Accessibility links

Саяси тұтқындардың отбасына арнап "асар" ұйымдастырды


"Елде тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталып, қамауға алынған көп балалы ана Оксана Шевчук (сол жақта) және Жазира Демеуова сот отырысын күтіп отыр. 31 мамыр 2019 жыл.
"Елде тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталып, қамауға алынған көп балалы ана Оксана Шевчук (сол жақта) және Жазира Демеуова сот отырысын күтіп отыр. 31 мамыр 2019 жыл.

10 тамызда кешке Алматыда саяси тұтқындардың отбасына көмек көрсету акциясы ұйымдастырылды. Белсенді Данияр Хасеновтің Азаттыққа айтуынша, шамамен елу шақты адам қамауда отырған көп балалы, жалғызбасты аналар Оксана Шевчук, Жазира Демеуова, Гүлзипа Жаукерова, қапшағайлық белсенді Еркін Қазиев, "әлеуметтік араздық қоздыру" бабы бойынша сотталған азаматтар Алмат Жұмағұлов, Кенжебек Әбішевтің отбасына қолдау көрсету мақсатында азық-түлік, киім-кешек, мектепке қажетті құрал-жабдықтар, гигиеналық заттар әкелген. Жиналғандар саяси тұтқындарға қолдау білдіріп, жылы сөз айтқан.

- Саяси тұтқындардың туыстарын да осы жерге шақырдық. Делдалсыз заттарды тікелей қолдарына тапсыру үшін. Мысалы, Жазира Демеуованың отбасынан қызы келді. Ал Гүлзипа Жаукерованың отбасына Оксананың анасы апарып беретін болды. Алмат Жұмағұлов пен Кенжебек Әбішевтің әйелдері де келді, - деді Данияр Хасенов.

​Оның айтуынша, "асар" жайлы хабарлама әлеуметтік желі арқылы тараған. Ол алдағы уақытта осындай акцияны айына бір рет ұйымдастыруды жоспарлап отырғанын да айтты. Хасеновтің сөзінше, шараны полиция қызметкерлері бақылағанмен шараның өтуіне кедергі жасамаған.

Дәл осындай акция бүгін Нұр-Сұлтан мен Талдықорғанда да жоспарланған. Бірақ акцияны ұйымдастырушылармен Азаттық тілшісі сөйлесе алмады.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, Қазақстанда саяси көзқарасы немесе азаматтық позициясы үшін қудаланып, түрмеде отырған 27 саяси тұтқын бар.

Тамыздың 10-ы күні елде саяси тұтқын ретінде танылған кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабай мен павлодарлық журналист Ярослав Галышкиннің түрмеден босап шыққаны хабарланды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәлидің хабарлауынша, "билікке өкінетіні жайлы хат жазып, кешірім сұраған" екі сотталушыға президент рақымшылық жасап, босатқан. Биліктің бұл әрекетін әлеуметтік желі қолданушылары әртүрлі бағалады.

Билік саяси тұтқындар бар екенін мойындамайды. Елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы Саяси репрессия құрбандарын еске алу күнінде "азаматтардың құқығы мен еркіндігі қорғалатын Қазақстанда саяси қудалау мен тұтқындардың жоқ" деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG