Accessibility links

Ақтөбеде құқық қорғаушы саяси тұтқындарды босатуды талап етті


Құқық қорғаушы Әлима Әбдірова Ақтөбеде саяси тұтқындарды қолдау акциясын өткізіп тұр. 8 тамыз 2019 жыл.
Құқық қорғаушы Әлима Әбдірова Ақтөбеде саяси тұтқындарды қолдау акциясын өткізіп тұр. 8 тамыз 2019 жыл.

8 тамызда Ақтөбеде Әбілқайыр хан даңғылындағы Абай ескерткіші жанында құқық қорғаушы Әлима Әбдірова жалғызадамдық пикет өткізді. Қолына "Жәкішев, Атабек, Боқаевқа бостандық!" деген жазуы бар плакат ұстаған белсенді ары-бері өткен азаматтардан "елдегі саяси тұтқындар Мұхтар Жәкішев, Арон Атабек, Макс Боқаев жайлы білесіздер ме, естуіңіз бар ма" деп сәт сайын сұрап отырды. Адамдардың бірі "асығыс едім" деп акцияға назар аудармаса, бірі олардың кім екенін сұрап, білгісі келді. Кейбір жастар Әбдіровамен бірге селфиге түсті, кейбір ересек азаматтар бастарын изеп қана өтті.

- Көбі күлімсірейді, қолдайды. Қолдайды, бірақ тіпті бір ауыз сөз айтудан қорқатындар бар. Бірақ ештеңе демесе де, кейбірінің көзқарасынан қолдайтыны білініп тұрды. Кейбірі тезірек жүріп, "құтылғысы" келеді. Олардың уақыты жоқ. Қалай болғанда да нан табу керек қой. Бірақ бәріміз әртүрліміз ғой. Бір пайыз ғана болсын, оқиғаға жаны ашып қарайтындар бар, сонысы қуантады. Бұл адамдар оған лайық, - деді Әлима Әбдірова Азаттық тілшісіне.

Ол акция кезінде қылмыстық іс бойынша тұтқынға алынған көп балалы ана Оксана Шевчук, "араздық қоздыру" бабы бойынша айыпталған, саяси тұтқын ретінде танылған Алмат Жұмағұлов және өзге де азаматтардың есімін атап, билік оларды босатуы тиіс деді.

Ол соңғы кезде өз пікірін қорықпай жеткізіп жүрген адамдар саны көбейгенін айтып, бұл құбылысқа қуанатынын да жеткізді. Құқық қорғаушы шамамен жарты сағат тұрған соң плакатын жиып, кетіп қалды.

Елде саяси тұтқындарды босатуды талап еткен акциялар бұған дейін Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей, Шымкентте де өткен.

Мұндай акциялардың соңғы кезде жиі өтуіне жақында соттың Мұхтар Жәкішевті түрмеден босатпау туралы шешімі түрткі болған.

24 шілдеде Семей қалалық №2 сотының судьясы Ермек Шымыров "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырмады. Жәкішевтің мемлекет алдында 99 миллиард теңгеден астам қарызы бар екенін айтқан судья оны қамаудан ерте босата алмайтынын айтқан.

Сотта қорғау тарабы екі қылмыстық іс бойынша Жәкішевтің мемлекетке қарызын туыстары өтегенін, "қарызды өтемеу" мерзімінен бұрын босап шығуға кедергі бола алмайтынын айтқан еді.

55 жастағы Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда ұсталған соң "сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады" деп айыпталып, 14 жылға сотталған. Оған "Венада (Австрия) "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының заңсыз өкілдігін ашу арқылы пайда тапты, астыртын касса ұстады, күзетшісіне қосымша еңбекақы төлеп келген" деген айып тағылған еді.

Қазір ол жазасын Семей қаласындағы қатаң режимдегі колонияда өтеп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG