Accessibility links

"Төңкеріс жасамақ болды". Атамбаевқа жаңа айыптар тақты


Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев. Кой-Таш, 19 шілде 2019 жыл.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевқа "тәртіпсіздіктер ұйымдастыру", "заңсыз қару айналымы", "тергеуге кедергі жасау", "кепілге адам алу", "кісі өлтіру" және "адам өлтіруге оқталу" баптары бойынша айыптар тағылды.

Қырғызстан күш құрылымдары жетекшілері тамыздың 13-і күні Бішкекте өткен баспасөз мәслихатында осы айдың 7-і мен 8-і күндері болған оқиғалардың жай-жапсарын баяндап, соларға байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу барысымен таныстырды. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

"АУЫР ҚЫЛМЫСТАР ҰЙЫМДАСТЫРДЫ"

Күш құрылымдары өкілдерінің мәлімдеуінше, қылмыстық іс бойынша негізі айыпкер – Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев.

Елдің бас прокуроры Откурбек Жамшитов бірнеше қылмыстық іс қозғалғанын, бұрынғы президенттің кей жақтастарына айыптар тағылып, сот шешімімен олар екі айға тергеу абақтысына қамалғанын айтты.

Қырғыз күш құрылымдарының баспасөз мәслихаты (Бішкек, 13 тамыз 2019 жыл):

Жамшитовтің сөзінше, экс-президентке бірнеше ауыр қылмысты ұйымдастырған деген айып тағылған.

"Қазіргі кезде Атамбаевқа тәртіпсіздіктер ұйымдастыру, заңсыз қару айналымы, тергеуге кедергі келтіру, кепілге адам алу, кісі өлтіру және адам өлтіруге оқталу фактілері бойынша айыптар тағылды" деп мәлімдеді бас прокурор.

Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Орозбек Опумбаев "елде төңкеріс жасау үшін Алмазбек Атамбаевқа қантөгіс керек болды" деп мәлімдеді. Оның сөзінше, тамыздың 7-8 күндері Кой-Таштағы экс-президент үйіне жиналған адамдарға ақша таратылған.

Орозбек Опумбаев.
Орозбек Опумбаев.

"Не үшін маңайына әйелдер, балалар мен қарттарды жинады? Олардың әрбіріне мың сомнан төрт мың сомға дейін ақша төледі. Бұл милиция келгенде қарсылық таныту үшін ұйымдастырылған. Лақтыратын тас дайындап қойған. Елде төңкеріс жасау үшін оған қан төгу керек болды. Мен мұны ресми түрде ашық айтамын" деп мәлімдеді Опумбаев.

Бұған қоса ол Атамбаевты тергеуге "мәжбүрлеп жеткізу жөніндегі шаралар" қалай дайындалғаны жайлы айтып берді. Опумбаевтың сөзінше, арнайы жасақ сарбаздарына операция кезінде "сырт жақтан күш қолдану іс-әрекеттерінен" қорғау міндеті қойылған. Арнайы жасақ Атамбаевты әкетуге барған құқық қорғау органы қызметкерлерге ішке кіру үшін "дәліз" ашуы тиіс болған.

"[Атамбаевты] мәжбүрлеп жеткізудің 5 түрлі варианты әзірленгенін енді сіздерге айта аламын. Жүзеге асырылған алғашқы вариант ең оңтайлы әрі нақты болатын" деді Опумбаев.

Атамбаевты ұстау операциясының хронологиясы:

Атамбаевты ұстау операциясының хронологиясы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:00 0:00

АТАМБАЕВТЫҢ ОҚҚАҒАРЛАРЫ

МҰҚК төрағасы Опумбаевтың айтуынша, арнайы жасақ сарбаздары дуалдан секіріп аулаға кірген соң, полиция қызметкерлеріне қақпаны ашып, бұдан соң "басқарма бастығы" қауылыны Атамбаевқа табыс етуі тиіс болған.

Бірақ, тамыздың 7-і күнгі операция сәтсіз аяқталғаны баршаға мәлім. Арнайы жасақ өкілдері Атамбаевтың ауласына дуалдан секіріп түскеннен кейін бұрынғы президент оққағарларымен бірге үйіне бекініп алған болатын.

Алмазбек Атамбаев (оң жақта) пен оққағарлары. Кой-Таш, 7 тамыз 2019 жыл.
Алмазбек Атамбаев (оң жақта) пен оққағарлары. Кой-Таш, 7 тамыз 2019 жыл.

Арнайы жасақ барған кезде Атамбаевтың қасында бірге болған оққағарлары Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті 9-қызметінің (мемлекеттік күзет) өкілдері саналады. Енді тергеу олардың іс-әрекетіне заң тұрғысынан баға бермек. Кінәлі деп танылса жаза қолданылуы мүмкін. Бұл туралы тамыздың 13-і күні баспасөз мәслихатында МҰҚК бас тергеу басқармасы бастығының орынбасары Сагынбек Самидинуулу хабарлады.

Оның түсіндіруінше, президент қызметінің кепілі туралы заңға сәйкес, бұрынғы президент мемлекеттік күзетпен қамтамасыз етіледі. "Мемлекеттік күзет тек сот оны айыпты деген үкім шығарғаннан кейін алынады. Сол себепті Атамбаевтан мемлекеттік күзет алынбаған. Әйтсе де, біз бір жолы күзетті алып тастаған едік, бірақ адвокаттары шағым жазды, сосын біз оның жанына екі оққағар қалдырдық" деді Самидинуулу.

Ол мемлекеттік күзет қызметкерлері заң бойынша "мемлекеттің күзетіндегі тұлғаны заңға қайшы қастандық іс-әрекеттерінен қорғауды қамтамасыз ететінін" айтты.

"Бұл жолы МҰҚК қызметкерлері [арнайы жасақ] заңды әрекет қылды, мәжбүрлеп жеткізу туралы талап орындалуы тиіс болатын. Бірақ, өкінішке қарай, мемлекеттік күзеттің екі қызметкері бұл талапқа бағынбай, Атамбаевпен бірге оның үйіне жасырынып, [билік өкілдеріне] қарсылық көрсеткендерге қосылды. Тергеу барысында олардың іс-әрекетіне баға беріледі" деді МҰҚК бас тергеу басқармасы бастығының орынбасары.

МӘЖБҮРЛЕП ЖЕТКІЗУ ОПЕРАЦИЯСЫ

Тамыздың 7-8 күндері Шу облысы Аламудун ауданындағы Кой-Таш ауылында "Алмазбек Атамбаевты тергеуге мәжбүрлеп жеткізу" операциялары жүргізілді. Атамбаевты ұстағаннан кейін оған "Жемқорлық" және "Қылмысқа қатысу" баптары бойынша айыптар тағылып, сот шешімімен экс-президент тамыздың 26-сына дейін МҰҚК тергеу абақтысына қамалды.

Алмазбек Атамбаевты қалай ұстады?

Алмазбек Атамбаевты қалай ұстады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:52 0:00

Екі күнге жалғасқан операция барысында МҰҚК арнайы жасағының қызметкері Усенбек Ниязбеков қаза тауып, ондаған адам зардап шекті. Басынан ауыр жараланған Шу облыстық ішкі істер басқармасының бастығы Самат Курманкулов ес-түссіз жатыр. Оны емдеуге Мәскеуге ұшақпен жеткізді.

Бұл оқиғалардан кейін ішкі істер министрлігі бұрынғы президенттің кей жақтастарын, соның ішінде парламент депутаттары Әсел Кодуранова мен Ирина Карамушкинаны, бұрынғы депутат Равшан Жээнбековті, бұрынғы президент кеңесшісі Кундуз Жолдубаеваны және басқаларды тергеуге шақыртқан. Ал бұрынғы президент аппаратының басшысы Фарид Ниязов, Атамбаевтың жақтастары Алга Кылычов, Кияз Смаилов пен Амантур Жамгырчиев сот шешімімен қарашаның 8-іне дейін қамауға алынды.

Тамыздың 13-і күні Бішкектегі баспасөз мәслихатында бас прокурор Откурбек Жамшитов Кой-Таш ауылында болған оқиғаларға байланысты қозғалған қылмыстық іс тергеуін Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков жеке бақылауына алды деп айтты.

Алмазбек Атамбаев (сол жақта) пен Сооронбай Жээнбековтің фотоларынан коллаж.
Алмазбек Атамбаев (сол жақта) пен Сооронбай Жээнбековтің фотоларынан коллаж.

Президент Жээнбеков тамыздың 8-і күні Жогорку Кеңештің кезектен тыс сессиясында "бұған дейін Атамбаев тергеуге куәгер ретінде шақырылып келсе, енді ауыр қылмысқа күдікті ретінде шақырылады" деп мәлімдеген болатын.

Қырғызстанның бұрынғы президенті 62 жастағы Алмазбек Атамбаев бұған дейін тергеу орындары қылмыстық іске байланысты жауап алу үшін үш рет шақыртқанда бармай қойған соң, арнайы жасақ оны мәжбүрлеп жеткізу үшін Кой-Таштағы үйіне барған. Қырғыз бас прокуратурасы Атамбаевқа 2011-2017 жылдары билікте болған кезінде жемқорлыққа жол берді, қызмет бабын теріс пайдаланды және заңсыз байыды деген сияқты жалпы саны бес айып тағылғанын хабарлаған. Прокуратура Атамбаев қылмыстық топтар арасында танымал Азиз Батукаевты заңсыз босату туралы істе куәгер деп танылғанын мәлімдеген.

Атамбаев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, өзін тергеуге шақырудың "саяси астары бар" деп мәлімдеген. Ол Азиз Батукаевты босатуға қатысы жоғын да айтқан.

Биыл мамырда Қырғызстан парламенті бұрынғы президентке тиіспеушілік туралы заңға өзгертулер енгізген. 27 маусымда парламент Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған.

Алмазбек Атамбаев Қырғызстанды 2011-2017 жылдары басқарған. 2017 жылғы қазанда өткен сайлауда Атамбаевты қолдайтын билік партиясының кандидаты Сооронбай Жээнбеков президент болып сайланған.

Арада біраз уақыт өткенде Атамбаев пен Жээнбеков араздасып, екеуі бір-бірін айыптап, мәлімдемелер жасаған.

Фотогалерея. Кой-Таштағы Атамбаев резиденциясы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG