Accessibility links

Жээнбеков: Атамбаев енді ауыр қылмысқа күдікті


Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков 8 тамызда Жогорку Кенештің кезектен тыс сессияында «бұған дейін Атамбаев тергеуге куәгер ретінде шақырылып келсе, енді ауыр қылмысқа күдікті ретінде шақырылады» деді.

Жээнбековтің сөзінше, бас прокуратура елдің экс-президенті Алмазбек Атамбаевты тиіспеушілік статусынан айырып, оның үстінен бес қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

«Тергеу кезінде басқа фактілер бойынша деректер табылды. Ол туралы алдағы уақытта білесіздер. Кеше Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті Атамбаевты күшпен тергеуге әкелуге тырысқан еді, бірақ оның жақтастары қарулы қарсылық көрсетті. Олар заң шеңберінен шығып кетті. Зардап шеккендер бар, адам өлді. Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кінәлілер жауап береді» деді Жээнбеков.

Ол Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы Орозбек Опумбаевтың отставкаға кету туралы өтінішін қабылдамайтынын, «жағдай реттелген соң бұл мәселеге қайта оралатынын айтты.

Бұған дейін Опумбаев Кой-Таштағы жағдайға байланысты отставкаға кетуге дайын екенін айтқан.

7 тамызда Бішкек уақытымен кешкі сағат сегіз шамасында арнайы жасақ экс-президент Алмазбек Атамбаевты ұстау операциясын бастаған. 8 тамыз түнгі үш шамасында арнайы жасақ Кой-Таштан шықты, Алмазбек Атамбаевты ұстаған жоқ. Операция кезінде арнайы жасақтың бір мүшесі қаза болып, 52 адам жараланған.Олардың жартысы - арнайы жасақ өкілі. Қазір 31 адам ауруханада жатыр. Шу ауданы ішкі істер басқармасының бастығы Самат Құрманқұлова ес-түссіз жатыр. Оған екі рет операция жасалған.

Оқи отырыңыз: Кой-Ташта не болды?

Атамбаевтың жақтастары оның үйінде арнайы жасақтың алты мүшесін кепілдікте ұстап отыр. Олар биліктен Кой-Ташқа жарық беруді талап етеді.

27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған. Кейін ІІМ Атамбаевты тергеуге шақыра бастады.

Қырғызстанның бұрынғы президентіне қызметте жүріп жемқорлыққа жол берді, өкілетін асыра пайдаланды және заңсыз байыды деген сияқты жалпы саны бес айып тағылған. Прокуратура Атамбаев қылмыстық топтар арасында танымал Азиз Батукаевтың заңсыз босатылуымен байланысты істе куәгер ретінде танылғанын мәлімдеген.

Атамбаев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, өзін тергеуге шақырудың саяси астары бар деп мәлімдеген. Ол Азиз Батукаевты босатуға қатысы жоғын да айтады.

Атамбаев Қырғызстанды 2011-2017 жылдары басқарған. Оның орнына билікке 2017 жылдың соңында сайлау жолымен Сооронбай Жээнбеков келген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG