Accessibility links

Reuters: Ресей полигонында ядролық отын қолданатын зымыран двигателі жарылған болуы мүмкін


Ядролық отын қолданатын ресейлік зымыранның аспанға көтерілген сәті. 2018 жыл.
Ядролық отын қолданатын ресейлік зымыранның аспанға көтерілген сәті. 2018 жыл.

Ресейдің Архангельск облысындағы әскери полигонда болған апат ядролық отын қолданатын зымыран двигателінің жарылуынан туындауы мүмкін. Бұл ақпаратты америкалық сарапшыларға сілтеме жасаған Reuters агенттігі хабарлады.

Сарапшылардың болжамынша, апат ядролық қондырғысы бар қанатты зымыранды сынақтан өткізу кезінде болған. Бұл қондырғы жайлы өткен жылы Ресей президенті Владимир Путин айтқан. Ресей бұл зымыранды 9М730 "Буревестник" деп атаса, НАТО SSC-X-9 Skyfall деп атайды.

Ресейдің қорғаныс министрлігі 8 тамызда сұйық зымыран двигатель құрылғысын сынақтан өткізу кезінде екі әскери қызметкердің қаза тапқанын, алты адамның жараланғанын мәлімдеген. Росатом бес қызметкерінің көз жұмғанын хабарлады. Министрлік дерегінше, апат кезінде ауаға зиянды заттар таралмаған.

Америкалық ғалымдар федерациясының өкілі Анкита Панда сөзіне сүйенген Reuters -дің жазуынша, сұйық отынды қолданатын зымыран двигательдерінен радиация бөлінбейді. Алайда агенттіктің хабарлауынша, полигоннан шамамен 30 шақырым жерде орналасқан көрші Северодвинскі қаласының ресми сайты 8 тамызда жарылыстан соң қалада радиация деңгейінің белгілі бір уақыт аралығында "қатты жоғарылағанын" жазған. Бірақ 9 тамызда бұл хабарлама жойылған.

Миддлбери халықаралық зерттеулер институтының өкілі Джеффри Льюис Reuters агенттігіне ядролық қондырғысы бар қанатты зымыранды сынақтан өткізу кезінде апат болуы мүмкін деген. Льюис пен институт қызметкерлері полигонның спутниктен түсірілген суреттері мен жанама деректерге сүйене отырып тұжырым жасаған.

Олар жарылыс болған күні жағалаудағы кемелердің автоматты идентификация жүйесі (AIS ) сигналдарын зерттеген. Зерттеу барысында кемелердің бірі "Серебрянка" теплоходы екені анықталған. Бұл - сұйық радиоактивті қалдықтарды жинап, сақтайтын арнайы кеме. Льюистің сөзінше, қарапайым двигателі бар зымыранды сынақтан өткізу үшін мұндай кеменің болуы шарт емес.

Бұған қоса, Льюистің айтуынша, AIS сигналдарын зерттеу нәтижесі бөтен кемелерді жібермес үшін "Серебрянка" теплоходының жағалауға сынақ өтпей тұрып бір ай бұрын орналасқанын да көрсеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG