Accessibility links

Белсенді Ағәділ "шеру өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталды


Белсенділер Дулат Ағәділ (сол жақта), Әлия Жакупова мен Назым Серікпекова әкімшілік сотта отыр. Нұр-Сұлтан, 25 тамыз 2019 жыл.

27 тамыз күні Нұр-Сұлтандағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты белсенді Дулат Ағәділді "шеру өткізу тәртібін бұзды" деп айыптап, он тәулікке қамады.

Оның адвокаты Данияр Ахтановтың айтуынша, әкімшілік сот Дулат Ағәділдің үстінен бір күнде екі сот өткізген.

- Судья Әділбек Дүйсебаев "Бейбіт митинг, шеру, пикет өткізу тәртібін бұзу" бабымен оны ақтап шықса, іле-шала екінші сот болып, басқа судья Әйгерім Сәдуақасова оны дәл осы баппен айыпты деп танып, он тәулікке түрмеге қамау туралы шешім шығарды. Мұны қалай түсінуге болады? Бірі кінәсіз десе, екіншісі кінәлі деп тапты, - дейді адвокат.

Дулат Ағәділ 24 тамызда "полицияға бағынбады" (667-бап) деп айыпталып, бес тәулікке қамалған еді. Адвокат Данияр Ахтановтың сөзінше, сот бұл жолы Ағәділді 24 тамызда Нұр-Сұлтан полиция департаментінің алдында "заңсыз акция өткізді" деп айыптап, дәлел ретінде белсенділердің 23 тамыз күні АҚШ елшілігі мен Әзірет Сұлтан мешіті алдындағы "саяси тұтқындарды" босатуды талап еткен наразылықтан түсірілген видеоны пайдаланған.

Адвокат "процессуалдық заңнама жазасы ауыр баппен жазаланса, жазасы жеңіл бапты алып тастауға мүмкіндік беретініне қарамастан Ағәділ 13 тәулік бойы қамауда болады" дейді. Барлық сот шешімімен келіспейтінін айтқан қорғаушы апелляциялық шағым түсірмек.

23 тамызда Әлия Жакупова, Ербол Есхожин мен Назым Серікпекова Нұр-Сұлтан қаласы полициясынан өздерінен 7 маусымда тәркіленген ноутбуктері мен телефондарын, флеш-карталарын қайтаруды талап етіп, полиция департаменті алдында аштық жариялаған. Дулат Ағәділ үш белсендіні қолдауға келген.

Аштық акциясын жариялап, полиция департаментінің қасында түнеген наразыларды таңертең полиция өкілдері қайтаруға тырысты. Бірақ олар билік органдары өздерінен тартып алған заттарын қайтарып бермейінше ешқайда бармайтындарын мәлімдеді. Бұдан соң полицияның арнайы жасағы оларды әкімшілік сотқа алып кетті. Сот жексенбінің таңына дейін жалғасты. Судья Ерлан Файзуллинді – 20 тәулікке, Ербол Есхожин – 15 тәулікке, Ағәділді 5 тәулікке қамап, Назым Серікпекова мен Әлия Жакуповаға әрқайсына – 40 айлық есептік көрсеткіш (262 доллар), ал Бибігүл Тұяқоваға 90 айлық есептік көрсеткіш (589 доллар) көлемінде айыппұл салды. Белсенділерге "шеру өткізу тәртібін бұзды" (Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 488-бабы) және "полицияға бағынбады" (667-бап) деген айыптар тағылды.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG