Accessibility links

Билік Арысты қалыпқа келтіру мерзімін 20 тамызға дейін созды


Арыстағы жарылыс кезінде зақымданған үй. Түркістан облысы, 1 тамыз 2019 жыл.

Қазақстан билігі әскери қоймадағы жарылыстан жапа шеккен Арыс қаласын қалыпқа келтіру мерзімін 20 тамызға дейін созды.

Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин 2 тамызда өткен жиналыстан соң "қаладағы негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды" деп хабарлады. Маминнің сөзінше, жарылыс кезінде зақымданған 7 516 үйдің 6 611-і жөнделген. Премьер-министрдің баспасөз қызметінің жазуынша, Мамин қалған 905 үйді 10 тамызға дейін жөндеп бітуді тапсырған.

"67 көп қабатты үй 20 тамызға дейін жөнделіп бітуі керек. 66 әлеуметтік нысан да сол уақытқа дейін дайын болуы тиіс. Осыған байланысты штабтар жұмысы 20 тамызға дейін жалғасады" дейді Мамин.

Бұған дейін билік Арыстағы мыңдаған үйдің жөнделгенін айтқанымен, Азаттық сөйлескен кейбір тұрғындар "бұзылған үйлері әлі сол күйі тұрғанын" айтқан. Кеше, 1 тамызда Түркістан облысы Арыс қаласының әкімдігіне барған бірнеше тұрғын "жарылыс кезінде бүлінген үйлері жөнделмей жатқанына" шағымданған.

Оқи отырыңыз: Арыста ондаған тұрғын жаңа үй салуды талап етеді

Әуелі билік "жарылыс кезінде бұзылған үйлерді қалпына келтіру жұмыстары 1 тамызға дейін аяқталады" деп мәлімдеген. Облыс әкімдігінің мәліметінше, Арыста 8635 ғимарат болса оның 7198-і жөндеуді қажет ететіні анықталған. 6059 үйдің шатыры жабылып, есік терезесі жаңадан салынған. Бұл үйлердің ішкі жөндеу жұмысы қалған. Арнайы комиссия 433 үйді сүріп, қайта салуға шешім шығарған. Оның төртеуі біткен. Зақымданған 46 үйдің иесі үйін жөндеуге келіспей отыр.

Үкімет басшысы Мамин Арысқа келген күні, 2 тамызда жарылыс құрбандары тағы бір адамға артқаны хабарланды. Жарылыс кезінде бас сауғалап жүріп көлік астына түскен соң бір айдан астам уақыт ес-түссіз жатқан Аян Шәріпбек көз жұмды. Бұған дейін билік бір тұрғын мен екі әскеридің қаза тапқанын хабарлаған.

24 маусымда Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қойма жарылды. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жарылыстан үш адам (Арыс тұрғыны мен екі әскери) қаза тауып, 400-ден астам адам дәрігер көмегіне жүгінген. 27 маусымда Шымкентте шеруге шыққан жүздеген арыстық соңғы он жыл ішінде төрт рет жарылыс болған Арыс қаласына бармайтынын айтып, биліктен өздерін басқа жаққа көшіруді талап еткен. Ертеңінде 28 маусымда Шымкент пен көрші елді мекендерді уақытша паналаған арыстықтар үйлеріне оралды.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

"Маскасыз қоғамдық орында шулап, басқа адамдарға қауіп төндірмеңіз"
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:25 0:00
XS
SM
MD
LG