Қарағанды облысы әкімдігінің қызметкерімен деп таныстырып, «Жұлдыз Жубасбаева» деген атқа ұқсас жазуы бар қызметтік куәлігін көрсеткен әйел кірмек болған. Вебердің айтуынша, үйге келген азамат журналистің жеке басы мен отбасына қатысты деректерді сұраған. Тілші ақпарат беруден бас тартқан.

Біраздан соң үйінен шыққан Азаттық тілшісі сол азаматты үй маңынан тағы көрген. Мұнда не істеп жүргені туралы тілші сауалына «әкімдік қызметкері» нақты жауап бермеген. Вебердің көршілері белгісіз әйелдің өздерінен Азаттық тілшісі мен оның отбасы мүшелеріне қатысты мәлімет сұрағанын айтқан. Біршама уақыттан соң үйіне қайтқан тілші сол маңда азаматтың әлі жүргенін көреді.

Елена Вебер камерасын қосып, азаматтан кім екенін сұрағанда, әйел бетін жауып, әлдекіммен телефонмен сөйлесіп тұрып, сұрақтарға жауап беруден бас тартқан. Біраздан соң оны белгісіз азамат алып кетті. Екеуіне де камерадан жүзін бүркемелеп жатты. Әйелді алып кетуге келген ер кісі де өзін «әкімдік қызметкеріміз» деп таныстырды. Екеуі не мақсатпен жүргендерін айтпастан, кетіп қалған.

Бұдан бөлек, Елена Вебер осы уақытта белгісіз көліктің өзін аңдып жүргенін байқағанын айтады. Тілші облыстық әкімдікке хабарласып, «Азаматтарға қатысты деректерді анықтауға қызметкерлерді жібердіңіздер ме? Әкімдікте «Жұлдыз Жубасбаева» есімді азамат жұмыс істей ме, жоқ па?» сұраған. Әкімдік «ешкімді жібермегенін, тілші айтқан азаматтың өздерінде істемейтінін» айтқан. ​

Елена Вебер болған оқиғаны өзінің кәсіби қызметімен байланыстырады. Оның сөзінше, белгісіз біреулердің түрлі желеумен үйіне кірмек болғаны алғаш емес.

2018 жылдың жазында әлдекімдер Елена Вебер мен оның отбасына қорқыту сипатындағы хат жазып қалдырған. Тілшінің мессенджеріне баласы баратын балабақша мен күйеуінің көлікте отырған суреттерін жолдаған. Суреттер жіберілген телефон нөмірі хат жолданған сәтте бірден өшірілген.

Мұнан соң Азаттық тілшісі Теміртау қаласының полиция бөлімшесіне шағымданған. Арыздан соң қорқыту бабымен қылмыстық іс қозғалды. Бірақ содан бері Вебер тергеуге қатысты ешбір ақпарат алмаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG