Accessibility links

Семейде белсенділер Жәкішев пен өзге де тұтқындарға бостандық талап етті


Азаматтық белсенді Динара Мүбәрак түрмедегі Мұхтар Жәкішевке бостандық талап етіп, Семей қалалық №2 соты алдында жалғыз адамдық пикетте тұр. Семей, 9 тамыз 2019 жыл. Фото авторы - Роллан Машпиев.
Азаматтық белсенді Динара Мүбәрак түрмедегі Мұхтар Жәкішевке бостандық талап етіп, Семей қалалық №2 соты алдында жалғыз адамдық пикетте тұр. Семей, 9 тамыз 2019 жыл. Фото авторы - Роллан Машпиев.

Семейлік белсенділер Динара Мүбәрак пен Дилара Аманқұлова 9 тамызда жалғыз адамдық пикетке шықты. Олар қазір Семейдегі түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев пен құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп санайтын өзге де қамаудағы азаматтарға бостандық беруді талап етті.

Дилара Аманқұлова Семей прокуратурасының қасына, ал Динара Мүбәрак қалалық №2 сотының алдына "Мұхтар Жәкішевке бостандық талап етемін!" деген жазуы бар плакат ұстап шыққан. Жарты сағаттан астам уақыт жалғасқан акциядан соң белсенділер тарады, оларды ешкім ұстаған жоқ деп хабарлады семейлік белсенді Роллан Машпиев Азаттыққа.

Бұған дейін, тамыздың 5-і және 7-інде семейлік белсенділер қалалық прокуратура мен №2 сот алдында Мұхтар Жәкішевті қолдап дәл осында наразылық акциясын өткізген. Ол жолы да бір сағатқа жуық жалғасқан шара ың-шыңсыз аяқталған, ешкімді ұстамаған.

24 шілдеде Семей қалалық №2 сотының судьясы Ермек Шымыров қамаудағы Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын бостандыққа шығаруды сұраған өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан соң Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жергілікті белсенділер Жәкішев пен қазақстандық құқық қорғаушылар саяси тұтқындар тізіміне енгізген өзге де азаматтарға бостандық беруді талап етіп акциялар өткізген. Бұған дейін мұндай акцияларға шыққандарды дереу ұстап әкететін билік соңғы кездері пикетке шыққандарды ұстамай, тек сырттай бақылаумен шектелді дейді белсенділер.

Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар барын жоққа шығарады.

Оқи отырыңыз: "Уақытша жылымық" па, реформаға бетбұрыс па?

Биыл 56 жасқа толған Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда ұсталған соң "сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады" деп айыпталып, 14 жылға сотталған. Оған "Венада (Австрия) "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының заңсыз өкілдігін ашу арқылы пайда тапты, астыртын касса ұстады, күзетшісіне қосымша еңбекақы төлеп келген" деген айып тағылған еді. Түрмеде отырған кезде үшінші топ мүгедектігін алған Жәкішев өзіне тағылған айыптармен келіспейді.

Қазір ол жазасын Семей қаласындағы қатаң режимдегі колонияда өтеп жатыр.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG