Accessibility links

"Президентпен ширек ғасыр жұмыс істеген" Мамин және оның командасы


Жаңадан тағайындалған Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин мәжіліс отырысында сөйлеп тұр. астана, 25 ақпан 2019 жыл.
Жаңадан тағайындалған Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин мәжіліс отырысында сөйлеп тұр. астана, 25 ақпан 2019 жыл.

Ақпанның 25-і күні Қазақстанда жаңа үкімет тағайындалды. Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған кандидаттарды депутаттар еш қарсылықсыз қабылдады. Қазақстан үкіметін енді Асқар Мамин басқарады.

Дүйсенбі, 25 ақпан күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәжіліс жиынына келіп, премьер-министрлікке Асқар Маминнің кандидатурасын ұсынды. Депутаттар президент ұсынысын бірауыздан қолдады.

Асқар Мамин кім?

53 жастағы Асқар Мамин бұған дейінгі үкіметте премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың бірінші орынбасары болған. Оған дейін "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясын басқарды, Астана қаласының әкімі, көлік және инфраструктура министрі қызметтерін атқарған. Мамандығы - инженер-құрылысшы, экономист.

Осыдан кейін Назарбаев "Оның (Асқар Маминнің – ред.) тәжірибесі жеткілікті. Ширек ғасыр менімен бірге жұмыс істеп келеді. Қала әкімі болды, транспорт министрі және премьер-министр орынбасары болды. Оның басқаруымен біраз іс бітті, әсіресе инфраструктура саласында көп жұмыс атқарылды" деді.​

Назарбаев отставкаға кеткен премьер-министр Бақытжан Сағынтаевты "адал әрі тәжірибелі" деп бағалап, "басқа салада да еңбек ете алады" деді.

Назарбаевтың пайымдауынша, әлеуметтік саладағы министрлердің қателігінен үкімет отставкаға кеткен.

"Қазір күрделі кезең. Алдымызда маңызды міндеттер тұр. Алға жылжуымыз керек" деді Қазақстан басшысы мәжіліс отырысында.

Премьер-министр тағайындалған соң Назарбаевтың жарлығымен бірнеше министрлік қайта құрылды. Қазақстан президенті ақпарат және коммуникациялар министрлігін қоғамдық даму министрлігіне қосты. Енді бұл ведомство "ақпарат және қоғамдық даму министрлігі" деп аталады. Ал қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі енді "цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі" деп аталады.

Кейін бірер сағаттан соң барлық министрлердің тізімі жарияланды. 2016 жылғы желтоқсандағы конституциялық өзгерістерге сай, Назарбаев сыртқы істер министрін, ішкі істер министрін, қорғаныс министрін, әділет министрін өзі тағайындады. Ал қалған министрлердің кандидатурасын мәжіліске ұсынды. Депутаттар президент ұсынған кандидаттарды қолдады.

Сонымен, Қазақстанның жаңа үкіметінің құрамы:​

  • Әлихан Смаилов – премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі (бұрынғы үкіметте қаржы министрі болған)
  • Жеңіс Қасымбек - премьер-министрдің орынбасары (бұрынғы үкіметте индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болған)
  • Гүлшара Әбдіхалықова - премьер-министрдің орынбасары (бұған дейін мемлекеттік хатшы болған)
  • Бердібек Сапарбаев - еңбек және әлеуметтік қорғау министрі (бұған дейін Ақтөбе облысы әкімі болған)
  • Руслан Дәленов - ұлттық экономика министрі (бұған дейін қаржы министрінің орынбасары болған)
  • Күләш Шәмшидинова - білім және ғылым министрі (бұған дейін "Назарбаев зияткерлік мектептері" ұйымының басқарма төрайымы)
  • Сапархан Омаров - ауыл шаруашылығы министрі (мәжілісте аграрлық мәселелер комитетін басқарған)
  • Дәурен Абаев - қоғамдық даму және ақпарат министрі (бұрынғы үкіметте ақпарат және коммуникациялар министрі болған)
  • Роман Скляр – индустрия және инфраструктуралық даму министрі (бұған дейін индустрия және инфраструктуралық даму министрінің орынбасары болған)
  • Арыстанбек Мұхамедиұлы - мәдениет және спорт министрі (қызметінде қалды)
  • Қанат Бозымбаев - энергетика министрі (қызметінде қалды)
  • Ержан Біртанов - денсаулық министрі (қызметінде қалды)
  • Бейбіт Атамқұлов - сыртқы істер министрі (қызметінде қалды)
  • Нұрлан Ермекбаев - қорғаныс министрі (қызметінде қалды)
  • Ерлан Тұрғымбаев - ішкі істер министрі (қызметінде қалды)
  • Марат Бекетаев - әділет министрі (қызметінде қалды)
  • Асқар Жұмағалиев - цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (қызметінде қалды).

Астанадағы бес баланың өмірін алған өрттен кейін қоғам сынына ұшыраған Мәдина Әбілқасымова (еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігін басқарған) жаңа үкімет құрамына кірмеді. Білім және ғылым министрі болған Ерлан Сағадиев, қоғамдық даму министрлігін басқарған Дархан Кәлетаев, ұлттық экономика министрі болған Тимур Сүлейменов, ауыл шаруашылығы министрі болған Өмірзақ Шөкеев те жаңа министрлер кабинетіне енбеді.

Ал бұған дейін премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарған Ерболат Досаев ұлттық банк төрағасы болып тағайындалды. Ал 2015 жылдың қарашасынан осы уақытқа дейін ұлттық банкті басқарып келген Данияр Ақышев отставкаға кетті.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәжіліс отырысында премьер-министр кандидатурасын ұсынған сәт. Астана, 25 ақпан 2019 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәжіліс отырысында премьер-министр кандидатурасын ұсынған сәт. Астана, 25 ақпан 2019 жыл.

Ақпанның 21-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел үкіметін отставкаға жіберген. Назарбаев отставка туралы жарлыққа қол қоймас бұрын арнайы мәлімдеме жасап, Бақытжан Сағынтаев басқарған үкімет жұмысын сынаған. Қазақстан үкіметін 2016 жылдың қыркүйегінен бері Бақытжан Сағынтаев басқарып келген.

Назарбаев мәлімдемесінде: "Көптеген заңдар мен үкіметтің шешімдері қабылданса да, экономикада оң өзгеріс болмады, мақсаттар орындалмады. Ішкі жалпы өнім тек шикізат есебінен өсіп жатыр. Үкімет пен ұлттық банк экономиканың өсуіне жағдай жасай алмады. Мемлекеттік бағдарламалар орындалғанымен негізгі бағыттар бойынша нақты нәтижеге қол жетпеді. Жұмыс орындары аз құрылып жатыр. Әсіресе, ауылдарда жұмыс орындары аз. Шағын және орта бизнес өскен жоқ. Шағын және орта бизнесті дамыту әкімдер мен министрлердің негізгі міндеті болған еді" деген.

Назарбаев "әлеуметтік, инфраструктура және денсаулық, білім саласын дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалар қабылданғанымен, жүйелі жұмыс жасалмағанын" айтқан.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті халықтың табысы өспегенін, азық-түлікке кететін шығынның көбейгенін айта келе: "Бұл үкіметтің, министрлер мен әкімдердің халықпен жұмыс істей алмайтынын, халықтың мәселесін тыңдай алмайтынын көрсетеді. Менің ойымша, үкімет отставкаға кетуі керек. Жаңа үкімет халықтың жағдайын көтеріп, экономиканы дамытуы үшін нақты қадамдар жасауы тиіс" деген.

Қазақстан президентінің пайымдауынша, Сағынтаев үкіметі бюджет қаржысын дұрыс пайдаланбаған.

30 қаңтарда Астанада өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Нұрсұлтан Назарбаев үкіметті сынап, "қорқаққа" теңеген. Бірақ жиын соңында үкімет жұмысын жалғастыра беретінін айтқан. Жиында үкіметтің жұмыс қорытындысы туралы баяндаманы премьер-министр Бақытжан Сағынтаев емес, оның орынбасары Ерболат Досаев жасады. Былтыр мұндай баяндаманы Сағынтаевтың өзі жасаған.

Соңғы екі-үш аптада Қазақстанда көп балалы аналардың наразылығы күшейген. Олар биліктен әлеуметтік жағдайды жақсартып, баспана мәселесін шешуді талап еткен. Аналар наразылығы 4 ақпанда бір отбасының бес баласы опат болған Астанадағы өрттен кейін басталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG