Accessibility links

Тоқаев қыркүйекте Қытайға ресми сапармен бармақ


Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті 11-12 қыркүйекте ресми сапармен Қытайға барады. Бұл туралы 9 тамызда Ақорда сайты хабарлады.

Тоқаев Нұр-Сұлтанда Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышовты қабылдап, Пекинге ресми сапарын талқылаған. Бұл Тоқаевтың Қазақстан президенті ретінде Қытайға алғашқы ресми сапары болмақ. Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі саналады.

Қазақстанды соңғы отыз жылға жуық үздіксіз басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурыз айында президенттіктен кеткен соң орнына сол кезге дейін парламент сенатын басқарып келген Қасым-Жомарт Тоқаевты қойған. Кейін елде кезектен тыс президент сайлауы жарияланды.

Тоқаев 9 маусымда өткен президент сайлауында 70 пайыздан астам дауыспен жеңіске жеткен. Сайлау күні елде сайлауға билікке қарсы наразылық шарасы болып, полиция мыңдаған адамды ұстаған.

Батыс бақылаушылары сайлауда дауыстың әділ саналғанына кепілдік бермейтін заң бұзу оқиғалары көп болғанын, сонымен бірге үкіметке наразы азаматтар жаппай ұсталғанын айтып, сайлауды сынаған. Қазақстан бас прокуратурасы мен Орталық сайлау комиссиясы президент сайлауы барлық заң талаптарына сай өткенін мәлімдеген.

Ағылшын, қытай тілдерін меңгерген Тоқаев Совет одағы кезінде Пекиндегі елшілікте істеген. Кейін Совет одағы құлаған соң Қазақстан сыртқы істер министрлігінде, үкіметінде және парламентінде қызмет атқарды.

Тоқаев Қытайға батыс елдері мен халықаралық ұйымдардың Пекинді Шыңжаңдағы ұйғырлар мен қазақтардың құқығын бұзды деп сынап жатқан сәтте бармақ.

2017 жылы көктемінде Шыңжаң аймағындағы қазақтар мен ұйғырлардың қысым көріп, олардың кейбірі лагерьлер қамалып жатқаны айтыла бастаған. Қытай үкіметі басында саяси тәрбиелеу орталықтарының барын жоққа шығарып келді. Кейін Пекин Шыңжаңдағы саясатын "экстремизмге қарсы шара" деп атап, адамдар еркінен тыс отырған лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын " орталықтар деп түсіндірген еді. Құқық қорғаушылар мен лагерьде болған азаматтар мұндай орындардың кәсіпке баулу орталықтарынан гөрі түрмеге ұқсайтынын, онда қысым мен азаптау оқиғалары барын айтқан.

Қазақстан билігі Қытайдың Шыңжаңдағы саясатына қатысты нақты ресми мәлімдеме жасамаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG