АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский жақын уақытта Польша астанасында кездеседі. Бұл туралы АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтон 27 тамызда Киевке келгенде хабарлады.
Азаттықтың Украин қызметіне берген сұхбатында Болтон екінші дүниежүзілік соғыстың басталғанына 80 жыл толуына байланысты 1 қыркүйекте Варшавада өтетін шара аясында АҚШ пен Украина президенттеріне «әңгімелесудің сәті түсетінін» айтты. Польшадағы шараға Ресей президенті Владимир Путинді шақырмаған.
Джон Болтон Трамп пен Зеленскийдің кездесетіні туралы әзірге ресми жарияланбағанын, бірақ екеуінің кездесетінін айтты. Биыл Украинада өткен сайлауда ел президентіі болып сайланған Зеленский АҚШ президентімен алғаш рет кездеседі.
Болтон Азаттыққа сұхбатында АҚШ-тың Донбастағы қарулы жанжалды бейбіт жолмен реттеу туралы келіссөзге, сонымен бірге егер Украина тілек білдірсе, онда Ресей аннексиялап алған Қырым мәселесі бойынша келіссөзге де қатысуын талқылауға дайын екенін жеткізді. Трамптың кеңесшісі Украинаның аумақтық тұтастығын қалпына келтіруді АҚШ—тың қолдайтынын және Украинадағы жанжалда Ресейдің қарулы күштерді қолдануы Донбасс пен Қырым мәселесін ғаламдық қауіпсіздік мәселесіне айналдырып жібергенін айтты.
ПІКІРЛЕР