Accessibility links

Билік уәде еткен 100 мың теңгені алмаған арыстықтар әкімдікке келді


Үйлерінің жөндеу сапасына наразы болып, үкімет уәде еткен 100 мың теңге көмекті ала алмағандарына шағынып, Арыс қаласы әкімдігі алдына келген тұрғындар. Түркістан облысы, 8 тамыз 2019 жыл.

12 тамыз күні Түркістан облысы Арыс қаласы әкімдігінің алдына келген тұрғындар үкімет берген 100 мың теңге (257 доллар) алуға құжат тапсыра алмай отырғанына шағынды.

Таңғы сағат тоғыздан әкімдік алдына келе бастаған тұрғындарды полиция мен әкімдік қызметкерлері ғимарат алдындағы "Мәңгілік ел" саябағының қоршауынан шығармады. Әкімдікте Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев жиналыс өткізді.

Саябақ қоршауының ішінде қалған он шақты тұрғынның бірі жарылыс кезінде зақымданған үйінің жөндеу сапасына көңілі толмайтынын, 100 мың теңге көмекке құжат тапсыра алмай жүргеніне шағымданды. Аты-жөнін айтудан бас тартқан тұрғынның сөзінше, құрылысшылар үйіне жөндеу жүргізгенімен ішкі жұмыстарын шала жасаған. "Қалғанын өзің жасап ал" дейді. Олай болмайды ғой. Далада жатырмыз. Балаларымның да оқуы жақындады. Не істейміз енді?" деді ол.

Тұрғынның мекен-жайын жазып алған әкімдік қызметкері оның тұрғылықты жері бойынша жауапты сектор өкілін шақыртты. Сектор өкілі тұрғынмен сөйлесіп, оны өзімен бірге ертіп әкетті. Әкімдікке үйінің құрылысына көңілі толмайтындармен бірге 100 мың теңге көмекті алуға құжаты өтпей қалған жиырма шақты адам келді.

Олардың айтуынша, бір реттік көмекті алу үшін құжаттарын өткізгенімен ақша ала алмаған. Олардың арызын әкімдік қызметкерлері алып қалды. Әкімдіктің мәліметінше, тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркеуі жоқ тұрғындарға көмек ақша берілмеген.

Көмекті ала алмай қалғандардың нақты қайда тұратынын анықтау үшін өтініш жаздырып, мектеп, балабақша, жұмыс орнынан анықтама жинатып жатыр. Облыс әкімдігі үкіметтен берілетін 100 мың теңге көмек 12 тамыздан бастап тұрғындардың банк картасына түсе бастайтынын хабарлаған.

Арыс әкімі Мұрат Қадырбектің Азаттыққа айтуынша, қалада елу мыңнан аса адам көмекке құжат тапсырған. Қазір бес мың адам ақша түсіруге арналған банк картасын түрлі себеппен алып кетпеген. Құжат әзірлеу кезінде 1800 адамның құжатын екі рет тапсырғаны анықталған. Көмекке ілінбей қалдық деген азаматтардан әкімдікке екі мыңнан аса арыз түскен. "Бұл арыздарды арнайы комиссия тексеріп жатыр" деді әкім.

24 маусымда Арыс қаласында әскери қойма жарылып, төрт адам қаза тапқан. Ресми дерек бойынша, ондағы оқ-дәрінің 70 пайыздан астамы жарылып кеткен. Қаладағы тұрғын үйлердің басым бөлігі бүлінген. 27 маусымда Шымкентте шеруге шыққан жүздеген арыстық соңғы он жыл ішінде төрт рет жарылыс болған Арыс қаласына бармайтынын айтып, биліктен өздерін басқа жаққа көшіруді талап еткен. Ертеңінде 28 маусымда Шымкент пен көрші елді мекендерді уақытша паналаған арыстықтар үйлеріне оралды. Билік Арыстағы әр тұрғынға 100 мың теңге беретінін айтқан.

Бүгін, 12 тамызда Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайлов "Арыс қаласын қалпына келтіру бюджеті – 56,1 миллиард теңге" деген. 4 шілдеде министр Смайлов Арысты қалпына келтіруге 34,5 миллиард теңге қажет деген еді.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG