Accessibility links

Полиция Біләштің жақтасын бірнеше сағат ұстап, босатты


Бекзат Мақсұтханұлы (ортада) адвокат Айман Омаровамен бірге баспасөз мәслихатында отыр.
Бекзат Мақсұтханұлы (ортада) адвокат Айман Омаровамен бірге баспасөз мәслихатында отыр.

"Атажұрт еріктілер" тіркелмеген қозғалысының жетекшісі Серікжан Біләштің жақтасы Бекзат Мақсұтханұлын 16 тамызда Алматыдағы полиция департаментіне жеткізіп, бірнеше сағат ұстаған. Бұл туралы Азаттыққа Мақсұтханұлының өзі айтты.

"Атажұрт еріктілерінің" мүшесі Мақсұтханұлы Нұр-Сұлтаннан Алматыға келген. Полицейлер оны таңғы тоғыздар шамасында Біләштің үйінің алдынан ұстап әкеткен. Мақсұтханұлы Біләштің сот отырысына бармақ болған. Полицейлер одан не үшін Біләштің үйіне келгенін сұраған.

Қазақстан билігі биыл наурызда Біләшті Алматыдағы қонақүйлердің бірінде ұстап, Нұр-Сұлтанға жеткізген еді. Оған Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" бабы бойынша (174-баптың 1-бөлігі) айып таққан. Бұл бап бойынша жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Біләш бірнеше ай Нұр-Сұлтанда үйқамақта отырған. Кейін Нұр-Сұлтан соты оның ісін Алматыға қарауға жіберген. 15 тамызда ол Нұр-Сұлтаннан Алматыға жеткізіліп, қазір осы қаладағы үйқамақта отыр. 16 тамызда Алматыда Біләштің соты басталып, кейін отырыс кешкі 19.30-ға шегерілген.

Ондаған адам сот алдында Біләшті босатуды талап етті

Ондаған адам сот алдында Біләшті босатуды талап етті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:36 0:00

Мақсұтханұлы Біләштің үйіне келгеннің еш сөкеттігі жоқ деп санайды. Ол Біләш Нұр-Сұлтанда үйқамақта болғанда өзінің үйінде болғанын айтады. Полиция Біләштің адвокаты Айман Омароваға Мақсұтханұлы тексеру жұмыстары үшін бөлімшеге жеткізілгенін айтқан.

Бекзат Мақсұтханұлының ұсталғанын бүгін, 16 тамызда Ақмол ауылындағы АЛЖИР лагерінің алдында өткен наразылық акциясы кезінде де айтылды. Ақмолдағы шарада бір топ адам биліктен Серікжан Біләшті босатуды талап етті.

Шілдеде Мақсұтханұлы бастаған бір топ адам президент әкімшілігіне Біләшті босатуды талап етіп, президент әкімшілігіне хат тапсырған. Шілденің соңында өткен баспасөз жиынында ол Серікжан Біләштің ісін ойдан шығарылған деген.

Бұрын Шыңжаңда тұрған этникалық қазақ Серікжан Біләш Қазақстанға келген соң "Атажұрт еріктілері" ұйымына жетекшілік етті. Ұйым 2017 жылдың көктемінен бастап Қытай билігінің аз ұлттарға көрсетіп жатқан қысымына қарсы шығып, Алматыда түрлі жиындар мен баспасөз мәслихатын өткізді. Туған-туыстары мен жақындары Шыңжаңда қамауда отырғандардан сұхбат алып, видеоларды Youtube және Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларында үздіксіз жариялап келген. Қазақстан билігі бұл ұйымды бірнеше рет тіркеуден бас тартты.

Халықаралық Human Rights Watch ұйымы тамыздың басында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазып, Серікжан Біләшті босатуды талап еткен. Ұйым "Қазақстан билігі араздықты қоздыру бабын белсенділердің аузын жабу үшін қолданып жатыр" деп айыптады.

Бұған қоса ұйым "Біләшқа тағылған айып нақтыланбаса, оны дереу бостандыққа шығару керек" деп санайды ұйым өкілі Хью Уильямсон.

29 шілдеде америкалық Freedom Now үкіметтік емес ұйымы БҰҰ адам құқығы жөніндері жоғарғы комиссариатынан Серікжан Біләштің жағдайына байланысты жедел шара қолдануды сұрады.

Соңғы апталарда Қазақстанда Серікжан Біләшті қолдау акциялары өткен. Шараны ұйымдастырушылар Қазақстан билігінен Біләшті босатуды талап еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG