Accessibility links

Адвокат: Сот Біләштің ісін қарауды кешкі уақытқа қалдырды


Серікжан Біләштің адвокаты Айман Омарова (сол жақта) сот ісі кейінге қалғанын белсендінің жақтастарына хабарлап тұр. Алматы, 16 тамыз 2019 жыл.

Алматының Әуезов аудандық соты "Атажұрт еріктілері" тіркелмеген қоғамдық ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштің ісін қарауды 16 тамыз күнгі сағат 19.30-ға қалдырды. Бұл туралы бүгін сотқа кіріп шыққан соң Біләштің адвокаты Айман Омарова хабарлады.

Бұған дейін Серікжан Біләштің ісі бойынша тыңдау Әуезов аудандық сотында 16 тамыз күні таңертеңгі сағат 10-да басталады деп хабарланған. Жұма күні таңертең сот алдына жиналған белсендінің ондаған жақтасы биліктен Біләшті қудалауды доғаруды және үйқамақтан дереу босатуды талап етті.

Серікжан Біләштің өзі жұма күні таңертең сотқа келген жоқ. Қорғаушысы Айман Омарованың айтуынша, ол сотқа адвокатсыз барудан бас тартқан.

Қытайдың Шыңжаң аймағындағы этникалық азшылыққа қысым жасалғаны туралы мәлімдемелерімен танылған 45 жастағы Серікжан Біләшқа Қазақстан билігі "алауыздық қоздыру" бабы бойынша айып таққан. Белсенді үйқамақта отырған кезде өзіне қысым жасалғаны туралы мәлімдеген.

Сот шешімі бойынша бірнеше айдан бері үйқамақта отырған Серікжан Біләш 15 тамызда Нұр-Сұлтаннан Алматыға ұшақпен жеткізілген. Қазір ол Алматыдағы баспанасында үйқамақта отыр.

Билік Біләшті биыл наурызда Алматыдағы қонақүйлердің бірінде ұстап, Нұр-Сұлтанға апарған. Шілденің соңында Нұр-Сұлтан соты белсендінің ісін Алматының Әуезов аудандық сотының қарауына жолдаған.

Серікжан Біләш 2019 жылы кейбір қазақстандық қоғам қайраткерінің белсендіні айыптаған хаты жарияланғаннан кейін биліктің назарына іліккен. Ақпанда Алматы соты Біләшқа "тіркелмеген бірлестікке жетекшілік жасағаны және қатысқаны" үшін айыппұл салды.

Бұрын Шыңжаңда тұрған этникалық қазақ Серікжан Біләш жетекшілік ететін "Атажұрт еріктілері" ұйымы 2017 жылдың көктемінен бастап Қытай билігінің аз ұлттарға көрсетіп жатқан қысымы туралы мәлімдеп, Алматыда түрлі жиындар мен баспасөз мәслихатын өткізді. Туған-туыстары мен жақындары Шыңжаңда қамауда отырғандардан сұхбат алып, видеоларды Youtube және Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларында үнемі жариялап келді. Қазақстан билігі бұл ұйымды бірнеше рет тіркеуден бас тартқан.

Халықаралық Human Rights Watch ұйымы тамыздың басында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазып, Серікжан Біләшті босатуды талап етті. Ұйым "Қазақстан билігі араздықты қоздыру бабын белсенділердің аузын жабу үшін қолданып жатыр" деп айыптаған. Ұйым өкілі Хью Уильямсон "Біләшқа тағылған айып нақтыланбаса, оны дереу бостандыққа шығару керек" деп мәлімдеді.

29 шілдеде америкалық Freedom Now үкіметтік емес ұйымы БҰҰ адам құқығы жөніндері жоғарғы комиссариатынан Серікжан Біләштің жағдайына байланысты жедел шара қолдануды сұрады.

Соңғы апталарда Қазақстанда Серікжан Біләшті қолдау акциялары өткен. Шараны ұйымдастырушылар Қазақстан билігінен Біләшті босатуды талап етті.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG