Accessibility links

Атамбаевты ұстау операциясында арнайы жасақ өкілі қаза болды


Арнайы жасақ Атамбаевты ұстау операциясын қалай бастады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:20 0:00

Видео: Арнайы жасақ Атамбаевты ұстау операциясын қалай бастады?

Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті Кой-Ташта елдің экс-президенті Алмазбек Атамбаевты ұстау операциясын ұйымдастырып, оны үйінен әкетуге талпыныс жасады. Атамбаев үйінің маңындағы операция кезінде ондаған адам жараланып, арнайы жасақтың бір қызметкері қаза болды. Тиіспеушілік статусынан айырылған Атамбаевқа елдің қазіргі билігі бірнеше айып тағып, тергеуге шақырғанымен, ол барудан бас тартқан.

Арнайы жасақ елдің экс-президенті Алмазбек Атамбаевтың Кой-Таштағы үйіне келіп, оны ұстауға әрекеттенді. Операция Бішкек уақытымен 7 тамыз кешкі сегіздер шамасында басталды. Ал 8 тамыз түнгі үш шамасында арнайы жасақ күштері Кой-Таштан кетті, Алмазбек Атамбаевты ұстаған жоқ.

Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті (МҰҚК) операцияға келген арнайы жасақ тек резеңке оқтармен қаруланғанын мәлімдеді. Операция болып жатқан сәтте Атамбаевтың жақтастары оның үйде екенін айтты.

Атамбаевтың қызы Алия Шагиева Instagram парағында әкесінің ұсталмағанын жазды. «Біріншіден, әкем ешқайда қашқан жоқ. Ешкім оны ұстаған жоқ. «Ол қауіпсіз жерде» деген сөз – жалған. Ол Кой-Ташта» деді Шагиева постында.

Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі операция кезінде жүрегіне оқ тиген арнайы жасақ мүшесі ауруханада көз жұмғанын мәлімдеді. Ол 22 жаста болған. Министрлік 41 адамның жараланғанын, біразы ауруханаға жеткізілгенін хабарлады. Жараланғандар арасында арнайы жасақтың 15 өкілі бар.

Кой-Ташта тұрған жедел жәрдем көліктері. Кой-Таш, 7 тамыз 2019 жыл.
Кой-Ташта тұрған жедел жәрдем көліктері. Кой-Таш, 7 тамыз 2019 жыл.

Денсаулық министрлігі Кой-Ташқа бірнеше жедел жәрдем бригадасын жібергенін мәлімдеді. Министрлік жараланғандардың біразы Бішкек травматология және ортопедия ғылыми зерттеу орталығына жеткізілгенін хабарлады. Министрлік Кой-Ташта уақытша медициналық бөлімше ашты.

Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшілерінің хабарлауынша, 7 тамыз кешкісін Кой-Таш аймағында ұялы байланыс нашарлап, полиция ауылға кіреберісті қоршауға алды. Атамбаевтың жақтастары Кой-Ташқа кірер жолдағы ағаштарды құлатқаны айтылды.

Операция басталған соң Алмазбек Атамбаевтың қолдаушылары полиция қоршауын бұзып, бұрынғы президент үйінің ауласына өткен. Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшісінің хабарлауынша, Атамбаев үйінің ауласында өрт шығып, ол кейін сөндірілген.

Ел ішінде арнайы жасақтың Атамбаев жақтастарына берілгені жайлы ақпарат тараған. Бірақ бұл ақпаратты МҰҚК жоққа шығарды. МҰҚК арнайы жасақтың тек резеңке оқ қолданғанын айтады. Бірақ Атамбаев жақтастары "Апрель" телеарнасы арқылы операция болған үй маңынан мылтық оқтарын да тапқанын жеткізді.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков қысқа мерзімді демалысын үзіп, Бішкекке қайтып келгені хабарланды. Жээнбеков 5 тамызда қысқа мерзімді демалысқа шыққан.

РИА Новости ақпарат агенттігі Кремльге сілтеме жасап, Ресей президенті Владимир Путиннің Қырғызстандағы жағдайды бақылап отырғанын жазды.

Атамбаев үйінің маңы. Кой-Таш, 7 тамыз 2019 жыл.
Атамбаев үйінің маңы. Кой-Таш, 7 тамыз 2019 жыл.

Жогарку Кенештің депутаты Чыныбай Турсунбеков Атамбаевты ұстау әрекеті кезіндегі жанжалды «Қырғызстанның абыройына дақ салатын өкінішті жағдай» деп бағалады. Ол Азаттықтың Қырғыз қызметіне «Мәселе тіл табысу жолы арқылы шешілу керек еді. Өзара түсіністік әрекеті жоқ. Бәрі амбицияға тірелген оқиға» деді.

Ал «Бүтүн Кырғызстан» саяси партиясының жетекшісі Атахан Мадумаров арнайы жасақтың қару қолдануының заңдылығына күмән келтіреді. Мадумаровтың пікірінше, бұл жағдайды Жогорку Кенеш шұғыл сессия шақырып, талқылауы керек.

Жогорку Кенештің тағы бір депутаты, «Ата Мекен» фракциясының жетекшісі Алмамет Шыкмаматов оқиғаға байланысты «президент, парламент пен үкімет тез арада бас қосып, ақылдасуы керек» деді.

Алмазбек Атамбаев Кой-Ташта. 27 маусым 2019 жыл.
Алмазбек Атамбаев Кой-Ташта. 27 маусым 2019 жыл.

27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған. Кейін ІІМ Атамбаевты тергеуге шақыра бастады.

Қырғызстанның бұрынғы президентіне қызметте жүріп жемқорлыққа жол берді, өкілетін асыра пайдаланды және заңсыз байыды деген сияқты жалпы саны бес айып тағылған. Прокуратура Атамбаев қылмыстық топтар арасында танымал Азиз Батукаевтың заңсыз босатылуын тексеру ісі бойынша куәгер ретінде танылғанын мәлімдеген.

Атамбаев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, өзін тергеуге шақырудың саяси астары бар деп мәлімдеген. Ол Азиз Батукаевты босатуға қатысы жоғын да айтады.

Атамбаевтың ондаған жақтасы 22 маусымнан бері оның Кой-Таштағы үйінің маңынан лагерь құрып, штаб ашқан. 3 шілдеде Бішкекте Алмазбек Атамбаевтың жақтастары наразылық шарасын өткізіп, қазіргі биліктің отставкаға кетуін талап етті. Бұл шараға Атамбаевтың өзі де қатысқан.

Шілденің соңында Атамбаев Ресейге барып келген. Онда Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен. Атамбаевтың сөзінше, ол Путинмен Қырғызстандағы ахуал, саяси тұрақтылық қажеттігі жайлы сөйлескен.

Кремльдің хабарлауынша, Путин Атамбаевпен "аймақ пен Қырғызстандағы ахуалды" талқылаған. Хабарламада Путиннің қырғыздарды қазіргі президент төңірегіне топтасып, мемлекет дамуына көмектесуге шақырғаны да айтылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG