Accessibility links

Нью-Йоркте Қазақстандағы саяси тұтқындарды қолдау акциясы өтті


Нью-Йорктегі акцияда Қазақстандағы саяси тұтқындарға бостандық беруді талап етті
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:42 0:00

Нью-Йорктегі акцияда Қазақстандағы саяси тұтқындарға бостандық беруді талап етті. АҚШ, 25 тамыз 2019 жыл.

25 тамызда Нью-Йоркте (АҚШ) "Қазақстан түрмесіндегі саяси тұтқындардың барлығына бостандық берілсін" деген талаппен АҚШ-та тұратын бір топ қазақстандық акция өткізді. Бұл туралы Азаттыққа шараға қатысушылардың бірі Ғани Стамбеков хабарлады.

"Таймс-сквер" алаңында өткен акцияға қатысушылар ағылшын тілінде "Free all political prisoners in Kazakhstan!" ("Қазақстандағы барша саяси тұтқынға бостандық берілсін!") деген жазуы бар баннер ұстап тұрды.

Олар Қазақстанда жемқорлық бабымен сотталып, 10 жылдан астам уақыт түрмеде отырған "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевті, 2006 жылы жазда Алматы іргесіндегі Шаңырақ оқиғасынан соң ұзақ мерзімге түрме қамалған диссидент ақын Арон Атабекті, 2016 жылы сәуірде Атыраудағы "жер мәселесі" туралы наразылық шеруінен соң сотталып, қазір абақтыда жазасын өтеп жатқан белсенді Макс Боқаевты, "терроризмді насихаттау" және "алауыздық қоздыру" істері бойынша сотталған азаматтық белсенділер Алмат Жұмағұлов пен Кенжебек Әбішевті және қазақстандық құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" тізіміне енгізген өзге де азаматтарды босатуды талап етті.

Сонымен бірге акцияға қатысушылар Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына "қатысқан" деген күдікке ілініп, қазір тергеу абақтысында отырған Алматы тұрғындары - көп балалы ана Оксана Шевчук, жалғызбасты аналар Жәзира Демеуова мен Гүлзипа Жаукерованы қудалауды доғаруды талап етті.

Өткен аптада қазақстандық құқық қорғаушылар "саяси тұтқындар" тізіміне түрлі қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылып, қамауға алынған белсенділерді енгізген. Олардың арасында өзгелермен бірге Шевчук, Демеуова мен Жаукерова да бар.

Нью-Йорктегі акцияны өздерін "АҚШ-тағы оппозициялық саяси ұйымбыз" деп атайтын "FreeKazakhs Еркін қазақтар" тобы ұйымдастырып өткізді. Бұған дейін осы топ 14 тамызда Ресейдің Нью-Йорктегі консулдығы алдына шығып, Қазақстандағы ресейлік полигондарды жабуды талап еткен.

Қазақстанда шілде айынан бері елдің бірқатар аймағында белсенділер саяси тұтқындарды қолдау акцияларына қатысқан. 23 тамызда Нұр-Сұлтанда оннан астам белсенді өздері саяси тұтқын деп санайтын азаматтардың портреттері мен "Саяси тұтқындарға бостандық" деген жазуы бар баннер көтеріп АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі алдында акция өткізген.

Қазақстанда "саяси астармен" жауапқа тартылғандарын барын халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Еуропарламент те айтқан. Бірақ Қазақстан билігі елде "саяси көзқарасы мен азаматтық ұстанымы үшін қудаланғандар жоқ" деуден танбай келеді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG