Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Бердібек Сапарбаев Қазақстан премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалды деп хабарлады 20 тамызда Ақорданың баспасөз қызметі.
Жаңа қызметке ауысуына байланысты 66 жастағы Сапарбаев Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінен босатылған. Ол қызметке Сапарбаевты биыл ақпанда биліктен әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындарға жәрдемді көбейтуді талап еткен көп балалы аналар наразылығы күшейген кезде үкіметті таратып, қайта жасақтаған сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев тағайындаған. Назарбаев наурыз айында президенттік өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатып, оның орнына Қасым-Жомарт Тоқаев президент болып сайланғаннан кейін де Сапарбаев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінде қалған.
Бұрын Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының әкімі және премьер-министрдің орынбасары болып істеген Бердібек Сапарбаев 2016 жылы зейнет жасына толған соң сол кездегі президент Назарбаев оның мемлекеттік қызметтегі өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартқан болатын.
Сапарбаевқа дейін премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарған Гүлшара Әбдіхалықова өткен аптада биліктегі "Нұр Отан" партиясынан парламент мәжілісіне депутат болып сайланған.
ПІКІРЛЕР