Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық соты 1 тамызда Түркістан облыстық "Қоғамдық келісім" мекемесінің бұрынғы басшысы, белсенді Мұхтар Мұхамбетжанға үкім шығарды.
Сот белсендіні "Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе талан-таражға салу" бабымен кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті.
Қалалық соттың баспасөз қызметі Мұхамбетжанның "бөтеннің мүлкін аса ірі көлемде иемденіп алғаны сотта дәлелденді" деді. Одан мемлекет есебіне 29 миллион теңгеден аса қаражат өндіру міндеттелген. Үкімнен кейін белсенді үкіммен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін айтты.
Мұхамбетжан "Тұрғын үй Шымкент" мекемесін басқарып тұрғанда "113 миллион теңге жымқырды" деп айыпталған.
16 сәуірде басталған сот отырыстары жабық өтті. Баспасөз қызметі істе зорлау айыбы болғандықтан процестің жабық өтетінін айтқан. Жәбірленуші тараптың кім екені айтылмайды. Сәуір айының ортасында іс басталған кезде Мұхамбетжан Азаттыққа тергеу кезінде өзіне "қысым жасалғанын" айтқан.
Оқи отырыңыз: Шымкентте сот "қаржы жымқырды" деп айыпталған белсендінің ісін қарай бастады
Мұхтар Мұхамбетжан қылмыстық істі қоғамдық белсенділігімен байланыстырады. Ол - аймақтағы мәселелерді көтеріп, түрлі қоғамдық шараларға қатысып жүрген белсенді.
ПІКІРЛЕР