Accessibility links

Қазақстанға турист неге аз келеді?


Шарын шатқалы. 13 қараша 2016 жыл.

Қазақстан үкіметі туристік қызметті реттейтін заң әзірлеп жатыр және шетелдіктердің елге келуін жеңілдететін электронды виза енгізгендерін мәлімдеді. Мұның бәрі елге келетін шетелдік туристерді көбейтіп, туризмді экономиканың дамыған саласына айналдыра ала ма?

Қазақстан билігі былтыр Астанада өткен EXPO-2017 көрмесі алдында елге шетелден туристер тарту туралы белсенді сөз қозғай бастаған. Көрме басталар алдында Қазақстан 37 мемлекет үшін виза режимін жойды, оның ішіне Еуроодақ пен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (оған еуропалық мемлекеттерден бөлек Израиль, Мексика, Түркия, Чили, Оңтүстік Корея, Жапония, БАӘ, Малайзия, Монако мен Сингапур енеді) барлық мемлекеттері кірді.

Бұл қандай да бір деңгейде туризм жөніндегі көрсеткіш динамикасына оң ықпал еткен тәрізді: expo2017astana.com сайтындағы ресми дерек бойынша, EXPO-2017 өткізу кезінде Астанаға бір жарым миллион шетелдік келген. Сондай-ақ, 2017 жылы Қазақстанның курорттық аймақтарына 18,3 мың шетелдік келіп демалған.

Жалпы статистика да жақсы динамика барын көрсетті: Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігінің өндіріс комитетінің дерегі бойынша, 2017 жылы елдің Жалпы ішкі өнімінде (ЖІӨ) туризмнің үлесі бір пайызды құраған, шетелдік және ішкі туристердің саны 5,2 және 18,3 пайызға артқан. Цифрмен айтсақ, 2017 жылы елдің туристік нысандарында 10,3 миллион қазақстандық болғанын білдіреді, ал шетелден шамамен 7,7 миллион турист келген.

2018 жылы Қазақстан электронды виза енгізетінін мәлімдеген. Сыртқы істер вице-министрі Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, тізімі анықталған (бірақ жария етілмеген) мемлекеттерге арнап электронды визаның пилоттық жобасы енгізіледі. "Бүркіт" жүйесін жетілдіру керек, оған ҰҚК жетекшілік етеді. Республикалық бюджеттік комиссия сомасын бекітті, енді ҰҚК жүйесін жетілдіруі керек", - деді сәуірдің 16-сы күні өткен жиында вице-министр.

"БІЗ ТУРАЛЫ ЕШКІМ БІЛМЕЙДІ"

Сәуірдің 18-20 күндері аралығында Алматыда "Туризм және саяхат" - KITF-2018 халықаралық көрмесі өтті, онда туристік секторға керекті жаңа дүниелер мен құралдар көрсетіліп, Қазақстанға шетелдік туристерді тарту туралы көп айтылды. Көрмеге мәдениет және спорт министрлігінен қазақстандық шенеуніктер барды, туристік бизнес өкілдері қатысты. Пікірлеріне қарасақ, екі тарап та Қазақстанның шетелдік туристер үшін тартымды жер екеніне сенімді.

Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің жетекшісі Жалғас Балғожин. 18 сәуір 2018 жыл.
Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің жетекшісі Жалғас Балғожин. 18 сәуір 2018 жыл.

Туризм индустриясы комитетінің жетекшісі Жалғас Балғожиннің айтуынша, қазір Қазақстанда туристік қызметті реттеуге арналған заң жобасының тұжырымдамасы жасалып жатыр. Балғожин 2023 жылға қарай ЖІӨ-нің 8-9 пайызын алуды жоспарлап отырғандарын айтты.

- Заң жобасы негізінен кәсіпшілік пен этнографиялық туризмді дамытуға арналған. Қазақстанға келген кез келген шетелдік қонақ төл табиғат пен дәстүрді көргісі келеді, сондықтан біз қолөнершілерге жеңілдіктер береміз. Бұған қоса аңшылық және балық аулау туризмін дамыту тұжырымдамасы да әзірленіп жатыр. Туризм саласына субсидия бөлу де жоспарда бар, - дейді Жалғас Балғожин.

Қазақстан туристік қауымдастығының президенті Роза Асанбаева да осындай дерек келтірді: барлық қазақстандық туроператорлардың жартысына жуығы аралас қызмет көрсетеді, яғни көшпелі туризм де, кірме туризм де бар.

- Біздің міндетіміз – елге шетелдік туристерді көптеп тарту, 58 мемлекеттен визасыз келе алады, жолдар салынған, қонақүйлер бар. Туристтер біздің елде 58 мемлекетке визасыз келуге болатынын білгенше кем дегенде үш жыл керек, осыншама уақыт тұрақты жұмыс істеуге тиіспіз, - дейді Роза Асанбаева.

Туристік қауымдастық президентінің пікірінше, шетелдік қонақтардың аз келуіне тағы бір себеп – авиабилет бағасының қымбаттығы. "Уақыт өте келе бұл жағдай да реттеледі" дейді Роза Асанбаева:

- Туристер тобы пайда болғанда бұқаралық туризм дамиды, сол кезде корпоративтік баға жасалады, Wizz Air сияқты лоукастерлер нарыққа шығады. Жақын арада қазақстандық әуекомпаниялар арзандау рейс шығарады деп үміттенеміз.

Қазақстанда туған, қазір Мәскеуде тұратын Надежда Зуева Оңтүстік Қазақстанның шырайлы келбетін көруді бұрыннан армандап келеді. Азаттыққа берген сұхбатында ол Алматыға ұшқаннан Еуропаға барған арзанырақ екенін айтты.

- Жол-жөнекей ауысатын рейспен баруға да дайынмын, бірақ Мәскеуден Қазақстанға тек монополистер – "Аэрофлот" пен Air Astana (Астанаға ұшып баруды айтып отыр - Азаттық) ұшады. Билетті ерте алған күннің өзінде баға өзгермейді, Мәскеуден Астанаға тікелей ұшу құны 20 мың рубль (106 мың теңгеге жуық). Салыстырар болсақ: Амстердамға билетті ертерек алсаң 12-13 мың рубль болады (шамамен 69 мың теңге-Азаттық), - дейді Надежда.

ТУРИСТІК АЙМАҚ

Шетелдік туристер басқалар ойлағандай Астанаға емес (EXPO-2017 көрмесін қоспағанда), Алматы мен Алматы облысына көбірек келеді. Жыл сайын Алматыға келетін туристер саны 14 пайызға көбейеді, былтыр 20 пайызға артқан. Алматының туризм және сыртқы байланыстар басқармасының жетекшісі Ерлан Жайлаубайдың айтуынша, 2017 жылы қалаға миллионға жуық адам келген.

Алматы қаласының туризм және сыртқы байланыстар басқармасының жетекшісі Ерлан Жайлаубай. 18 сәуір 2018 жыл.
Алматы қаласының туризм және сыртқы байланыстар басқармасының жетекшісі Ерлан Жайлаубай. 18 сәуір 2018 жыл.

- Ашық әрі қолжетімді болғаны бізге маңызды – қазір электронды визалар енгізіліп жатыр, жыл соңына дейін күшіне енеді, Астана мен Алматыға жаңа авиарейстер ашылады. Алматыға келу бағасын арзандатқымыз келеді, биыл Air Baltic компаниясы Алматыға рейс ашты, енді Астана - Хельсинки авиарейсін ашу ойда бар, сонда Скандинавия мен Солтүстік Еуропадан туристер тарту мүмкін болады, - дейді Ерлан Жайлаубай.

Ол Алматы туризмінің жалпы қосылған құны жалпы республикалық көрсеткіштің 25 пайызын құрайтынын айтты, Қазақстандық туроператорлардың 80 пайызы Алматы мен Алматы облысында орналасқан, кейін Астана мен басқа қалалардан кеңсе ашады.

- Биыл Алматы облысының әкімдігі Алматыны интернетте насихаттауға 50 миллион теңге бөлмек, - деді Ерлан Жайлаубай.

"ТУРИЗМ ӘЗЕР КҮН КӨРІП ОТЫР"

Алматының туристік әлеуеті туралы оптимизммен айтуға болса, сырт жақтарда жағдай басқаша. Ғылыми зерттеулерге көмектесу жеке қорының директоры, кәсіби экскурсия жүргізуші Айболат Құрымбаев ішкі туризммен белсенді айналысады, Батыс Қазақстан облысына (БҚО) тур жүргізеді. Оның айтуынша, аймақтың шетелден туристерді тарту әлеуеті күшті, бірақ ең жақын деген ресейлік туристердің өзі шекарадан өтуге қорқады. "Шетелден өтуді жеңілдету арқылы қазақ мәдениетімен танысқысы келетін ресейлік және шетелдік қонақтарды көбейтуге болады" дейді Құрымбаев.

- Логистика мәселесін айтсақ, облыстың негізгі нысандары қасынан өтетін пойыздар тоқтамайды, мысалы, Бөкей ордасы ауданында (БҚО оңтүстігіндегі аудан - Азаттық) күн сайын станция арқылы 16 пойыз өтеді. Бірақ оларға бір минут та тоқтауға болмайды, шекарашылар ондай кезде барлық жолаушыны тексеруіміз керек болады дейді.

Шетелдіктерді тартуға арналған туристік компаниялар оларды қалай келтіру жолын ойлап жатса, ЖІӨ-дегі туризм үлесінің аз болуы мен инфрақұрылымның жеткілікті дамымауы мемлекетті қосымша әрекеттер жасауға итермелейді.

2017 жылы Қазақстан үкіметі "Қазақстан Республикасының 2023 жылға дейінгі туристік саласын дамыту концепциясын бекіту туралы" қаулы қабылдаған. Құжаттың негізгі идеясы – алты аймақтық-мәдени туристік кластер құру: "Астана – Еуразияның жүрегі", "Алматы – Қазақстанның еркін мәдени аймағы", "Алтай інжуі" (Шығыс Қазақстан облысы), "Каспий қақпасы" (Қазақстанның батыс аймақтары), "Ұлы Жібек жолының өркендеуі" және "Табиғат пен көшпелі мәдениет бірлігі". Бұл жоба шетелдік туристерді тартып қана қоймай, ел туризмінің өндірісіне сыртқы және ішкі инвестицияны тартады деген үміт бар.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG