Accessibility links

Назарбаев кеңсесі сот шешіміне наразылардың арызына жауап бермеді


Санавар Закирова "Назарбаев орталығының" жанында тұр. 16 тамыз 2019 жыл.
Санавар Закирова "Назарбаев орталығының" жанында тұр. 16 тамыз 2019 жыл.

19 тамызда Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесі сот шешімдеріне наразылық білдіріп жүрген бір топ азаматтың шағымын қараудан бас тартты. Наразылар Назарбаев кеңсесінен сот шешімдерін қайта қарайтын комиссия құруды талап еткен. 19 тамызда «Назарбаев орталығы» ғимаратына келгендерге экс-президент кеңсесінің өкілі Базаралы Бақтыгереев жауапты табыстады.

Сот шешімдерін қайта қарайтын комиссия құруды талап етіп жүргендерің жетекшісі, белсенді Санавар Закированың сөзінше, Назарбаев офисінің қызметкерлері «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау ережесі туралы» заңға сілтеме жасаған. Заңға сай, «әкiмшiлiк құқық бұзушылық, қылмыстық iс жүргiзу, азаматтық iс жүргiзу туралы заңнамасында белгiленген жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерi қаралмайды».

Сот шешіміне қарсылар Назарбаев кеңсесіне 10 шілдеде, кейін 13 тамызда өтініш тапсырған.

– 10 шілдедегі арызымыз жауапсыз қалды. «Жауап күтпеңіздер, жауап бермейміз» деді. Жауап қандай боларын білеміз ғой. Бірақ жауап бергенін қаладық, – дейді Закирова.

Закирова бастаған азаматтар сот шешіміне наразылықтарын жалғастыра бермек.

– «Нұр Отан» партиясының саяси бюросының жиынында және 2 қыркүйекте халыққа жолдауында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев не айтарын көрерміз. Кейін қыркүйек соңында талабымызды қайта қоямыз, – дейді ол.

Осыған дейін белсенділер Жоғарғы соттан да сот шешімдерін қайта қарайтын комиссия құруды талап еткен. Бірақ Жоғарғы сот қызметкерлері комиссия құруға құзіреттері жоғын айтқан. Олар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімшілігіне де арыз жазған. Бірақ ол жақтан жауап жоқ.

Маусымда, кезектен тыс президент сайлауы алдында сот үкімімен келіспейтіндер «Нұр Отан» партиясының кеңсесіне келіп, Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуді талап еткен. 2016 жылы тамызда сол кездегі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына да арыз жазған. Олар қолдарын тіліп, хатқа қанмен «қол қойған». Сол уақыттан бері олардың талаптары шешілген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG