Accessibility links

Сот "ҚДТ-ға қатысы бар" деп айыпталған Шевчук пен Жаукерованың қамау мерзімін ұзартты


Адвокат Ғалым Нұрпейісов сотқа кіре алмаған адамдардың сұрақтарына жауап беріп жатыр. Алматы, 29 тамыз 2019 жыл.
Адвокат Ғалым Нұрпейісов сотқа кіре алмаған адамдардың сұрақтарына жауап беріп жатыр. Алматы, 29 тамыз 2019 жыл.

29 тамызда Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық тергеу соты "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп күдікке ілінген көп балалы ана Оксана Шевчук пен Гүлзипа Жаукерованың қамау мерзімін 4 қазанға дейін ұзартты. Бұл ақпаратты Шевчук пен Жаукерованың адвокаты Ғалым Нұрпейісов сот отырысы біткеннен кейін хабарлады.

Азаттық тілшісінің айтуынша, екі әйелді қолдау үшін сотқа жиырма шақты адам барған. Бірақ оларды да, ақпарат құралдарын да кіргізбеді. Бұған наразылық білдірген жиналғандар "Бостандық!" деп айғайлап, ғимарат ішінде шу көтерді.

Сот біткен соң жиналған жұрттың сұрақтарына жауап берген Ғалым Нұрпейісов "прокурор екі іс бойынша да сараптама жалғасып жатқандықтан қамау мерзімін ұзарту қажеттігін" алға тартқанын, соттың өтінішті қанағаттандырғанын жеткізді.

Шілде айының басында Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық тергеу соты төрт баланың анасы (ең кішісі тоғыз айлық), 30 жастағы Оксана Шевчук пен Гүлзипа Жаукерованы үйқамақтан абақтыға ауыстырған еді. Ол кезде тергеушілер олардың "үйқамақ шарттарын бұзғанын" айтып, сотқа шағымданған. Ал олардың қорғаушылары сот отырысы кезінде күдіктілердің балалары қараусыз қалатынын ескеруді сұраған еді. Сот тергеуші өтініштерін қанағаттандырды.

Оқи отырыңыз: Билікті сынаған үш белсендіні үйқамақтан абақтыға ауыстырды

Оскана Шевчук пен Гүлзипа Жаукерова соңғы бірнеше айда Алматыда болған наразылық шаралары кезінде ұсталып, әкімшілік жазаға тартылған. Тергеу орындары олардың Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынаушы, қазір шетелде тұратын қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов негізін қалаған, Қазақстан соты тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына қатысы бар деп күдіктенеді. Ал күдіктілер бұл қозғалысқа мүше емес екенін, бірақ қозғалыстың бағдарламасындағы кейбір тұстар ұнайтынын жеткізген.

Бұған дейін бірнеше рет елде қамауда отырған көп балалы аналарды қолдау акциялары өткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG