Accessibility links

Белсенділер "Азаматтық бастамалар коалициясына" бірікті


"Қазақстанның азаматтық бастамалар коалициясын" құру туралы бастама көтерушілер баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 28 тамыз 2019 жыл.
"Қазақстанның азаматтық бастамалар коалициясын" құру туралы бастама көтерушілер баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 28 тамыз 2019 жыл.

28 тамызда Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген бір топ белсенді "Қазақстанның азаматтық бастамалар коалициясын" құратындарын жариялады. Оның құрамына оннан аса үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар мен азаматтық белсенділер еніп отыр.

Белсенділер қазіргі кезде маңызды деп санайтын бірнеше бағыт бойынша жұмыс істемек.

"Олар – ұлттық, зорлық-зомбылық, қоғамды демократияландыруға бағытталған заң жобаларын әзірлеу, белсенділердің құқығын қорғау мәселелері. Қазіргі уақытта тәуелсіз пікірталас алаңын құру қажет. Қазір диалог орнату маңызды болғандықтан, біз тіпті мемлекеттік алаңдармен де әріптестік орнатуға дайынбыз" деді "HAQ" азаматтық қоғалысының өкілі Тоғжан Қожалиева.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) төрағасы Ермұрат Бәпи өзі басқаратын ұйым коалиция мүшелерімен бірігіп жұмыс істеуге әзір екенін айтты.

- Коалиция - азаматтық топтасу. Бұл қоғамда өзгерістер болу үшін керек. Өзгерістер болу үшін классикалық жұмыс мәнері бар, ол - қоғаммен тығыз жұмыс істеу. Азаматтық қоғамның белсенді өкілдерін тарту. Сол арқылы біртұтас жалпыхалықтық, жалпықазақстандық, жақсы сөзбен айтқанда "майдан" құру. ЖСДП төрағасы ретінде барлық азаматтарды алда келе жатқан парламенттік сайлауға ЖСДП платформасын пайдаланып қатысуға шақырамын, - деді Бәпи.

Жаңа коалицияға біріккен белсенділер реформалар жобасын дайындап, мемлекеттен оның орындалуын талап етпек. Бұға қоса олар рұқсат етілген шерулер, қоғам үшін көкейкесті мәселелер бойынша референдум өткізу туралы бастама көтеріп, соттарға талап арыздар тапсыруды жоспарлап отырғандарын айтады. Сонымен бірге коалиция мүшелері келесі парламент сайлауына бақылаушылар дайындаумен айналыспақшы.

"Қазір біз сайлау заңына, конституцияға өзгертулер енгізу, қоршаған ортаны қорғау саласын және ішкі істер министрлігін реформалау туралы ұсыныстар әзірлеп жатырмыз. Сонымен бірге парламент сайлауына бақылаушылар жинап, дайындықтан өткізіп, оларға арналған арнайы қосымша шығарамыз. Аймақтарда мәслихат депутаттығына үміткерлерді таңдамақпыз" деді ішкі істер министрлігін реформалауды көздейтін азаматтық қозғалыстың өкілі Гүлшат Нұрпейісова.

Белсенділер "Қазақстанның азаматтық бастамалар коалициясы" қатарына кез келген азаматтық белсенді, қозғалыс я ұйым кіре алатынын айтты.

Қазақстан конституциясына сәйкес, елде кезекті парламент сайлауы 2021 жылы өтуі тиіс. Кей бақылаушылар парламент мәжілісіне сайлау мерзімінен бұрын өтуі тиіс деп болжайды. Өткен аптада биліктегі "Нұр Отан" партиясының төрағасы, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев парламент сайлауы мерзімінен бұрын өтпейді деп мәлімдеген. Заң бойынша, парламенттің кезекті немесе кезектен тыс сайлауын өткізу туралы шешімді Қазақстан президенті қабылдайды. Назарбаев биыл көктемде президенттік өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатқаннан кейін орнына Қасым-Жомарт Тоқаев келген.

9 маусымда өткен кезектен тыс президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша, Тоқаевқа сайлауға дауыс беруге қатысқан қазақстандықтардың 70 пайыздан астамы қолдау білдірген. Батыс бақылаушылары сайлау кезінде заңбұзушылық фактілері көп тіркеліп, үкіметке қарсы жаппай наразылық шеруіне шыққан азаматтардың жаппай ұсталғанын айтқан.

Қазақстанда соңғы жарты жылда наразылық акциялары жиілеп, оған қатысушылар билікке елде саяси, әлеуметтік және экономикалық реформалар жүргізуді талап еткен.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG