Accessibility links

Қытай елшісін қабылдаған Тоқаев Нұр-Сұлтан мен Пекин қатынасын сөз етті


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың (оң жақта) Қытай елшісі Чжан Сяоны Ақордада қабылдаған сәті. Нұр-Сұлтан, 28 тамыз 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың (оң жақта) Қытай елшісі Чжан Сяоны Ақордада қабылдаған сәті. Нұр-Сұлтан, 28 тамыз 2019 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай елшісі Чжан Сяоны қабылдады. Бұл туралы бүгін, 28 тамызда Ақорда хабарлады. Президент сайтының жазуынша, Тоқаев пен Чжан Сяо Нұр-Сұлтан мен Пекин арасындағы серіктестік пен Қазақстан президентінің Қытайға алғашқы мемлекеттік сапарына дайындық туралы сөйлескен.

9 тамызда Қазақстан президентінің 11-12 қыркүйекте ресми сапармен Қытайға баратыны хабарланған. Қытай елшісімен кездескен Тоқаев бұл сапарды "қазақ-қытай қатынасындағы маңызды оқиға" деп сипаттады. Президент сөзінше, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Пекин мен Нұр-Сұлтан арасында "халықаралық күн тәртібіне қатысты барлық мәселе бойынша ашық әрі сындарлы диалог орнаған". Ақорда Тоқаевтың Қытай елшісіне "осы дәстүрді жалғастыруға ниетті екенін" білдіргенін жазады.

Тоқаев Қытайға батыс елдері мен халықаралық ұйымдардың Пекинді Шыңжаңдағы ұйғырлар мен қазақтардың құқығын бұзды деп сынап жатқан сәтте бармақ. Нұр-Сұлтан Қытайдың Шыңжаңдағы саясатына қатысты бұған дейін нақты ресми мәлімдеме жасамаған.

Қытай - Қазақстанға ең көп инвестиция құятын - төртінші, ең көп қарыз беретін үшінші ел. Қытай Қазақстанды шикізат көзі, сауда нарығы және тразит аймағы ретінде пайдаланады. Былтыр Қытай Қазақстанға екі миллиард 62 миллион юань көлемінде кредит берген. 1990 жылдардан бері Қазақстан Пекиннен ұдайы қайтарылмайтын көмек пен несие алып келеді. Нұр-Сұлтанның Қытайға қарызы, ресми дерек бойынша, 12 миллиард доллардан асады.

Қазақстанда Пекин мен Нұр-Сұлтан серіктестігіне қарсы көңіл-күй бары түрлі наразылық акциялары кезінде байқалады. 18 тамызда нұр-сұлтандық азамат "55 зауыт Қытайға қайтарылсын!" деген жазуы бар плакат ұстап, Бəйтерек монументі жанында бір адамдық пикет өткізген. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев биыл сәуірде Қытай басылымдарына берген сұхбатында Қытайдың Қазақстандағы 55 ірі жобасының 15-і жұмысын бастағанын, 11 нысан биыл пайдалануға берілетінін айтқан.

Қазақстандықтар арасында Қытай "ықпалына" қарсылық барын халықаралық басылымдар да жазған. Америкалық National Interest журналы Қазақстанда Қытайға қарсы көңіл-күй Қытай "Бір белдеу – бір жол" жобасын таныстырғанға дейін әсіресе, 2010 жылы болғанын жазады. Содан бері "Бір белдеу – бір жол" жобасына байланысты қытайлардың еңбек миграциясы, қазақстандық ресурстар мен активтерге қытай азаматтарының иелік етуі сияқты мәселелер қоғамдық наразылық туғызып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG