Қазақстан үкіметі игерілмей қалған 3 мың білім грантын ақылы оқуға түскен талапкерлерге үлестіріп бермек. Бұл туралы бүгін, 22 тамызда Нұр-Сұлтанда өткен брифинг кезінде Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Дидар Смағұлов хабарлады.
Қазақстандық Tengrinews.kz сайты Смағұловтың "Үкімет қаулысы шыққан соң қайта байқау жарияланып, [игерілмеген 3 мың грант] үлестіріп беріледі. Қаулы тамыздың соңында шығуы керек. Яғни гранттарды сол кезде үлестіреміз. Грант алу үшін қайта құжат тапсырудың қажеті жоқ. Біздің базада қай талапкердің қанша балл алғаны бар. Қаулы шыға сала сол балдар бойынша гранттар үлестіріп беріледі" деген сөзін келтіреді.
Тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Смағұлов сөзінше, гранттар қай мамандықтарға берілетіні де үкімет қаулысы шыққан соң анықталады. "Гранттарды оқу жылы басталғанша үлестіруге тырысамыз. Бірақ талапкерлер ақылы түрде оқуын бастап кетсе, грант жеңіп алған жағдайда оқуын тегін жалғастыра алады" дейді ол.
2019-2020 оқу жылына барлығы 53 785 грант бөлінген. Конкурсқа 64 452 түлек қатысқан. Мемлекеттік тапсырыстың жалпы көлемінің 47 пайызынан астамы инженерлік, өңдеу және құрылыс, IT-технологиялар саласына бөлінген.
Қарай отырыңыз: Биыл білім гранттарын бөлуде қандай өзгешелік болды?
ПІКІРЛЕР