Accessibility links

Нұр-Сұлтандағы блогерлер форумына келгендер инфраструктура мәселесін айтты


"Қазақстанды таны" блогерлер форумына келгендер. Нұр-Сұлтан, 24 тамыз 2019 жыл.
"Қазақстанды таны" блогерлер форумына келгендер. Нұр-Сұлтан, 24 тамыз 2019 жыл.

24 тамызда Нұр-Сұлтандағы Бейбітшілік және келісім сарайында басталған "Қазақстанда таны" халықаралық саяхатшы блогерлер форумында қатысушылар Қазақстан аймақтарын аралағанда дәретхана табу қиын болғанын, инфраструктураның нашарлығын, интернет байланысының жоқтығын айтты.

Бұл мәселені көтергендер арасында Instagram парақшасында 4,2 миллион жазылушысы бар ресейлік блогер, фотограф Мурад Османн, қазақстандық блогер Катерина Кошка бар.

Kazakh Tourism ұлттық компаниясы төрағасының орынбасары Қайрат Садуақасов инфраструктураның жоқтығы туралы сыни пікірлермен келісетінін айтып, Қазақстан туризмді дамыту үшін жұмыс жасалып жатқанын жеткізді.

Астанадағы саяхатшы блогерлер форумын елдің ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырып жатыр. 25 тамызда аяқталатын жиынға АҚШ, Канада, Австралия, Ұлыбритания, Финляндия, Түркия, Грекия, Италия, Оңтүстік Корея, Ресейден блогерлер келген.

Форум алдында шетелден келген 38 блогер Алматы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Орталық Қазақстан мен Батыс Қазақстанды бес күн аралап, тарихи орындар мен көрікті жерлер туралы блог дайындаған. Олар шығармаларын форумның екінші күні, 25 тамызда таныстырмақ.

Нұр-Сұлтанда 24 тамызда саяхатшы блогерлер арасында форумнан бөлек туризм тақырыбына арналған "Ұлытау-2019" халықаралық туризм форумы өтті. Бұл жиынға қатысқан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елге келетін туристер санын 9 миллионға жеткізуді айтты.

Қазақстан билігі елге келетін туристер санын көбейту үшін жыл сайын түрлі шара, форум, халықаралық жиындар өткізеді. Үкімет Астанада өткен EXPO-2017 көрмесі басталар алдында 37 мемлекет үшін виза режимін жойды, оның ішіне Еуроодақ пен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (оған еуропалық мемлекеттерден бөлек Израиль, Мексика, Түркия, Чили, Оңтүстік Корея, Жапония, БАӘ, Малайзия, Монако мен Сингапур енеді) барлық мемлекеттері кірді.

Бұдан бөлек, туризмді дамыту үшін Kazakh Tourism ұлттық компаниясын құрған. Бірақ Қазақстанға бір жылда келетін шетелдік туристердің саны әлі 9 миллионға жеткен жоқ. Ресми статистика бойынша, 2017 жылы елге шеттен 7,7 миллион турист келген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG