Accessibility links

БАҚ: АҚШ-тың Ресейдегі елшісі қызметіне Стивен Биегунды ұсынбақшы


Стивен Биегун.
Стивен Биегун.

АҚШ президенті Дональд Трамп Солтүстік Кореямен келіссөздерге Вашингтон атынан қатысқан Стивен Биегунды АҚШ-тың Ресейдегі елшісі қызметіне кандидат ретінде қарастырып жатыр. Бұл туралы Ақ үйдегі дерек көзіне сілтеме жасап Reuters агенттігі хабарлады.

Бұған дейін Vox жаңалықтар сайты Трамп төңірегіндегі адамдарға сілтеме жасап, АҚШ президенті Биегунды Мәскеудегі елші қызметіне негізгі үміткер ретінде атағаны туралы хабарлаған.

Өткен аптада АҚШ-тың Мәскеудегі елшілігі қазір АҚШ-тың Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарып отырған Джон Хантсманның президент Трампқа 3 қазаннан бастап отставкаға кететіні туралы өтініш айтқан хатын жариялаған. Әзірге АҚШ-тың Ресейдегі елшісі қызметіне өзге кандидаттар ұсынылғаны туралы ақпарат жоқ.

56 жастағы Стивен Биегун Мичиган университетінде саяси ғылымдар мен орыс тілін оқыған. 1990 жылдардың басында ол халықаралық республикалық институттың Мәскеудегі өкілдігін басқарған. Кіші Джордж Буш президент болған кезде Биегун Ақ үйдің сыртқы саясат мәселелері жөніндегі кеңесшісі болып істеген. Стивен Биегун биыл ақпанда АҚШ пен Солтүстік Корея арасында өткен саммитті ұйымдастырған негізгі тұлғалардың бірі саналады.

АҚШ пен Ресей қарым-қатынасында соңғы 20 жылдың көлемінде аса күрделі жағдай қалыптасқан шақта АҚШ-тың Мәскеудегі елшісі қызметі де ең қиын жұмыстардың бірі саналады. Елші Хартсман президент Трампқа жазған хатында АҚШ дипломаттарына өздеріне "дұшпан" деп қарайтын ортада жұмыс істеуіне тура келетінін айтқан.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG