Accessibility links

Қырғызстанның экс-премьері Исаков изолятордан ауруханаға жеткізілді


Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Сапар Исаков.
Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Сапар Исаков.

Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Сапар Исаков тергеу изоляторынан ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы 16 тамызда елдің мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлады. 42 жастағы Исаковқа “омыртқа артериясының синдромы” (қан айналымының бұзылуы) деген диагноз қойылған.

ҰҚМК Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Сапар Исаковты Бішкектегі ЖЭС-ті модернизациялау ісі бойынша сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ұстаған. Кейін оған "президент аппараты жетекшісінің орынбасары болған кезде шетелдік компанияның мүддесін қорғады" деген айып тағылған. Өткен жылы 18 желтоқсанда бұлтартпау шарасын тағайындау туралы сотта сөйлеген сөзінде Исаков "саяси қуғын көріп жатырмын" деп мәлімдеген. Оның соты биыл ақпанда басталды. Сарапшылар Исаковтың ұсталуын елдің қазіргі президенті Сооронбай Жээнбеков пен экс-президент Алмазбек Атамбаев арасындағы тірестің басы деп санайды.

8 тамызда Қырғызстанның күштік құрылымдары Кой-Ташта жүргізген операциядан кейін елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты ұстады.

Кейін елдің күш құрылымдары Атамбаевқа "тәртіпсіздіктер ұйымдастыру", "заңсыз қару айналымы", "тергеуге кедергі жасау", "кепілге адам алу", "кісі өлтіру" және "адам өлтіруге оқталу" баптары бойынша 14 айып тағып, қамауға алған.

27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған. Кейін ІІМ Атамбаевты тергеуге шақыра бастады. Үш рет шақырту жібергенімен тергеуге бармаған Атамбаевты министрлік арнайы операция жүргізіп, күштеп әкелуді тапсырған.

Қырғызстанның бұрынғы президентіне қызметте жүріп жемқорлыққа жол берді, өкілетін асыра пайдаланды және заңсыз байыды деген сияқты жалпы саны бес айып тағылған. Прокуратура Атамбаев қылмыстық топтар арасында танымал Азиз Батукаевтың заңсыз босатылуымен байланысты істе куәгер ретінде танылғанын мәлімдеген.

Атамбаев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, өзін тергеуге шақырудың саяси астары бар деп мәлімдеген. Ол Азиз Батукаевты босатуға қатысы жоғын да айтқан. Бішкек бұл айыптардың саяси астары бар дегенмен келіспейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG