Accessibility links

Серікжан Біләш Нұр-Сұлтаннан Алматыға жеткізілді


Серікжан Біләш (оң жақта) пен оның адвокаты Айман Омарова Алматыға ұшар алдында. Нұр-Сұлтандағы бұл үйде Біләш бірнеше ай үйқамақта отырды. 15 тамыз 2019 жыл.
Серікжан Біләш (оң жақта) пен оның адвокаты Айман Омарова Алматыға ұшар алдында. Нұр-Сұлтандағы бұл үйде Біләш бірнеше ай үйқамақта отырды. 15 тамыз 2019 жыл.

«Атажұрт еріктілері» тіркелмеген ұйымының жетекшісі Серікжан Біләш 15 тамызда Нұр-Сұлтаннан Алматыға жеткізілді. Бұл туралы Азаттыққа Біләштің адвокаты Айман Омарова айтты. Ол 14 тамызда Алматыдан Нұр-Сұлтанға арнайы барып, Біләшті Алматыға әкелген.

Қазақстан билігі биыл наурызда Біләшті Алматыдағы қонақүйлердің бірінде ұстап, Нұр-Сұлтанға жеткізген. Оған Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" бабы бойынша (174-баптың 1-бөлігі) айып таққан. Бұл бап бойынша жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Біләш бірнеше ай Нұр-Сұлтанда үйқамақта отырған. Кейін Нұр-Сұлтан соты оның ісін Алматыға қарауға жіберген.

Омарованың сөзінше, Біләшті Нұр-Сұлтаннан Алматыға жеткізгенде жанында екі адам еріп жүрген. Олар ұшақпен Алматыға бірге ұшып келген. Біләш пен адвокатты Алматы әуежайынан полицей кортежі күтіп алып, үйіне жеткізген. Енді ол Алматыдағы баспанасында үйқамақта болады.

Серікжан Біләш 2019 жылы кейбір қазақстандық қоғам қайраткерінің белсендіні айыптаған хаты жарияланғаннан кейін биліктің назарына іліккен. Ақпанда Алматы соты Біләшқа "тіркелмеген бірлестікке жетекшілік жасағаны және қатысқаны" үшін айыппұл салған.

Бұрын Шыңжаңда тұрған этникалық қазақ Серікжан Біләш Қазақстанға келген соң "Атажұрт еріктілері" ұйымын құрған. Ұйым 2017 жылдың көктемінен бастап Қытай билігінің аз ұлттарға көрсетіп жатқан қысымына қарсы шығып, Алматыда түрлі жиындар мен баспасөз мәслихатын өткізді. Туған-туыстары мен жақындары Шыңжаңда қамауда отырғандардан сұхбат алып, видеоларды Youtube және Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларында үздіксіз жариялап келген. Қазақстан билігі бұл ұйымды бірнеше рет тіркеуден бас тартты.

Халықаралық Human Rights Watch ұйымы тамыздың басында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазып, Серікжан Біләшті босатуды талап еткен. Ұйым «Қазақстан билігі араздықты қоздыру бабын белсенділердің аузын жабу үшін қолданып жатыр» деп айыптады.

Бұған қоса ұйым "Біләшқа тағылған айып нақтыланбаса, оны дереу бостандыққа шығару керек" деп санайды ұйым өкілі Хью Уильямсон.

29 шілдеде америкалық Freedom Now үкіметтік емес ұйымы БҰҰ адам құқығы жөніндері жоғарғы комиссариатынан Серікжан Біләштің жағдайына байланысты жедел шара қолдануды сұрады.

Соңғы апталарда Қазақстанда Серікжан Біләшті қолдау акциялары өткен. Шараны ұйымдастырушылар Қазақстан билігінен Біләшті босатуды талап еткен.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG