Алматы полициясы қала көшесінде топ адамды автокөлікпен қасақана қағу қылмысына қатысы бар деген күдікпен бір азаматтың ұсталғанын мәлімдеді. 26 тамызда болған оқиға кезінде үш адам зардап шеккен. Жергілікті басылымдар Алматы полиция департаменті бастығының орынбасары Думан Аухадиевтің сөзіне сілтеме жасап, түнгі оқиғаға қатысы бар екі жеңіл автокөліктің анықталғанын хабарлады.
Бұл іске байланысты тиісті сараптамалар тағайындалып, Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр деп жазады басылымдар. 1995 жылы туған Алматы облысының тұрғыны қылмыс кезінде көзге түскен ақ түсті Toyota Camry автокөлігін жүргізген деген күдікпен қамауға алынған. Аухадиев оқиғаға қатысы бар екінші кісі – қара түсті Toyota Camry автокөлігінің жүргізушісі де анықталып, қазіргі кезде іздестіріліп жатқанын айтқан. "Ол міндетті түрде ұсталады" деген полиция департаменті бастығының орынбасары.
Тергеу болжамы бойынша, 26 тамыз күні таңғы сағат беске таман Алматы қаласындағы Гагарин даңғылында жол үстінде бірнеше адам өзара сөзге келіп қалған. Кейін олардың бірі жеңіл автокөлікпен үш жігітті қағып өтіп, сол күйі қашып кеткен. Дүйсенбіде әлеуметтік желіде осы оқиғаның видеосы тарады. Видеода ақ түсті автомобильдің жол үстінде тұрған бірнеше адамның дәл алдына келгенде кілт тоқтап, кейін шегінгені, ал осы сәтте оны айналып өтіп келген қара түсті көліктің үш адамды қағып өтіп, тоқтамастан кетіп қалғаны көрінеді.
Бұған дейін полиция бұл оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің "Жол қозғалысы ережесін бұзу", "Жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу" және "Бұзақылық" баптары бойынша тергеу басталғанын айтқан болатын.
ПІКІРЛЕР