Accessibility links

Парламенттік комиссия Атамбаевқа алты айып тақты


Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев.

Қырғызстанда елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айыру мәселесі бойынша парламент депутаттарынан құралған арнайы комиссия жұмысын аяқтады.

БҰРЫНҒЫ ПРЕЗИДЕНТКЕ ТАҒЫЛҒАН АЙЫПТАР

Қырғыз парламентінің бір топ депутатынан құралған арнайы комиссия қорытындысы бойынша, бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевқа 6 айып тағылды. Ал бұған дейін жария етілген 3 айыптағы іс-әрекеттер Атамбаев президент болған тұста емес, басқа уақытта жасалғандықтан депутаттар оларды қарамауды ұйғарды.

Комиссияның қорытындысын қазір парламенттің құқық тәртібі, сот-құқық мәселесі және қылмыспен күрес жөніндегі комитеті қарап жатыр. Оның нәтижесі кейін жарияланбақ.

Маусымның 17-і күні комиссия отырысында Алмазбек Атамбаевқа келесідей айыптар тағылды:

  • премьер-министр болып тұрғанда қызмет жағдайын пайдаланып, арасында ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері де бар Ресейдің 123 азаматына қару берген;
  • коррупциялық жолмен заң бұзып, қылмыс әлеміне танымал атышулы Азиз Батукаевты қамаудан босатуға бұйрық берген;
  • 2011 жылы 35,65 гектар егістік жерді пайдалану мақсатын заңсыз өзгерткен;
  • Кой-Таш ауылынан заңсыз жер алып, кейін оған үй салған;
  • "Ака инвест" және "Терексай Жаштары" компаниялары арқылы күмәнді ақшаны заңдастырған;
  • Бішкек жылу энергетикалық орталығын жаңғырту кезіндегі коррупциялық іс-әрекеттерге араласқан;
  • Бішкекке көмір сатқан компанияның мүддесін қорғаған;
  • өзін сынаған саясаткерлер мен журналистерді қудалаған.

Қырғызстан ішкі істер министрлігінің тергеу қызметі бастығының орынбасары Мырзалы Жумаев Батукаевтың ісінде Атамбаевтың аты аталатынын хабарлады.

Мырзалы Жумаев. Бішкек, 17 маусым 2019 жыл.
Мырзалы Жумаев. Бішкек, 17 маусым 2019 жыл.

"ІІМ қызметі Батукаевты қамаудан заңсыз босату туралы іс аясында тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Біз бұл іс бойынша БАҚ-қа тиісті мәліметтерді бердік. Сол кездегі министрлердің іс-әрекеттеріне заңды баға беру жөнінде тергеу жүріп жатыр. Премьер-министрдің бұрынғы орынбасары Шамиль Атаханов тергеу кезінде "Батукаевты босатуға Алмазбек Атамбаевтың қатысы бар. Тапсырма берілді" деп айтты" дейді Жумаев.

Комиссия отырысына қатысқан құқық қорғау органдарының өкілдері Алмазбек Атамбаевқа тағылған тоғыз айыптың төртеуі жайлы ақпарат берді. Өзге бес айыпта көтерілген мәселелер жауапсыз қалды. Отырыс кезінде Атамбаевқа тағылған "қару беру", "жерді пайдалану мақсатын заңсыз өзгерту" тәрізді айыптар бойынша ешқандай тергеу амалдары жүргізілмегені анықталды.

Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеу басқармасы бастығының орынбасары Сагынбек Самидинуулы бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевтың Бішкек қаласының жылу энергетикалық орталығын жаңғырту жұмыстарына қатысы бар-жоғы тексеріліп жатқанын айтады.

Сагынбек Самидинуулу.
Сагынбек Самидинуулу.

"Бұл факт қылмыстар мен теріс іс-әрекеттердің бірыңғай тізбесіне тіркелген. Бұрынғы президенттің қатысы туралы материалдар Қылмыстық кодекстің 319-бабы ("Жемқорлық") бойынша жеке өндіріске алынып, Бас прокуратураға жолданды" деді Сагынбек Самидинуулу.

Бішкек қаласының жылу энергетикалық орталығын жаңғырту кезінде жемқорлық іс-әрекеттерге барған деген күдікпен бұрын жоғары лауазымды қызмет атқарған сегіз адамға "Жемқорлық" және "Қызмет бабын теріс пайдалану" баптары бойынша айып тағылған. Олардың арасында бұрынғы премьер-министрлер Сапар Исаков пен Жанторо Сатыбалдиев те бар. Қазір айыпкерлердің ісі бойынша сот процестері өтіп жатыр.

Депутаттық комиссия отырысында Алмазбек Атамбаевтың билігі тұсында "билікті басып алуға әрекет жасады" деген айып талғаны саясаткерлер де мәлімдеме жасады. Олардың бірі Бектур Асанов Бас прокуратурадан Атамбаевтың үстінен неғұрлым тезірек қылмыстық іс қозғауды талап етті.

"Біз бүгін бас прокурор Откурбек Жамшитовтен 10 күннің ішінде Алмазбек Атамбаевтың үстінен мемлекеттік билікті иемденіп алу, ұйымдасқан қылмыстық клан құру, саяси және экономикалық жемқорлық істерді ұйымдастыру дегне айыптар бойынша қылмыстық іс қозғауды тағы да талап етуіміз керек. Қырғызстан Конституциясының 5-бабының 2-бөлігіне сәйкес, мемлекеттік билікті иемденіп алу аса ауыр қылмысқа жатады. Ал Конституцияның 6-бабының 1-бөлігінде "Конституция ең жоғары заңды күші бар және Қырғыз Республикасы аумағында ол тікелей қолданылады" деп жазылған. Сондықтан тиіспеушілік мәртебесінен айыру жайлы бұл саяси ойындар мен интриганы, сондай-ақ жаңа заң қабылдануын күтейік деген сылтауды доғару керек" дейді Бектур Асанов.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айыру жөніндегі депутаттық комиссияның отырысы. Бішкек, 17 маусым 2019 жыл.
Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айыру жөніндегі депутаттық комиссияның отырысы. Бішкек, 17 маусым 2019 жыл.

"Халық парламенті" саяси қозғалысының мүшесі Бекболот Талгарбеков өзінің және онымен бірге сотталған адамдардың басында болған жағдайды "1937-1938 жылдары болған репрессиялармен" салыстырды. Атамбаев билікте болған кезде сотталған тағы бір саясаткер Кубанычбек Кадыров бұрынғы президент пен оның тұсында жоғары қызмет атқарғандардың дүние-мүлкін тексеруді ұсынды.

АТАМБАЕВТЫҢ ЖАУАБЫ

Қырғызстан социал-демократиялық партиясы саяси кеңесінің мүшесі Кундуз Жолдубаева бұрынғы президентті тиіспеушілік мәртебесінен айыру мәселесі бойынша депутаттық комиссияның таққан айыптарына Алмазбек Атамбаевтың жауабын жеткізді.

Кундуз Жолдубаева.
Кундуз Жолдубаева.

"Мен бұрынғы президентпен сөйлестім. Ол Матраимовтар мен Жээнбековтер басқаратын клан қоғам назарын коррупициядан басқа жаққа бұруға тырысып жатыр деп айтты" деп мәлімдеді Кундуз Жолдубаева.

Бұған дейін ҚСДП заңгері Нурбек Касымбеков бұрынғы президентті тиіспеушілік мәртебесінен айыру мәселесі бойынша депутаттық комиссия заңсыз құрылған деп мәлімдеген.

"БҰЛТАРТПАС АЙҒАҚ-ДӘЛЕЛ КЕРЕК"

2017 жылы қарашада сот үкімі бойынша сегіз жылға бас бостандығынан айырылған, қазір Мирсаид Миррахимов атындағы кардиология және терапия ұлттық орталығында емделіп жатқан "Ата Мекен" партиясының лидері Омурбек Текебаев маусымның 16-сы күні Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұхбатында Алмазбек Атамбаевқа айып тақпас бұрын, барлық деректі аса мұқият зерттеп, бұлтартпас айғақ-дәлелдер табылғаннан кейін оны жауапқа тарту керек деп мәлімдеген.

Қырғызстандық қоғам қайраткері, саясаткер Азимбек Бекназаров Азаттыққа берген сұхбатында Атамбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айыру мәселесі бойынша құрылған депутаттық комиссияның жұмысы жайлы пікірімен бөліскен еді.

Азимбек Бекназаров.
Азимбек Бекназаров.

"Олар Атамбаев билікті иемденіп алды немесе жемқорлыққа барды дейді. Бірақ ол соның бәрін жеті жыл бойы осы парламентпен бірге жасады ғой. Осы парламент бекіткен үкіметпен бірге жасады. Үкіметті бекітетін де, тарататын да парламент. Шетелден несие және грант түрінде алынған инвестицияның ратификациялайтын да парламент. Егер олар Атамбаевты ауыр қылмыс жасады деп айыптайтын болса, ол "Үкіметті өздерініз тағайындағансыздар, менің ондай құқығым бар ма?" деп жауап беруі мүмкін. Кейбіреулер Атамбаев қолымызды қайырғандай қылды деп ақталады. Бірақ тіпті қолыңды қайырса да ол дауыс беру керек деген сөз емес қой. Міне осы жайттардың барлығы Атамбаевтың пайдасына болып тұр. Комиссияның құрамы мен сапасы да күмән тудырады. Оған Атамбаев президент болып тұрғанда зардап шеккендер, соның билігі кезінде қылмыстық іс қозғалып, айып тағылғандар енген. Қылмыстық кодексте мұндай комиссияларға өз мүддесін көздемейтін, бейтарап адамдар енуі керек деп жазылған" дейді ол.

Қырғызстан парламенті маусымның 13-і күні елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевқа айып тағу үшін оны тиіспеушілік мәртебесінен айыру мәселесін қарап, қорытынды жасайтын арнайы комссия құрған. Оның құрамына парламент депутаттары Каныбек Иманалиев, Омурбек Бакиров, Евгения Строкова, Кожобек Рыспаев, Максатбек Эгембердиев, Талант Мамытов, Бактыбек Райымкулов, Жыргалбек Турускулов, Алтынбек Жунусуулу, Бактыбек Турусбеков, Канатбек Исаев және Алмазбек Токторов енген.

Оның алдында парламенттегі "Қырғызстан" фракциясының жетекшісі, депутат Канатбек Исаевтың бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айыру туралы бастамасына 60 депутат қолдау білдірген.


Комиссия Атамбаевқа депутаттар таққан айыптарды зерттегеннен кейін өз ұсынысын енгізеді деп хабарланған. Егер бас прокуратура Алмазбек Атамбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғауға негіз бар деп тапса, онда тағы да парламентке жүгінеді. Егер комиссияның қорытындысын парламент мүшелерінің кемінде үштен екісі - 80 депутат қолдайтын болса, онда бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев тиіспеушілік мәртебесінен айырылады.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің материалынан аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG