Accessibility links

Арыстағы көпқабатты үйде зардап шеккен бала жансақтау бөлімінде жатыр


Нұрбақыт Жолдасбектің анасы Нұржанат Ақбалаева. Шымкент, 25 тамыз 2019 жыл.
Нұрбақыт Жолдасбектің анасы Нұржанат Ақбалаева. Шымкент, 25 тамыз 2019 жыл.

Түркістан облысы Арыс қаласында жарылыстан зақымданған көпқабатты тұрғын үйдің екінші қабатынан құлаған екі жасар Нұрбақыт Жолдасбек Шымкенттегі облыстық балалар ауруханасының жан сақтау бөлімінде жатыр. Баланың басына қатты зақым келген. Бұл туралы 25 тамызда Азаттыққа оның анасы Нұржанат Ақбалаева хабарлауды.

Оның айтуынша, 24 тамыз күні Нұрбақыт ойнап жүріп үйдің екінші қабатындағы терезеден құлап түскен.

- Құрылысшылардың терезе әйнегін алып кеткеніне бір апта болды. "Көшіңдер" деген соң үйге келіп едік. Бір аптадан асты әйнек салмады. Ойнап жүрген балам терезеден басымен жерге құлады. Басы жарылып, қан ұйып қалған. Кешеден бері жан сақтау бөлімінде жатыр, - деді анасы.

Облыстық балалар ауруханасының реаниматолог дәрігері Толқынай Маханова Нұрбақыт Жолдасбектің жағдайы ауыр екенін растады. Маманның сөзінше, сенбі күні кешке жансақтау бөліміне түскен баланың миына зақым келген.

2019 жылғы 24 маусымда Арыс қаласындағы әскери оқ-дәрі қоймасында жарылыс болып, жергілікті ондаған мың тұрғын мекен жайын тастап қашуға мәжбүр болған. Олардың көбі қаладан өз күшімен шыққан. Жарылыстан төрт адам мерт болған. Олардың бірі - 8 жасар Аян Ерболұлы 2 тамызда Нұр-Сұлтандағы ауруханада көз жұмды. Арыстағы жарылыстан қашып бара жатқан оны көлік қаққан.

28 тамызда билік Арыс тұрғындарына үйлеріне оралуға рұқсат берді. Жергілікті биліктің мәліметінше, жарылыс салдарынан қаладағы үйлердің 85 пайызы бүлініп, 20-дан астам үй өртеніп кеткен. Үкімет Арыстағы бүлінген тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды бюджет есебінен қалпына келтіруге уәде еткен. Қалада жөндеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Тұрғындардың кейбірі жөндеу жұмыстарына көңілі толмайтын айтады.

23 тамызда Қазақстан ішкі істер министрлігі Арыстағы оқ-дәрі қоймасындағы жарылысқа байланысты жергілікті әскери бөлімнің командирі мен оның орынбасары қамауға алынғанын хабарлаған. Қылмыстық кодекстің "Қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу" және "Қызметке салғырт қарау" баптары бойынша күдікке ілінген екеуі сот шешімімен екі айға қамауға алынған.

Әскери қойма: Жарылысқа дейін және кейін​

Соңғы он жылда Арыс қаласында әскери оқ-дәрі сақталатын қоймалар мен оларды жоюға арналған жерде төрт рет жарылыс болып, бірнеше адам қазаға ұшыраған. Биыл маусымдағы жарылыстан кейін қорғаныс министрлігі әскери оқ-дәрінің "елдімекендерден аулақ жерге" көшірілетінін мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG