Accessibility links

Профессор: "Арыс вокзалының бірнеше бөлігі сараптамаға жіберілді"


Әскери қоймадағы жарылыстан зақымданған Арыстағы темір жол вокзалын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Түркістан облысы, 12 тамыз 2019 жыл.
Әскери қоймадағы жарылыстан зақымданған Арыстағы темір жол вокзалын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Түркістан облысы, 12 тамыз 2019 жыл.

16 тамыз күні Арыста арнайы комиссия Арыс вокзалы құрылысының заңдылығын қарады. Комиссия мүшесі, профессор Сәдуақас Ағытаев Азаттыққа вокзалдың тарихи құндылығын анықтау үшін бірнеше фрагмент алынып, Алматыдағы жеке компанияға сараптамаға жіберілгенін айтты.

14 тамыз күні Мәдениет және спорт министрлігінің не Түркістан облыстық мәдениет басқармасының рұқсатынсыз мемлекет қорғауындағы Арыс вокзалының жөнделіп жатқанын Азаттық жазған.

Оқи отырыңыз: Арыстағы тарихи вокзал рұқсатсыз жөнделіп жатыр

Облыстық мәдениет басқармасының мәліметінше, бір күннен кейін мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Дауешов вокзалға келген. Арнайы комиссия құрылып, тарихи маңызға ие нысанның сыртқы келбеті мен ішкі әрлеу жұмыстарын талқылаған.

Комиссия мүшесі профессор Сәдуақас Ағытаев Азаттыққа құрылыс жұмыстары талапқа сай жүріп жатқанымен, бір сұрақтың бар екенін айтады. Оның сөзінше, вокзалдың ішіндегі көркем суреті бар қабырға сылағы түсірілген кезде бірінің үстіне бірі салынған суреттер шыққан. Вокзал ішіндегі суреттің бірнеше фрагменті алынып, Алматыға сараптамаға жіберілген. Мамандар әртүрлі бояу мен бірнеше суретті байқаған.

- Вокзалдың құжаттарын қарадық. Суреттердің көркемдік құндылығы анықталмады. Төлқұжатында көркем суреттің авторы жазылмаған. Жиын хаттамасына «егер көркем суреттің құндылығы сараптамамен дәлелденсе, үкімет оған ақша қарастыруы керек» деген сөз кіргізілді. Жарылыстан кейін Арыс вокзалы апатты жағдайға түскен. Үкіметтің вокзалды қалпына келтіру туралы шешімі бар. Төтенше жағдайда тарихи ғимаратты жөндеуге министрлік не басқарманың емес, үкіметтің шешімі маңызды. Вокзалдың төбесі түсіп не қабырғасы опырылып астында адам қалуы мүмкін. Өнер бір адамның жанына тұрмайды. Мәдени құндылық пен адамның жаны қатар тұрса, адамның қауіпсіздігі артық, - дейді Сәдуақас Ағытаев.

24 маусымда Арыс қаласында әскери қойма жарылып, төрт адам қаза тапқан. Ресми дерек бойынша, ондағы оқ-дәрінің 70 пайыздан астамы жарылып кеткен. Қаладағы тұрғын үйлердің басым бөлігі бүлінген. 27 маусымда Шымкентте шеруге шыққан жүздеген арыстық соңғы он жыл ішінде төрт рет жарылыс болған Арыс қаласына бармайтынын айтып, биліктен өздерін басқа жаққа көшіруді талап еткен. Ертеңінде 28 маусымда Шымкент пен көрші елді мекендерді уақытша паналаған арыстықтар үйлеріне оралды. Билік Арыстағы әр тұрғынға 100 мың теңге беретінін айтқан.

12 тамызда Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайлов "Арыс қаласын қалпына келтіру бюджеті – 56,1 миллиард теңге" деген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG